«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсілге сүйеніп, қойнауы құтты даланың қоңыр аңына ие бола алмағанымызды ауа райының қолайсыздығына ысырып келдік. Негізгі гәп қыстың қысымында емес, екі аяқтылардың қытымырлығында еді. Табиғат-ананың тыныштығын тікұшақтың дырылымен, оптикалық мылтықтың тырсылымен бұза берсек, құба жонға құлжа қайтіп тұрақтасын? Содан шығар, «Арқада алты арқар бар, қырқада қырық арқар бар» деп жүргеніміз.
Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабында» арқарлар «жойылып кету қаупіне жақын» санатында тұр. Ал еліміздің аумағында кездесетін арқардың барлық түрі еліміздің «Қызыл кітабына» әртүрлі санат бойынша енгізілген. Кезінде қазақ даласында мың-мыңдап еркін жайылған жануардың азайып кетуіне табиғи жауы саналатын жабайы жыртқыштардан гөрі, адамдардың әсері зор болған. Экологиялық апат, заңсыз аңшылық және ауыл шаруашылығының дамуы тау тағыларының өрісін тарылтып, популяциясының азаюына әкеліп соқты.
Арқарлар Азияның 11 елінде кездеседі. Оның 10 түрі бар десек, бесеуі – Қазақстан арқары, Алтай арқары, Қаратау арқары, Тянь-Шань арқары, Үстірт арқары қатарлы негізгі түрлері қазақ жерін мекендейді. «Қызылқұм арқары» деп аталатын алтыншы түрше ел аумағынан ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен деген болжам бар. Негізінен Өзбекстан жеріне ауып кеткен дейді мамандар. Қазір сонда ерекше қорғалатын аумақтарда сақталып отыр. Бізге қарай кейде шекарадан өтіп, келіп-кетіп жүретін көрінеді.
Елімізде былтырғы қазан-қараша айларында жүргізілген арқар санағына көз жүгіртсек, көңіл көншітерлік жаңалық көп болған. Мәселен, азайып бара жатқан Қаратау арқары (+15%) мен Үстірт арқарының (+18%) саны артқанын көрген эколог мамандар бөркін аспанға лақтырған еді. Бөркіміз әлі аспаннан түскен жоқ. Өйткені биыл да сол межеден артпаса, кеміген жоқ.
Биыл Түркістан облысында басталған арқар санағы сәтті аяқталды. «Жота мен шоқылардың сәніне айналған мүйізді жануар өте сақ болғандықтан, оған жақындау қиын», дейді инспекторлар. Расында, арқарды тікұшақтан санау да – оңай шаруа емес. Жануарлар үркіп, жан-жаққа бытырай қашқанда, кейде ұшқыштарға тәуекелге бел буып, жоталарды бөктерлей ұшу керек екен. Кейде арқар үйірі үрікпей, жартастың қалқасында, көлеңкелі тұстарда ұйлығып тұрып қалатын көрінеді. Ондай сәттерде тікұшақтың амалсыз сол маңға бірнеше мәрте шүйлігуіне тура келеді. Бір санаған арқар қайта есепке ілініп кетпес үшін үйірлерді бөлшектеп тастайтын кездер де болып тұрады дейді мамандар. Мұның бәрі – санақтың мейлінше дәл шығуы үшін істелінетін амалдар. Әйтпесе әлі төлдемеген буаз жануарды айдың-күннің аманында қуалап, тыныштығын бұзу да – қиын іс.
– Биыл 20 наурыздан бастап Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Абай, ШҚО, Жетісу облыстары аумағында арқардың көктемгі әуе санағы мен мониторинг жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысына 50 сағат, Павлодар облысына 15 сағат бөлінді. Санақтың өтуі ауа райына байланысты болады, – деді «Охотзоопром ӨБ» бөлім маманы Алмас Дәулетбаев.
Ал арқар үйірінің көбі мекендейтін Қарағанды облысындағы санақ әлі жалғасып жатыр. 10 күнге жуық, тәулігіне 9 сағаттан тікұшақпен тау, жота, қыраттарда жүрген аша тұяқтылардың санын есептеп жатқан мамандар оларға қатал табиғат пен қоршаған ортадан келер қауіп аз емес екенін айтады.
– Арқарлардың екі жауы бар. Бірі – жабайы жыртқыш аңдар, екіншісі – табиғат қаскөйлері. Оларды қорғап, санын көбейтуіміз керек. Бұл – еліміздің эндемик жануары. Санақтың алғашқы күні Қарқаралыда 300-ден астам арқар тіркелді. Тау жоталарында арқар көп. Әлі есептейміз. Бұйырса, санына жетеміз, – дейді мемлекеттік инспектор Фархат Нұрлыханұлы.
2023 жылы тек Қарқаралы тауларын мекен еткен 2 800 арқар тіркелген. Кейінгі жылдарда еліміздегі жалпы иір мүйізділердің саны шамамен 15-20 пайызға артқан дейді мамандар.
Елдің орталығындағы арқарлар негізінен Қарағанды облысының Қарқаралы, Бұқар жырау, Осакаров, Ақтоғай, Шет аудандарын мекендейді. Оларды авиациялық санау мен жалпы санына мониторинг жасау 10 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келелі. Мәселен, 2020 жылы Қарағанды облысын мекен еткен арқар саны 7 376 басқа жеткен. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, иір мүйізділер өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы – 7 275 бас, 2018 жылы – 7 184, ал 2017 жылы 6 968 бас болған. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын Қарағандыдағы хайуанаттар бағына Беларусь елінен арқардың «муфлон» деп аталатын тұқымынан бір жарым жастағы екеуі әкелінген дейді зообақ мамандары. Бұл тұқым бізде бұрын-соңды болмаған көрінеді. Біреуінің құны – шамамен 700 мың теңге. Оларға Аладдин, Жасмин деген ат қойыпты. Бір қызығы, олар «атақонысы» Арқаға бірден жерсініп кеткен екен.
Елімізде арқарлардың әуе санағы сәуір, мамыр айларында жүргізіліп бітеді. Егер санақ Қарағанды өңірінде 4-5 күнде сәтті аяқталса, келесі кезекте Жамбыл, Абай облыстарында жалғасады. Айта кетейік, «Қызыл кітапқа» енген түз тағысын атқан адам 5 миллионнан 16 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалап қана қоймай, тіпті бұл әрекеті үшін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Заңның бұлай күшеюі мен мамандардың жіті бақылауының нәтижесінде Арқаға арқар қайта оралды. Алайда саны өсті екен деп кешегі киіктің тазкепешін кимеуге тиіс.
Қорыта айтқанда, кезінде Арқадан жаппай ауған арқар да ертеде қазақ даласында еркін жосып жүрген жабайы түйе, жабайы сиыр (тур), солтүстік бұғысы, жабайы жылқы (тарпаң, құлан), тұран жолбарысы тәрізді түз тағыларының кебін киіп кетпесе екен дейміз.