• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2024

Қызылордада жыл сайын 2 млрд текше метр су жоғалады - сенатор

97 рет
көрсетілді

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Сырдария су объектілерін республикалық меншікке беру қажеттігін алға тартқан еді. Бұл мәселені қайта қозғаған сенатор Руслан Рүстемов Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты. Суармалы каналдардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған, бұл суармалы судың жоғалуына әкеледі. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті өте төмен. Ирригациялық жүйелер әр түрлі органдарға бекітілгендіктен басқару жүйесі бұзылған. Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты, өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады, бұл еліміздегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы», деді Сенат депутаты.

Депутат облыс аумағындағы ішкі шаруашылық каналдар «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасына енгізілгенін атап өтіп, Сырдарияның су объектілерін беру процесі 2016 жылы іске қосылуы тиіс екенін айтты. Алайда, бүгінгі күнге дейін су объектілері республикалық меншікке әлі қабылданбаған.

Сенатор осыған байланысты Премьер-министрден ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиорациялық жағдайды жақсарту және Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін осы объектілерді республикалық меншікке қабылдауға жәрдемдесуді сұрады.