Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі орналасқан Баянауылдағы Ескелді алқабы – еліміздегі ең ғажайып мекеннің бірі. Ақынның мемориалдық мұражайы, Сарыбұлақтағы қыстау-үйі де туристерді магнитше тартып тұратын орындар. Жұртшылық ең әуелі Мәшһүр Жүсіпті қазақ даласының тарихы мен шежіресін зерттеуші емес, қасиет иесі деп таниды. Мұны ғұламаның басына тәу етіп келетіндердің қысы-жазы бір үзілмейтінінен байқауға болар.
«Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын.
Дегенмен ол ақын болғанымен Құдайға жақын.
Сондықтан Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой», деп Абай Құнанбайұлы баға беріп кеткен Мәшһүр Жүсіп Көпеев – ғалым, тарихшы, этнограф, философ қана емес, өзі өмір сүрген дәуірдің ұлы ойшылы.
Ескелді мекені Екібастұз қаласынан небәрі 80 шақырым жерде орналасқан. Кесенеге дейін асфальт жол, қиындық көрмей жетуге болады. Жолай Қоянды, Бесқауға ауылдық округтерін басып өтіп, Баянауылдың таулы-төбешікті аймағына ене түскеніңізді байқар едіңіз. Кесене орналасқан аумақтың үнемі тап-тұйнақтай таза, келімді-кетімді адамдарға ыңғайлы жағдайлар жасалғанын атап өткен абзал.
Кесене басында бір ұртынан әзілі, бір ұртынан Мәшһүр атасы туралы тарих ақтарылып жататын Әсет Пазылов қашан барсаң да жымия қарсы алатын жылы жүзді жан. Әсет Қажымұқанұлы – Мәшһүр Жүсіп атаның шөбересі, қазіргі кесенесінің шырақшысы әрі мемориалдық музей басшысы.
Біз барғанда күннің салқындығынан ба, кесенеге келіп жатқандардың қатары сирек көрінді. Соны пайдаланып, шырақшыдан ғұламаның ғұмырына қатысты кеңінен әңгімелеп беруді сұрадық.
Мәшһүр Жүсіп әкесі Көпейдің (шын аты Көпжасар) 42 жасында, анасы Ұлбала Танашқызының 18 жасында, Баянауылдағы Әулиелі Қызылтаудың Ашамай тасы деген жерде 1858 жылы дүниеге келеді. Туғанда азан шақырып қойған есімі – Адам Жүсіп. 1861 жылы Көпейдің малы жұтқа ұшырап, ақ сирақ болып шығады. Сонда әкесі: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас» деп, Адам Жүсіпті оқуға берген екен. Бұл жайында ақынның: «Бес жаста «бісміллә» деп жаздым хатты, Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты» дейтіні бар. Алғаш Нәжмеддин молдадан сауат ашса, одан соң Қамариддин хазірет пен Төртуыл, Дүржанбай халфелердің, Қожан сопы мен Бибі молданың алдын көрген. Қамариддин хазіреттің медресесі бала Мәшһүрге ғылымның көп саласын меңгерткен. Бір ғана дін сабағы емес, араб, парсы, шағатай тілдеріндегі кітаптарды оқуын қатты қадағалап отырса керек. Әрі олардың мазмұнын тәптіштеп түсіндірген. Осылайша, тумысынан қағілез шәкірт бір жылда-ақ хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-сегіз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын, дастандарды жатқа айтып, елдің көзіне түсе бастаған шақта ауылына келген Мұса Шорманұлы тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халыққа мәшһүр болатын бала екен» деп лепес қылуымен Мәшһүр Жүсіп атанады. Ал медресені тауысқан соң Ақкөл-Жайылма жеріндегі Исабек ишаннан «хасыда» оқуын үйренген.
«1872-1874 жылдары ақын Бұхарадағы Көкілташ медресесінде білім алып, араб, парсы, түркі тілдерін және тіл ғылымы, логика, анатомия, жаратылыстану, табиғаттану ғылымдарын, Шығыс, Батыс, әлемдік өркениеттерді жан-жақты меңгере бастайды. Кейін елге оралған соң Түркістан, Ташкент, Бұхара, Самарқанд қалаларына бірнеше мәрте сапар шегіп, білімін жетілдірген. Негізі Мәшһүр атамыз бір кіндіктен үш ағайынды. Бірақ бауыры мен қарындасы (Хасен, Әмина) оның жас кезінде қайтыс болыпты. Әкесі Көпей 73 жасында дүние салған ғой. Ал ақынның жұбайы Рабиға үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, 1915 жылы Ақкелін болысына қарасты Айдос ауылында өмірден өткен. Үлкен ұлы Мұхаммед-Шарапиден 1936 жылы, әке қазасынан бес жыл өткен соң қайтыс болса, ортаншы ұлы Мұхаммед Әмен 33 жасында өмірден озған. Кенже ұлы Мұхаммед Фазыл ұзақ жыл мұғалім болып, еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталған», деп әңгімеледі Ә.Пазылов.
Мәшһүр Жүсіп жазбаларында фольклордың барлық жанрлары қамтылған. Академик Әлкей Марғұлан жазып кеткендей, небәрі 7 жасында Сақау ақынның айтуынша, «Ер Олжабай батыр» жырын хатқа түсірген. Жинақтаған фольклорлық үлгілердің ұзын саны 30-40 шақтысы топталған. «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Ер Сайын», «Нәрік ұлы Шора батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Алтынбас-Күмісаяқ», «Киік», «Бозторғай» т.б. жыр-эпостарды жинақтап қана қоймай, Бұқар жырау, Мәделі қожа, Сақау ақын, Ақан сері, Шернияз, қоңырат Сапақ датқа ақын, үйсін Үмсін қыз, Заман қожа, Тоғжан, Қалдыбай қожа, Шөже ақын, арғын Қамбар Жанақ, найман Сабырбай, найман Түбек, т.б. ақындардың шығармаларын, түрлі ертегі-аңыздарды, ақындар айтысының үлгілерін қағазға түсірген. Бұл еңбектерінің біразын 1889-1900 жылдары «Дала уалаяты» газетінде жариялап тұрғаны да белгілі.
Шөбересінің айтуынша, жалпы атасының шығармалары ескі қадым жазуынан аударылып басылса, шамамен 30 томдай болып қалуы керек. Оның үш томы – ақынның өз туындылары. Қазақтың тарихы, философиясы, этнографиясы, педагогикасы мен тұрмыс-шаруашылығы туралы жазылған мұраларының өзі алты томнан асады.
«Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде үш бірдей кітабын, атап айтқанда «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» еңбектерін 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасынан шығартқаны белгілі. Бұл кітаптарды аса мұқият оқып байқаған адам ондағы өлеңдерден сол кезде ақынның Ресейдегі саяси жағдайдан белгілі бір дәрежеде хабардар болғанын аңғарар еді. Ресеймен қосылудың артық һәм кемшіліктерін де ашық жазып, патшаның отаршылдық саясатына қарсы пікірлер айтылады. Бұл жазғандары үшін қудалауға ұшырап, біраз жыл Бұхара, Ташкент жаққа кетуге мәжбүр болады. Ол жақта төрт жыл жүріп оралғанда ел жағдайының әлі де дұрыс болмайтынын түсініп, Еділ, Жайық бойына сапар шегеді. Атамыздың елден асқан зерттеушілік қасиетін қазіргі ғалымдар мойындап отыр. Жинаған материалдары негізі үш қайнарда кездеседі. Біріншісі, өзінің жазбалары, оның басым бөлігі кезінде жоғалып кеткен. Біздің заманымызға жеткендерінің біраз бөлігі «Қара мес» деген топтама түрінде жарық көріп, қазіргі Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы тұр. Екіншісі, туған жиені Жолмұрат Жүсіпұлының жазбалары. Ал соңғысы, кенже ұлы Мұхаммед Пазылдың жазбалары. Жолмұрат пен Пазыл бұлардың біразын Мәшекеңнің жазбаларынан көшірсе, енді бір бөлігін ел аузынан жинаған. Кезінде атамыздың өзі: «Бәрі бірдей тойшы не қойшы бола бермейді. Кіші балам Пазылға кенжелігі де жетеді. Заманы алда, моншақ тас жерде қалмас» деп болжап кеткен», деп әңгімеледі ақынның шөпшегі, мұражайдың экскурсоводы Мәдина Пазылова.
Мәшһүр Жүсіп ер аралап жүріп, шамамен 20-жылдары Баянауылдың Сарыбұлақ деген жеріне қоныс аударады. Сол жерге үй салып, құдық қаздырған. Әлгі мекеннің бұрынғы иесі атағы елден асқан оқымыстының Сарыбұлақты таңдап келгеніне қуана келісіп, ел-жұртына: «Бұл жердің иесі келді» деп айтқан деседі. Содан бұл аумақ «Ескелді», яғни иесі келді деп аталып кеткен.
Ғұлама көзі тірісінде ұрпақтарына: «73-ке келгенше балталасаң да өлмеймін, 73-ке келген соң байлап қойсаң тұрмаймын» деп, жыл бұрын зиратын салғызып, жұртты жинап жаназасын шығартып, келіндеріне жоқтау айтқызғаны тағы белгілі. Болашақ «Жатар орнын» үлкен келіні Ақ Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады екен. Алғашқыда қазылған топырақ арасынан бүйірі тесілген рауан тастар шыға беріпті. Мәшекең көңілі толмай, «мұның бас жағынан Самарқандағыдай көк тас шығуы керек, тереңдетіп қаза бер» деп бұйырыпты. Күндердің бір күнінде Дұсжан бірыңғай қиыршық тас астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Мұны Мәшекеңе хабарлағанда, ол: «Менің де күткенім сол болса керек, тұтас қазып ал да, жоғарыға шығар», деп дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасқа аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Сол тастың бір бөлігі әлі күнге мұражайда сақталып тұр.
Жалпы, ғұламаның алғашқы бейіті 2 бөлмелі үй түрінде салынып, төргі үйінде шкаф тұрыпты. Онда араб-парсы тілінде жазылған 60 кітап жиюлы тұрған. Шкафтың үстінен тірі күнінде қолданған ертоқым орын алыпты. Осы төргі үйдің астын тереңдігі 2 метр, ұзындығы да сондай өлшемде қаздырған екен. Мәшһүр Жүсіптің денесі осы айтылған жерде жатыпты. Тірісінде өзінің жаназасын шығартып, жетісін, қырқын беріп кеткен әулие: «Мен өлгеннен кейін қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айларында ақіретімді айырбастап отырыңдар. Сонда көздерің жетеді. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беріп, жаназа намазымды оқытпақ түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер», деп ашаршылықты күні бұрын болжаған екен.
Кейін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мазары үш мәрте бұзылып, үш мәрте қайта көтерілген. 1952 жылы коммунистер атаның басында тұрған мазарды талқандап, бұзып тастайды. 1956 жылы Дихан Әбілев Баянауылға келіп, мазар жайында «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала береді. Сол мақаладан кейін Мұхаммед Фазыл мен кіші келіні Нүрилә ауданнан ақынның басын көтеруге рұқсат сұрайды. Басшылар, үй емес, төртқұлақты зират саласыңдар деп қоймаған екен. Дейтұрғанмен Нүриләнің өжеттілігінің арқасында мазар бұрынғыдай үй болып қайта тұрғызылады. Кейінірек ол үй ескіріп, іргесі сөгіле бастаған соң Нүрилә келіні тағы бас болып, 1978 жылы ақ кірпіштен мазар қалатады. Бұл мазар 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жаңа үлгіде бой көтерген кесенеге дейін сақталып келді. Кесененің ашылуымен бірге Ескелдіге туристер ағыны айтарлықтай артты. Бүгінде ғұламаның басына көп адамдар тілек тілеп барады.
Ақынның мұражайы жайында да бірер сөз қоса кетсек. Мұражай ақынның немересі Төлеубай Шарапиев пен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Нағи Ахметовтің қолға алуымен 1977 жылы Баянауылдың Жаңажол (қазіргі Мәшһүр Жүсіп) ауылындағы мектеп ішінен ашылған. Арада 4 жыл өткен соң ол ауылдық мәдениет үйінің ішіне көшірілген. 1981 жылы мұражайға «Халық музейі» деген мәртебелі атақ берілген. Бір жылы Ескелдіге арнайы келген Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков Мәшһүр Жүсіпке Шығыс үлгісінде жаңа мұражай салынатынын жеткізеді. Алайда біраз жылдан соң одақ ыдырап, Ө.Жәнібеков ұсынған мұражай үлгісі мен кесене жобасы архивке жөнелтіледі. Тек 1993 жылы мекемеге жеке ғимарат берілді. Ол ұзақ жылдар жұмыс істеп, 2016 жылы кесене жанынан заманға сай қонақүй ашылғанда, соның бірінші қабатына көшірілді. Ал 2019 жылы Ескелдіде жаңа ғимарат салынып берілді.
Мемориалдық мұражайда ақын көзі тірісінде тұтынған заттар мен бұйымдар баршылық. Жәдігерлердің көбі ғұмырнамасы мен шығармашылығына арналған. Ғұламаның үкілі тақиясы мен жез самаурыны, жез шәйнегі мен жез легені, ас ішкен үлкен дөңгелек қоңыр түсті ағаш табағы, көзілдірігі, қара түсті ақша салатын әмияны, қалта сағаты, қызыл түсті гүлдермен әшекейленген сорпа, қымыз ішетін кесесі, ақ гүлдермен әшекейленген көк түсті шай кесесі, қолданған қасығы сияқты жеке заттары қойылған. Ал сонау төрде XIX ғасырдың басында Орталық Азия мәнерінде қолдан тоқылған, қазақи оюлармен өрілген, бірнеше түспен безендірілген кілем тұр. Ғұламаны жерлегенде денесін осы кілеммен орап шығарған екен. Мәшһүр Жүсіптің сандық түбінде сақталып келген көне кенеп шалбары, ер тоқымы, әкесі Көпейден қалған көк құраны, сапарлай қалса жанынан тастамаған ала қоржыны, атасынан қалған алмас қылыш, шақшасы мен кісе белбеу, тағы да басқа заттары көрген жанды қызықтырмай қоймайды. Ала қоржынынан тірісінде қолжазбалары мен кітаптары үзілмеген көрінеді.
Павлодар облысы