Бұл әңгіме шыққалы бері сарапшылар арасындағы әңгіме қазақтың екі биржасының арасындағы түйісу нүктелеріне, біріктірілгеннен кейінгі жағдайларының қалай болатынына бағытталған болатын. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өткен апта соңында журналистермен кездескен кезде AIX және KASE биржалары келесі жылға дейін біріктірілетінін айтты, деп жазады Egemen.kz.
Тәуелсіз сарапшылар бізге экономиканың эмитент пен инвестор қызметтердің толық спектрін алатын бір нақты платформа болуы керектігін, біздің ел екі биржа ұстайтындай деңгейге жетпегенін жиі айтатын.
ҰБ төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысы биржаларды біріктіруді емес, биржалардың әлеуетін біріктіруді тапсырды. Бұл әртүрлі сұрақтар, өйткені биржалардың бірігуі бір заңды тұлғаның құрылуын білдіреді.
«Наурыз айының соңына дейін шешімді әзірлеу тапсырылды. Бұл шешімді біз, яғни Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және АХҚО әзірледік», деді Тимур Сүлейменов.
Ол бұл шешім қазір Президент әкімшілігінің қарауында екенін атап өтті. Оны мақұлдаған соң Ұлттық банк оны жариялап, жүзеге асыруға кірісе алады. Жоспарға сәйкес, келесі жылға дейін биржалар бірлесіп әрекет ете бастайды.
Ұлттық банк басшысы көптеген елдерде бағалы қағаздар нарығы экономиканы қаржыландырудың маңызды жолдарының бірі болып табылатынын қосты. Дегенмен, бүгінде Қазақстан экономикасын тек банктер қаржыландырады. Оның ойынша, қор нарығын дамытпай, жалпы экономиканың дамуы туралы ойлау қиын болады.
Сондықтан Ұлттық банк биржалық инфрақұрылым мүмкіндігінше жақын болуы керек, ал өтімділік біркелкі болуы керек, осылайша кез келген құрал екі платформада да қолжетімді болуы керек деп есептейді. Ұлттық банктің Президент әкімшілігіне жолдаған шешімінің мәні де осы.
AIX пен KASE біріктіру схемасы 2024 жылдың наурыз айында ұсынылатыны бұрын хабарланған болатын. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE базасында біріктіру керек деген ойға басымдық береді. Оның айтуынша, мұнда негізгі өтімділік шоғырланған, оған қоса ол – жеке платформа. Өтімділік әлі де Алматыда жоғары.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйену қажет екенін айтады. Ал тәуелсіз сарапшылар болса, қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік деген ойға басымдық береді.
Қазақстан қор биржасының құрылғанына биыл – 31 жыл. 1993 жылдың 17 қарашасында шетел валютасының сауда-саттығын ұйымдастыру үшін отандық банкаралық валюталық биржасы құрылып, бірнеше жылдан кейін оның атауы Қазақстан қор биржасы деп өзгертілген. Құрылған сәттен бастап KASE – Қазақстандағы қор және валюталық нарықтарға қызмет көрсететін, қаржы нарығының ажырамас инфрақұрылымы болып табылатын және отандық экономикада маңызды орын алатын биржа.
Ал AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ – AIX акционері. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді.