Су патшасы Сүлейменнiң алты қырлы сақинасының бетiнде «Бәрi өткiншi» деген жазуы бар екен. Қиналғанда сол жазуға қарап сабырға келетін көрінеді. Бiрде қатты күйзелген сәтінде сақинасын саусағынан жұлып алып, лақтырыпты. Кенет дөңгелеп бара жатқан сақинасының келесі қырындағы жазуға көзі түседі, онда «бұл да өтеді» деп жазылған екен...
(Аңыз-әпсанадан)
Гүлдейтін шақта бақ басы,
Жарылды сордың соқтасы...
Қамырша илеп барады,
Көрінбей қалды ат басы,
Бағусыз қалды бақташы.
Қаймана жұрттың қақпасын,
Қақпашы судың патшасы!
Ернеуің кенет керілді,
Бүктірдің бекем белімді.
Сұрауы барын ұқтырдың,
Суменен буып жерімді.
Етектен неге кештірдің,
Бейнеті қалың елімді?
Патшасы судың — Сүлеймен,
Көңілің неден жерінді?
Нуыңды кеткен балталап,
Суыңды еткен нанталап,
Мұраптан көңілің қалды ма?
От-жалынға орап орманды,
Ат жалы бөлген бар малды,
Адамнан көңілің қалды ма?
Ботадай көзді, сүйікті,
Қынадай қырған киікті,
Қос аяқты, иықты,
Аңдардан көңілің қалды ма?
Қан қақсатқан елімді,
Теңіне беріп телімді,
Саудаға салған жерімді,
Жемірден көңілің қалды ма?
Барымталаған тілімді,
Арын талаған діліңді,
Арамзалаған дініңді,
Дүмшеден көңілің қалды ма?
Тарамда, тарам, тарамда,
Көрмегенімнің бәрі алда.
Сынақ қой бұл да адамға,
Кешіргін, Құдай, Жасаған!
Үйірсек болдық жаманға.
Тілазар болған балаңды...
Асқынып кеткен санаңды,
Аластап сумен алам ба?
Аруана бауыр дүние,
Шайқалып кетті шарамда.
Суыңды баста, Сүлеймен,
Арнасай дейтін арнаға,
Арнасы қашқан Аралға!
Аяқтың асты жар ма екен,
Таяқтың басы тал ма екен,
Қазаным қалқып барады,
Астында оты бар ма екен?
Шілдеде, қазан, ақпанда,
Арманымды айттым ақ таңға!
Омалып қалай отырам?
«Отаным жылап жатқанда...»
Алладан медет тілеймін,
Бабама барып түнеймін.
«Бұл да өтер...»
Әлі-ақ түлеймін!
Сабыр бере гөр халыққа
... Сақинаң қайда, Сүлеймен?
Халқымның соры қалың-ақ…
Қалмасын сәби аңырап,
Ақпасын суда төрт түлік,
Ақпасын суда шаңырақ!
Әумин!
Жанарбек ӘШІМЖАН,
ақын