• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Сәуір, 2024

Екі ауысымдық қауырт жұмыс

145 рет
көрсетілді

Батыс пен оңтүстік өңірлерден бастау алған су тасқыны қатері елдің солтүстігіне де жылжып келеді. Таяу күндері елорданың маңындағы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында да төтенше жағдай қаупі туындады. Айта кетейік, аталған елді мекен Астанадан 26 шақырым жерде.

Тасқынның алдын алу мақсатында Ұлттық ұлан 6636 әскери бөлімінің 140 әскери қызметшісі және 6 техникасы еріктілермен бірге жұмыстар жүргізіп жатыр. Бөлім командирінің орынбасары, подполковник Талғат Қырықбаевтың айтуынша, ұландықтар еліміздің барлық аймағында қиындыққа тап болған халыққа көмегін аяп жатқан жоқ. Жібек жолы ауы­лын қорғау мақсатында да алғашқылардың бірі болып көмекке аттанып отыр.

– Біз тек Жібек жолы ауы­лымен шектеліп отырған жоқпыз. Елордаға жақын орналасқан Талапкер ауылында да  әскери бөлімнің 140-қа жуық әскери қызметшісі су тасқынының алдын алу шаралары жөніндегі жұмыстарды екі ауысыммен жүргізіп жатыр. Ұлттық ұлан әрдайым халықпен бірге! – деді ол.

Жеке құрам Жібек жолы ауылындағы Қарасу көше­сінде орналасқан мектептің спорт залына орналасып, тамақ­тандыруды да ұйым­дас­тырған. Ержан атты ауыл тұрғыны Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне тұр­ғын­дардың атынан алғысын жеткізді.

– 6636 әскери бөлімнің басшылығы мен сарбаздарына алғыс айтамын. Су басу қаупі біздің жерімізге де келді. Дегенмен сарбаздар қолдарынан келген көмектерін жасап жатыр. «Күшіміз – бірлікте!» деген ұранды жалау еткен әскерімізге рақмет. Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, аман-есен отбасыларына оралсын деген тілегімді айтамын. Еліміздің аспаны ашық болсын, осындай сәтте ауызбіршілігіміз бен бір-бірімізге деген қам­қор­лығымызды көр­се­туі­міз қажет, – деді ауыл тұрғыны.