Сенат депутаты Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданында Бескөл, Тепличное, Мичурино ауылдарының, сондай-ақ Петропавл қаласындағы Кожевенный, Заречное, Подгорное шағын аудандарында эвакуацияланған тұрғындармен кездесті, деп жазады Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, эвакуацияланған тұрғындар тасқын салдарынан келген залал үшін өтемақы қашан және қалай алатыны туралы мәселені көтеріп отыр.
«Зардап шеккендерге 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде біржолғы төлемдер төленетін болады. Бұл мақсатқа 85 млн теңге бөлінді. Қазір біз қоғам белсенділері мен тұрғындардың келген зиянды анықтау жөніндегі комиссияның жұмысына қатысуы туралы ұсыныстар алып отырмыз. Біз, әрине, ауылдар мен кенттердің белсенді тұрғындарын осы комиссияларға міндетті түрде қосуды өтінеміз», деді сенатор.
Депутат бұдан әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өтелетін залалды есептеу жүргізілетінін атап өтті.