Бұл – Тамил Надудағы Мадрас университетінде түнде оқитын үнді студенті. 1905 жыл. Студенттер түнде сабақ оқып отырғанда ұйықтап қалмас үшін шашын қабырғадағы шегеге байлап қоятын болған. Жалпы, бұл дәстүрлі әдіс екен. Қытай халқы оны екі мың жыл бойы қолданып келеді. Бұл әдіс туралы ең алғаш I ғасырда Хань шежіре кітабында жазылған.
Әлемде талай қызық бар деген осы емес пе? Әйтпесе қалғып-мүлгіп отырған адамның миына оқу кіре ме деуіңіз мүмкін.
Иә, аталған қызықты әдістің түпкі әрі жанама мағынасы – өзіңді отырғызу. Яғни сол іске уақытыңды арнау, жан-тәніңмен, санаңмен берілу, еңбек ету, қажыр-қайратыңды жұмсау. Өмірде бір анық ереже болса, ол – бәрі еңбекпен келеді. Кез келген іске барыңды салмасаң, үлкен нәтижеге жету қиын. Десек те күндіз-түні жазумен отырып, том-том еңбек қалдырса да бір де бір марапат, атағы жоқ елеусіз тұлғалар бар. Әділетсіздік деген де өмірдің бір анық ережесі болып тұрғаны ғой. Бұл енді бөлек әңгіме.
Жалпы, шығармашылық адамдарына жалқаулық ортақ. Қаншама талантты жандар жазу үстеліне көп отырмағандығының кесірінен кең сарынды дүниелер жаза алмай кетті. Қазақ әдебиетінде де мысалы жетерлік. Қарапайым өзімізде де мақала жазуға ерінетін, бастаған дүниені аяғына жеткенше созып, компьютерге жүз отырып, жүз тұратын кездер болады. Осындайда шашын байлап қойып, жазу үстелінен тырп етіп тұра алмайтын әлгі әдістің игілігін еріксіз мойындайсың. Осы орайда бір ғалымның: «Жазу үшін жамбас керек» дегені есіме түсіп отыр.