• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Субсидия 16 Сәуір, 2024

Сұғанақ шаруа субсидияға құмар

106 рет
көрсетілді

Мамыражай көктем мезгілі келісімен шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына белсене кірісетіні белгілі. Алайда аграрлы өңір саналатын Жамбыл облысы бойынша өзекті мәселелер аз емес секілді. Бұған көктемнің алғашқы айының аяқ тұсында тағы бір көз жеткізгендей болдық.

Алдымен Үкімет отырысын­да өңірдегі өткір мәселелер ай­тылды. Өңір басшысы Ер­бол Қарашөкеев саладағы мәлі­мет­терде сәйкессіздік байқал­ға­нын ашып айтып, жауапты саланың 2024-2028 жыл­дарға арналған индикаторларды қайта қарауын сұрады.

«Ауыл шаруашылығы сала­сындағы деректерді нөлге кел­тіру туралы тапсырмаға сәй­кес, арнайы жұмыс топтары құрылып, өткен жылы игерілген жалпы егістік көлемі және су үнемдеу технологияларын пай­далану алаңдары бойынша сәй­кессіздіктер анықталып, қазір қайта түзету жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Өңірде 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 620 мың гектар шамасында орналастырылғаны, су үнемдеу технологияларын қолданған егіс алаңдарының нақты көлемі 40 мың гектар болғаны анықтал­ды. Нақты егіліп келе жатқан алқапты есепке алып, сондай-ақ қосымша мүмкіндіктерді ескере отырып, биыл облыс­та 644,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы статистикалық дерекпен салыстырғанда 118 мың гектарға кеміп отыр», дейді өңір басшысы.

Мәселе өңірлік деңгейде де қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тама­бек те өткір проблеманы жан-жақты жайып салған болатын. Жалпы, жалған ақпарат беру кімге керек? Осы жағы түсініксіз. Биылғы көктемгі дала жұмыстары қызатын кез де келді. Жоспар айқын секілді. Облыс әкімі 644,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы да­қыл­дары егілетінін айтып отыр.

Соңғы уақытта облыс әкімі­нің орынбасары Әбілхайыр Та­ма­бектің диқандарға қатысты айт­қан пікірі әлеуметтік желі арқылы тарап, «хит» болып кетті.

«Жамбыл облысы 770 мың гектар егістік алқап пайдаланылады деп өзім еңбек еткен Ауыл шаруашылығы министрлігіне ақпарат берген. Содан бардым да аудан әкімдерін жинап алып: «Әріптестер, бұған дейін­гі өтіріктер жарайды. Бір күн­нің ішінде нақты егістік көле­мін көрсетіңдер. Егер ертең өтіріктеріңіз шығып жатса, әкімге қызметтен босату туралы ұсынысты өзім беремін» деп айтып едім, ертесіне 601 мың гектар егеміз деп азайтты. Бір күнде 170 мың гектарға түсірген. Яғни нақты сан 600 мың гектардың ар жақ бер жағы ғана. 770 мың гектар егеміз деді ғой, оған жанар-жағармай есептеледі, тұқым, тыңайтқыш бөлінеді, химиялық өңдеу құралдары бар, субсидия беріледі. Бұл кісілер алады, шын мәнісінде екпейді. Бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің бір қателігі бар. Бәрін өтірікке үй­ретті. Шаруаға «ектім деп жаза сал» дейді. Ол «ектім» деп жа­зады. Субсидиясын алады. Негі­зі екпеген. «Күйіп кетті» деп статистикалық есеп береді. Алған тұқымды Қыр­ғыз Республикасына контра­­бандалық жолмен өткізе­ді. Жанар-жағармай да, тыңайт­қыш та осылай кетеді», деген Ә.Тама­бектің сөзі кімді де болсын бейжай қалдырмаса керек.

Расында, ауыл шаруашы­лығы саласында мәселе аз емес. Мұны Жамбыл облысы бойын­ша экономикалық тергеп-тексеру департементі таратқан мәлі­меттен де аңғарып отырмыз.

«Департаменттің өндірісінде болған қылмыстық істер бо­йынша қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарды іздеу жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. 2023 жылғы іздеу шараларының нәтижесінде де­партаментпен қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген 5 азамат анықталды. 2023 жы­лы ақпан айында Шымкент қаласында 310 миллион теңге көлемінде картоптың элиталық тұқымын алуға арнал­ған субсидияны жымқыру қыл­мы­сын ұйымдастырушы азамат ұс­талды. Сол жылдың мамыр айында қылмыстық іс сотқа жі­­­берілді. Бұдан бөлек, 2023 жылы 21 миллион теңгеден ас­там қаржыны тамшылатып суа­­руға арналған субсидия есебі­нен жымқырған 2 тұлғаның орналасқан жерлері анықталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді», дейді Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаев.

Қалай десек те көктемгі дала жұмысы қызатын уақытта өткен жылғы ақпараттардың сәйкес келмейтіні туралы мәлімет тара­ды. Алайда қай аудан қанша­лықты жалған ақпарат бергені туралы әзірге нақты дерек жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселе ашық айтыла ма, жоқ па? Ол жағы да әзірге белгісіз секілді.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінде Ербол Қарашө­кеевпен қанаттасып еңбек еткен қазіргі облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек саладағы кемшілікті ашып айтып, аудан басшыларын біраз састырғаны көңіл қуантады. Алайда қитұрқылықтың небір түрін меңгергендер тағы да бір төте жол тауып алмаса екен де­ген тілек көкейде атойлап тұр. Қалай болған күнде де жең ұшы­нан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабатын уақыт жетті емес пе?

 

Жамбыл облысы