Ғасыр саңлағы, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай таутұлғаның туған жері – Баянауыл ауданында «Қазақтың Қанышы» атты рухани іс-шара өтті.
Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінде ұйымдастырылған салтанатта жиналғандар ең әуелі ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев, Павлодар облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Қорабай Шәкіров көпшілікті құттықтап, лебіздерін білдірді.
Мәдени іс-шараның жалғасы музейдің мәжіліс залында жалғасын тапты. Баянауылдық мәдениет саласының ардагерлері, кезінде Сәтбаев музейінің ашылуына мұрындық болған азаматтар мен өлкетанушылар, жергілікті прокуратура, сот басшылары сөз сөйлеп, академиктің өлшеусіз еңбегі жөнінде ой тербеді. Ғалымның жиен немересі, Ханиса Сәтбаеваның перзенті Әлима Қайнекейқызы, Ғабдұлғазиз Сәтбаевтың шөбересі, геолог маман Ғабдұлғани Сәтбаев, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қ.Сәтбаев университетіндегі мұражай өкілдері, Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкерлері бейнежазба құттықтауларын жолдады.
Таутұлғаның 125 жылдық мерейтойы аясында музейдің ұйымдастыруымен жас ақындар арасында «Сәтбаев және ұлт руханияты» атты облыстық көркемсөз оқу байқауы өткен еді. Жеңімпаз атанған Күннұр Солтанбай өзінің жырын оқып берді. Дәстүрлі әнші Самал Жақыпова «Екі жиренді», Жандос Адамов Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әндерін орындады.
Кезінде ақын Қабдыкәрім Ыдырысов Зейін Шашкиннің мерейтойына тарту ретінде қазіргі «Баянауыл вальсінің» сөзін жазғаны мәлім. Онда: «Қанышы көпке әйгілі», деген жыр жолдары болыпты. Әсерлі ән кейін Қаныш Сәтбаевтың құлағына шалынады ғой. Қашан да өзін халықтан биік ұстап көрмеген нар тұлға бұл тармақты алып тастауын сұрайды. Осылайша ән қайырмасындағы «Қанышы көпке әйгілі» деген жол «Ұлдары көпке әйгілі» болып өзгертілген екен. Кешті Мәдениет қайраткері Рымбек Баязитов ауданның гимніне айналған әйгілі «Баянауыл» вальсімен қорытындылады.
Айтып өтерлігі, сол күні Ресей Федерациясының Том қаласында атақты жерлесіміздің құрметіне ұйымдастырылған жиынға өңір делегациясымен бірге музей басшысы Қайыргелді Абылғазин қатысып келді. Сонымен қатар елордада өткен «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға академиктің Баянауыл мемориалдық музейі «Қазақтың Қанышына 125 жыл» атты жылжымалы көрмесін апарды.
Сансызбай Сапарғалиев,
Баянауылдағы академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінің қызметкері
Павлодар облысы