Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған Мұқағали Мақатаев шығармашылығын насихаттау мақсатындағы «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» деп аталған онлайн-челлендж мәресіне жетті. Бұл челлендж өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында өтуімен ерекшеленді, деп жазады Egemen.kz.
Олардың өнерін бағалаған қазылар алқасының төрағасы, ақын Іргебай Әбдікәрімов: «Мұқағали мұрасына, оның поэзиясына өзіміз ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе жастардың қызығушылығы мені тәнті етті. Олар әрбір өлеңнің мәтінін жаттап қана қоймай, мәнін, мазмұнын жақсы түсінеді екен. Мен соған қуандым», деді.
Сәтбаев қаласындағы оқушылар сарайының қызметкері Евгений Соколовскийдің өнері аса жоғары бағаланды. Юлия Фоминых, Юлия Байлиева, Сабина Шалабаева,Надежда Слипчук, РазаннаСапарова және т.б. қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен, сертификаттармен және басқа да сыйлықтармен марапатталды.
Өзге ұлт өкілдері арасында өткен челлендж Мұқағали Мақатаев поэзиясы оларға да жат емес екенін байқатты. Байқаудың ең басты олжасы да - осы.