• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Жәдігер 17 Сәуір, 2024

Теміржол тарихының шежіресі

120 рет
көрсетілді

Алматыдағы теміржол көлігі музейіне жолыңыз түсе қалса, шойынжол тарихынан сыр шертетін талай құнды жәдігер алдыңыздан шығады. Мұнда 5 000-нан астам экспонат бар. Әсіресе теміржолшылардың бірнеше буынын қалыптастырған Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына пайдаланылған бұйымдар бірден назарыңызды аударады.

«Қазақстан теміржолдарының тарихы» атты электрлі картада төңкеріске дейінгі кезеңнен бастап қазіргі уақытқа дейінгі теміржолдың қалай салынғаны көрініс тапқан. Залдың қақ ортасында «Достық», «Алашанькоу» халықаралық же­лісіне, Тұрар Рысқұлов пен Мұха­метжан Тынышбаевқа арналған төрт турникет орналасқан. Бұдан бөлек, экспозициядан ел аумағындағы теміржол бекеттерінің ашылу барысынан хабар беретін шой-шеге, кілт, балға, рельстік қосылыс сияқты бұйымдардың сандаған түрін кездестіруге болады.

«Жібек жолы» залының қабыр­ға­сында еліміздің қалып­тасуының өлкетану көрінісі, теміржол көлігінің пайда болуы, ежелгі Жібек жолы тарихы кезең-кезеңімен көрі­ніс тапқан. Күмістен күптелген зергерлік бұйымдар, тұр­мыс­тық құрал-жабдықтардың жабындық­та­ры, сирек кездесетін фотосуреттер сала тари­хын тереңнен тануға шақырады.

– Музей алғаш есік ашқан күннен бастап 50 мыңнан астам азамат мұнда бас сұғып, маңызды жәдігерлермен танысты. Музейге тек қала тұрғындары, студенттер мен оқушылар ғана емес, шет­­елдік туристер де көп келеді. Се­бебі теміржол тарихы өткен күн­дер­дің талай кезеңдерімен өзара са­бақтасып жатыр. Еліміздің теміржол көлігінің рөлін насихаттаудың бірегей орталығы саналатын біздің музей тарихқа қызығушылық танытатын  келушілерін қуана қарсы алады, – дейді музей мамандары.

Елімізде шойынжол барлық жүк тасы­малы айналымының 70 пайызын, ал жолаушы тасымалының 34 пайызын қам­тып отыр. Көршілес мемлекеттермен барлығы 16 теміржол торабы байланыс­тыра­­тын Қазақстан теміржолының жал­­пы ұзын­дығы 15 мың шақырымнан асады.

 

АЛМАТЫ