Алматы облысының тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсене қатысып, өңір әкімінің қолдауымен жағажайларды, саябақтар мен гүлбақтарды тазалауға білек сыбана кірісті. Мемлекеттік мекемелер мен басқа да ұйымдардың қызметкерлері бастамаға бір кісідей атсалысып, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуда бірлігін көрсете білді.
Сенбілік барысында Қонаев қаласының саябақ аймағында мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 300 мыңнан аса адам қатысты. Атап айтқанда, облыстың 250 мыңға жуық тұрғыны мен жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардан 18 700, кәсіпорындар мен ұйымдардан 28 мың адам қоршаған ортаға жанашырлығын танытты. Нәтижесінде, жарты күннің ішінде өңірде 20 мың тоннаға жуық қоқыс сыртқа шығарылды. Тазалық акциясы аясында аулаларды қалпына келтіру, сырлау жұмыстары жүргізілді.
«Облыстың әрбір тұрғынын осындай ауқымды акцияға қатысуға, өңіріміздің тазалығына өз үлесін қосуға шақырамын. Айналаның таза болуы – адамзаттың, өсіріп отырған ұрпағымыздың саулығы екенін ұмытпайық», деген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің өзі де қолына күрек ұстап, ағаш отырғызды.
Сенбілік барысында өңір басшысы 4 және 7-саяжай алаптарының тұрғындарымен кездесті. Газ және сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу мәселелерін көтерген тұрғындардың тілегін тыңдады. Саяжай тұрғындары облыс әкіміне атқарылып жатқан тиімді жұмысы, халыққа ашықтығы мен жақындығы үшін алғыс білдірді. Кездесу барысында жер учаскелеріне, көлікке, мектептер мен балабақшаларға қатысты мәселелер көтерілді. Барлығын мұқият тыңдаған Марат Елеусізұлы тұрғындарға нақты түсініктеме берді.
Көшет егуге келер болсақ, облыстағы елді мекендерде 32,5 гектарды құрайтын аумаққа жалпы саны 13 700 тал ағаш отырғызылды.
Алматы облысы