Мына мазасыз әлемде дамыған елдердің өзі де жасөспірімдердің саулығы мен тәрбиесіне қатысты мәселелерде қауқарсыз. Жаһандық деңгейде қимылдайтын ұйымдар да оңы мен солын түгел танымаған жасөспірімдердің, оның ішінде он жастағы қыз балалардың репродуктивті денсаулығын бірінші кезекке қоюы бекер емес. Қалай десек те, жасөспірімдер арасындағы жүктілік – қоғамның жіті назар аударуын талап ететін көкейкесті мәселе.
Бүгінде «Қызым – үйде, қылығы – түзде» дейтін тәмсіл бұрынғыдан да өзекті. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын бүкіл әлемде 15-19 жас аралығындағы 12 млн қыз бала бесіктен белі шықпай жатып ана атанатын болса, оның ішінде 15 жасқа дейінгі 777 мың жасөспірім бар екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ бұл деректердің ішінен балалы болған балалардың басқа мәселелері де жіктелген мәліметтерді молынан табуға болады.
Өз елімізге келетін болсақ, 12-13 сәуір күндері Қазақстандағы жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы Алматы қаласында III Халықаралық «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы» ғылыми-тәжірибелік мәжілісін өткізіп, акушер-гинекологтер мен басқа да мамандардың пәнаралық диалогін қалыптастыруды қарастырды.
Конференцияның қаншалықты өзекті екенін 2022 жылы «Саламатты ұлт» Ұлттық жобасы аясында Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген «Оқушылардың денсаулығына қатысты қалыптасатын мінез-құлқы» атты зерттеу нәтижелері растайды. Елдегі 7 400-ден аса жасөспірімге жүргізілген сауалнама 9-сынып оқушыларының шамамен 6%-ы жыныстық қатынасқа түскенін, 41%-ы алғаш рет мұны 15 жасында жасағанын анықтаған.
Осы арада конференция жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, халықаралық және ҮЕҰ өкілдері мен еліміздің өңірлерінен, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Украина, Өзбекстаннан келген акушер-гинеколог, уролог, эндокринологтер қатысқанын айта кету керек.
Сонымен кейінгі жылдары жасөспірімдер арасында босану мен түсік жасату азайғанына қарамастан, бұл көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейді. Әрбір жасөспірімнің жыныстық жетілу кезеңінде кем дегенде бір созылмалы кеселі бар. Жастардың 20%-ы бірнеше адаммен байланысып, жүктіліктен қорғану құралдарын пайдаланбайтындықтан, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға, АИТВ жұқтыру қаупіне жиі душар болатынын да жоққа шығаруға болмайды.
Өткен жылы Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қауымдастығы жүргізген мектептегі білім беру бағдарламасына кешенді жыныстық түсіндіруді енгізуге қатысты сауалнама нәтижелері бойынша, жасөспірімдердің 49%-ы жыныстық тәрбие беру мәселесімен әке-шешелері, 20%-ы жақын туыстары айналысқаны жөн деп есептейді. Ал осы сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 57%-ы мектептегі оқыту бағдарламасы жыныстық білім беру мәселелерін қамтуы керек деп ойлайды.
– Бүгінде жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына елеулі қауіп төніп тұр. Жастар жабық тақырып болса да, нақты ақпараттарға мұқтаж болғандықтан, репродуктивті денсаулыққа қатысты сапалы қызмет пен кеңестерге қол жеткізуі керек. Кездейсоқ жүктілік, қауіпті түсіктер мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) өршуінің алдын алу үшін жасөспірімдердің денсаулығына инвестиция салу қажет. Бұл олардың денсаулығына қатысты саналы шешім қабылдауға жол ашады. Ұлт денсаулығы жастардың репродуктивті денсаулығына байланысты екенін есте ұстаған жөн, – дейді Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастықтың атқарушы директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова.
Әлбетте, мұндай келелі басқосуда тақырыпқа орайлас, отбасын нығайту, отбасылық өмірге дайындық, түрлі аурудың себептері, салдарлары талқыланғаны аян. Дегенмен конференцияға қатысушылар көздеген мақсатқа жету үшін ата-аналарды міндетті түрде осы іске тарта отырып, бірлескен пәнаралық жұмыс жүргізу қажет екенін айтады. Кәмелетке толмағандарға медициналық және психологиялық көмек көрсетуде денсаулық сақтау жүйесінің субъектісі ретінде жастар денсаулығы орталықтарын дамыту, халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған балалар гинекологтері кабинеттерін ұйымдастыру қажеттігі көрініп отыр.
Тамара ЖҮСІПӘЛИЕВА,
«Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық» ҚБ басқарма төрағасы:
– Репродуктивті саулық елдің ұлттық қауіпсіздігі екенін естен шығаруға болмайды. Қазір елімізде бала туу көрсеткіші кеміді, оның себеп-салдары көп десек те, басты себептерінің бірі – бедеулік. Адам репродуктивті денсаулығын жастайынан, тіпті бала кезінен қадағалау қажет. Біздің қоғамда жыныстық тәлім-тәрбие беру ісі де – өте өзекті мәселе. Әке-шешелерімен қоса, педагогтер де әлі күнге дейін осы тақырыпқа келгенде қалай әрекет ету қажеттігін білмейді, ал жасөспірімдер жыныстық қарым-қатынасқа барып, түзелмейтін қателіктер жасайды. Жасына жетпей жүкті болу жиі түсік жасатуға мәжбүрлеп, қалаусыз нәрестелерді дүниеге әкеледі. Осындай жағдайлар жас қыздарды еркінен тыс тұрмысқа шығуға жетелесе, мұндай некелердің бақытты болуы некен-саяқ. Оған қоса көп жағдайда кәмелетке толмаған жас аналар өздерінің келешегінен үміт үзіп, сауат ашып, көксеген мамандығына қол жеткізе алмайды. Кәмелетке толмаған әкелер де мүлде отбасылық өмірге дайын емес болып шығады.
Егер біз келешекте өз халқымыздың дені сау, жүзі жарық екенін көргіміз келсе, онда қазірден бастап таптаурын, ескі көзқарастардан арылып, өсіп келе жатқан ұрпақтың жыныстық саулығымен түпкілікті көңіл бөлгеніміз жөн. Елімізде 15-19 жас аралығындағылардың үштен бірі жыныстық қарым-қатынастың не екенін біледі. 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің 8%-ы жүктіліктен қорғанатынын айтқан. Бұл – шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін аса салмақты әлеуметтік мәселе. Заң бойынша 14 жастағы жасөспірім қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал 16 жасынан бастап жастарымыз еңбек шартын жасай алады, ерікті түрде интимдік қарым-қатынасқа түсу туралы шешім қабылдап, алдын ала құлағдар етілген кеңес беру мен диагностикалық көмектен бас тартуға құқылы. Алайда 18 жасқа дейін ата-анасының немесе қамқоршыларының рұқсатынсыз түсік жасатуға тыйым салынады. Егер жасөспірімдерде жүктілік анықталса, дәрігерлер тексеруден өткеннен кейін 3 сағат ішінде ата-аналарына ғана емес, тәртіп сақшыларына да хабарлайды. Бұл пациенттің рұқсатынсыз медициналық құпия ретіндегі ақпаратты жариялауға жол береді. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдай жастардың репродуктивті денсаулық қызметтеріне қол жеткізуін қиындатып отыр.
Ардақ АЯЗБЕКОВ,
Түркістан облысындағы №3 облыстық перинаталдық орталығының басшысы, акушер-гинеколог:
– Қазақстанда шамамен ерлі-зайыптылардың 15%-ға жуығы белсіздік пен бедеулікке шалдыққан, оның ішінде әйелдер бедеулігі 55%-ға, ерлер арасындағы белсіздік 45%-ға жеткені мамандарды алаңдатады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін көне тәлім қазіргі таңда да өзекті. Денсаулығы сыр берген жастардың ертең демографияға сапалы үлес қосуы екіталай. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік, тәрбиеге жат қылық жағдайды өршітіп тұр. Ғалым-дәрігерлер алға тартып отырған мәліметтер жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынастың басталуы «жасарғанын», жыныс мүшелері кеселдерінің жүйелі, сапалы түрде емделмеудің кері салдарларын көрсетіп отыр. Жыныстық жетілу барысында туындайтын сұрақтарға мамандардан толыққанды, кәсіби жауап алатын орындардың қолжетімді болуы маңызды.
АЛМАТЫ