Шымкент қаласының оқушылары 1 мамырдан бастап қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков фейсбуктегі парақшасында осындай қуанышты жаңалықты бөлісті.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, қоғамдық көліктер І топтағы мүгедектерді, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісі бар аналарды, тыл ардагерлерін, зағип жандар мен оларды алып жүретін кісілерді бұл күнде тегін тасымалдайды. Сонымен қатар қазіргі таңда жеті мен он сегіз жастағы мектеп оқушылары жолақы құнының жартысын төлесе, студенттердің билет бағасы 50 теңгені құрайды. Ендігі ретте жергілікті әкімдік халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатын тағы да арттырмақшы.
Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағында ұрыс қимылдарына қатысқандар, Қазақстанның Еңбек ерлері, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталғандар, саяси қуғын-сүргiн құрбандары, ІІ топ мүгедектері, мүгедектігі бар балалар, 70 жастан асқан зейнеткерлер, мектеп оқушылары.
Өз кезегінде қала әкімі жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен оның сапасы әкімдіктің тікелей бақылауында тұрғанын, осынау қызметті жақсартуға атқарушы билік тарапынан барлық мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді.
ШЫМКЕНТ