• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 17 Сәуір, 2024

Малсақ қауымды не толғандырады?

128 рет
көрсетілді

Жетісулық шаруалар қыстың қытымыр мінезінен қанша қиналса да, төрт түлікті көктемге аман-есен жеткізді. Мал төлдету науқаны мәреге жетуге жақын, азын-аулақ шығын да жоқ емес. Жазда жемшөбін құнттаған қойшылардың көңілі тоқ, қозы-лағын қуалап жүр.

Облыс орталығынан шал­ғай орна­лас­қан Алакөл ауданында қазір қой қоз­дап, қорада шу бас­­талды. Аудан бойын­ша жалпы 226 мал қыстауында десек, оның бәрінде су ішетін тоғандар және құдық­тар бар. Қыстау мен мал төлдеу науқаны аяқталғанға дейін төрт түлікке қажет жемшөп қоры толық жеткілікті. Яғни жер көгеріп, күн жылығанша мал азығынан тапшылық көрмейді.

Айта кетейік, өңірде мал басы саны нақтыланып, аудан бойынша бүгінге дейін барлығы 7 233 мал төлдеген. Оның 1 106-сы – ірі қара, 6 121-і – ұсақ мал, қалғаны жылқыдан алынған.

Биылғы қыс маусымы малшы қауым­ға өте күрделі болды. Дегенмен мал қыс­тату мен төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген жаркенттік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, көп шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі төлдеу науқанына төрт түліктің бәрі қоңды келді. Ауданда нау­қан­ға қажет жемшөп қоры жет­кілікті. Қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 203,4 мың тонна көпжылдық және табиғи шөп, 23 600 тонна жоңыш­қа, 28,3 мың тонна сүрлем, 35,1 мың тонна сабан, 15,7 мың тонна пішендеме және 52 мың тонна жүгері жемі дайындалған.

Ежелден төрт түлігін өріс­те­тіп, өмірін шаруамен бай­ланыстырған елдің дуалы ауыз даналары Шопан ата түлігіне ерекше ден қойған. Қазір де қой түлігі ауылдағы әр отбасының берекесіне айналып, жоқ дегенде он саулығы бардың қо­лына жыл сайын төлімен береке береді.

Аудан, ауылдардағы жалпы түлік түр­ле­рінің өсіп, өнім беруін саралап, салмақ­тасақ та, қой ша­руа­шы­лығының жедел дамуға икемділігі аңғарылып тұра­ры хақ. Биыл жазиралы Жаркент өңі­рін­дегі барлық меншік түріндегі есеп бойынша 152 061 қой тұқымының төлдеуге тиіс 137 672 саулығының нау­рыз айының екінші он күндігіне дейін мыңнан астамы төлдеп, мыңнан аса қозы алынды.

Кейінгі жылдары «Жетісу» ай­мақтық қой шаруашылығы қауым­­дастығы шетелдерден асыл тұқымды қошқарлар әкеліп, об­лыстағы қой тұқымын асыл­дан­дыруға көмек жасап жүр. Өткен жылы өңірдегі көптеген жеке шаруа қожалығы аталған қауым­дастықтың көмегін пайдалан­ды. Қауымдастық бұл шаруа­шы­лықтарда науқан кезінде тех­ник ұрықтандырушыларын өздері дайындап, ұрықтандыру пункт­терін де жабдықтап берді. Нәтиже жақсы, қозылар ірі туып жатыр.

Биылғы көктемде Жаркент өңірінде қой, ешкіден басқа 50 967 сауын сиыр бұзаулаған. Қазіргі көрсеткіш бойынша ірі қарадан 1 552 бас бұзау өрістеген. Сол сияқты 10 040 буаз биеден соңғы көрсеткішке сәйкес 12 құлын алыныпты. Жалпы, маңызды нау­қанның алғашқы нәтижелері ойдан шығады.

Амангелді ауылдық округін­дегі Айдар Барлыбаевты малсақ жандар жақсы біледі. Ол қой шаруашылығын ата-бабамнан қалған кәсіп деп қарайды, өңір­дің өркендеуі мен мал шаруашы­лығына да қомақты үлес қосып келеді. Кейіпкеріміз бала жастан үлкендерге қолғабыс етіп, осы саламен сол кезден бері етене таныс. Кеңестік кезең келмеске кетіп, еліміз тәуелсіздік алып, орнына нарықтық экономика орнағанда біраз жұрттың абыр-сабыр болғаны рас. Сол уақытта, нақты айтқанда 1994 жылы, Айдар Барлыбаев Сарқан қаласында 120 ірі қараны бордақылап, Алматы қаласына жеңіл көлігімен жеткізіп, саудалап жүрді. Осы салада біраз тәжірибе жинап, түпкілікті мал шаруашылығымен айналысамын деп бел буып, 2006 жылы «Айдар» шаруа қожалығын құрды. Сол жылы тендер арқылы халықаралық банктен 3 миллион теңге ұтып, қажетті құрал-жабдық сатып алған. Шаруашылық құру барысында Алматы қаласындағы ғылыми қызметкерлермен ынтымақтаса жұмыс істеген. 2009 жылы қойдың еділбай тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылығы мәртебесін алып, содан бері қой шаруашылығын дамытып келеді.

«Еділбай қойы – ет-май өндіру бағытында өсірілетін қылшық жүнді, құйрықты қазақы қой тұқымының бір түрі. Еділбай қойы өсімтал әрі тез ет алады. Осындай қасиетіне қызығып әрі осы өңірде өркен жаюын ойлап, 2007 жылы Семей қаласынан 300 бас еділбай тұқымды тоқты, 110 ешкі сатып алдық. Сөйтіп, шаруашылықтың негізі қаланды. Қазір бір отар қойға айналды. Осылайша, мал басын көбейтуге өз тарапымыздан үлес қосып келеміз. Осыншама мал бағып отырған шопандарға барлық жағдай жасалып жатыр», дейді Айдар Барлыбаев.

Шаруашылық басшысы 4 жыл бойы мал төлін Алматы об­лысы Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет аулындағы түріктердің қасапханасына өткі­зіп, ынтымақтаса жұмыс істеп отырған. Кейіннен түрлі жағдайға байланысты қасапханамен әріп­тестік тоқтағанымен, мал өнімде­рін топтап өткізудің басқа жолдарын қарастырған.

Ал көксулық Ерлан Әлім­баевтың тұсақтары бірден бесеу­ден қоздаған. Мал иесі қолдан ұрықтандыру тәсілін қолданбай, табиғи жағдайда бір саулық­тан бес төл алып отыр. Жылт еткен жаңалықты ести сала Ақтекше елді мекенін бетке алдық. Қойшы тәуелсіздік алған кезеңде өзіне тиесілі жерді еншілеп, 2000 жылдардан бастап атакәсіпке ойысыпты. Әкесі Болатбек ақсақал да дала төсіне төрт түлік өргізген кәнігі қойшы болған. Сол жолды жаңғыртқан Ерлан бүгінде 60-­тай мүйізді ірі қара, 60-тан аса қой-ешкі, 40 жылқы бағып отыр. Қойы бес төл қоздаған азаматтың айтуынша, былтыр Шопан ата тұқымы үшеуден төлдеген.

«Бұған дейін қой басын бес жүзге жеткізгенбіз. Әйелім екеуміздің шамамыз келмеген соң, уақ малдың санын азайттық. Тұқымды асылдандыруға қазір көп шопан қолданып жүрген гиссар тұқымына көштік. Етті тұқым ғой. 2023 жылы бес саулығым үш қозыдан төлдеді. Өткен жылға өкпе жоқ. Берекелі болды. Биыл ақ саулық бес қозы қоздады. Демек биыл құтты жыл болмақ», дейді Е.Әлімбаев.

Қазір жары Гүлнұр екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Балалардың алды оқуға түскен. Қалған үшеуі Ақтекше аулындағы мектепте оқиды. Демалыс күндері осында келеді екен. Кейіпкеріміз қазір төрт түлік асыраудың оңай емесін, қасына көмекшілікке адам таппағанын да жасырмады. Елді мекеннің маңайы тұтас егістік болған соң, тау бөктерін паналап жүрген жайы бар. Бірақ төрт түлігі осылай төлдеп, отбасының ырысын тасытып жатқанын айтып бір серпілді.

Сапардан түйгеніміз, шаруа адамдарын толғандыратын бір өзекті мәселе бар, ол – малдан алынатын жүн мен теріні өңдеу жайы. Бұл шикізат қазір қажетсіз болып қалды. Сол себепті, олар арнайы қазылған шұңқырларға тас­талып, көміліп жатыр. Өндірісте әжептәуір қажетке жарайтын өнімнің қадіріне жетіп, шикізатты кәдеге жаратудың амалын тапсақ, жұмысын жүйелесек, ел экономикасы үшін пайдалы болмас па еді? Малсақ қауым осы мәселені әр кез көтереді, бұған құлақ асып, әрекет қылар жан табылмай тұр. Әйтпесе, жүн мен тері сатылымының өзі-ақ мал баққан бейнеткерлердің қосымша шығынын жауып, табысын үстемелеп тұрмас па еді?

 

Жетісу облысы