• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Сәуір, 2024

БҚО-да мол су ел шетіне жетті

1859 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен келетін су тасқынына қарсы кешенді іс-қимыл жалғасып жатыр. Арнайы күштер мен еріктілердің көмегімен өңірде 771 мың құм толтырылған қапшық төселіп, 100 шақырымнан аса бөген тұрғызылған.

Облыста су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын нығайту, сондай-ақ басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу және су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-шара қызу жүріп жатыр. Бұл іске барлығы 7 895 адам және 1 781 техника жұмылдырылған.

17 сәуірдегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 779 см-ге дейін жетті. Өткен жылы тасқынның ең жоғары деңгейі 557 см болған еді. 850 см болған кезде өзен арнасынан асады, бұл қауіпті деңгей.

Ал Ресей шекарасына жақын елді мекендер тұсында су деңгейі 17 сәуірдің таңында күрт көтерілді. Бұл жоғарыдан келе жатқан тасқын ел іргесіне жетті деген сөз. Таңғы сағат 8:00-де Бәйтерек ауданына қарасты Январцев ауылындағы гидробекет су деңгейі 1 тәулікте 15 см-ге көтерілгенін көрсетті.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында наурыз айының соңына таман басталған су тасқыны кезінде бірқатар елді мекен тұрғындары зардап шекті. Әуелі Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланса, кейін 1 сәуірден бастап бүкіл облыс аумағы жергілікті масштабтағы төтенше жағдай режіміне көшті.

Соңғы ақпараттар бойынша, қазір өңірде көлік қатынасы үзілген 9 елді мекен бар. Олар: Қаратөбе ауданындағы Қосбаз, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары, Шыңғырлау ауданындағы Ақтау ауылы.

Бұдан бөлек, жергілікті маңызы бар автожолдың су басқан 25 бөлігі қазір толық бақылауда тұр.

Өңірде су тасқынының екінші кезеңі – трансшекаралық өзендердің тасуына қарсы күрес жүріп жатыр. Жайық өзені күн сайын көтеріліп, су өзен жайылмасында тұратын халыққа қауіп төндірді. Бүгінге дейін 1905 саяжайды су басты. Шаған және Деркөл өзендерінің аумағындағы саяжай массивтері де су астында қалды.

Бұл күндері Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метр су келіп жатыр. Жайықтың қауіпті деңгейі 850 см болса, 16 сәуірде 778 см-ге жетті.

Облыс аумағында Қазақстанның 7 өңірінен келген құтқарушылар, әскери бөлім сарбаздары жергілікті халықпен бірге жұмылып, қапшық төсеу, қорғау бөгеттерін салу және су басқан аумақтан су айдау әрекетін жасап жатыр.

Бүгінге дейін 13 614 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Оның 5 653-і – бала, 19-ы – мүмкіндігі шектеулі жан. Қазір эвакуациялық пункттерде 2 189 адам тұрып жатыр. 11 425 адам туған-туыстарының үйіне орналасқан.

Сондай-ақ 4 907 үй жануары қауіпсіз жерлерге айдалғанын айта кету керек.

Облыс бойынша барлығы 1 020 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 771 мың дана қапшық және 3 882 мың тонна инертті материал төселген. Апаттан құтқару жұмыстарына 6 478 адам, 1 219 техника, 196 су сору құралы, 156 жүзу құралы және 3 тікұшақ жұмылған. Барлық күш ең алдымен адамдарды, олардың үй-жайын қорғауға бағытталып жатыр. Өңірде жалпы ұзындығы 98,8 шақырым бөген тұрғызылған. Бұл 16 сәуір күнгі мәлімет.

Соңғы күндері халық арасында «су тасқыны кезінде жарық өшіп, су тоқтап, коммуналдық апат болуы мүмкін» деген қауесет тарап кеткен еді. Дүкеннен ауызсу, балауыз шам алып, қам жасап жатқандар да аз емес. Бірақ өңірдегі тиісті қызмет басшылары мұндай болмайтынын айтып, халықты сабырға шақырды.

«Батыс Қазақстан облысында 20 мың шақырымнан асатын электр желісі бар. Тасқын қаупі төніп тұрған 4 ауданда 20-дан аса, ал Орал қаласында – 16 подстанса бар. Оларды су баспайды, биік жерде орналасқан. Ал ылдида тұрған кейбір подстансаларды құм салған қапшықпен қоршап, айналасын бекітіп, алдын алу жұмысын жасап жатырмыз», деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй.

Ауызсу бойынша да оралдықтар алаңдамаса болады. Барлық құрылым қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Қажетті су мөлшері бар, оны тазалайтын реагенттер жеткілікті. Жайық өзенінен «Жайық жылуқуат» және «Батыс су арнасы» мекемесі үшін тәулігіне 60 мың текше метр су алып отырған сорғы стансасын да қорғау жұмысы жасалған.

«Бұл стансаның да орналасқан жері биікте, соған қарамастан барлық қауіпсіздік қарекетін жасадық», дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, «Батыс су арнасы» Орал қаласының 340 мың тұрғынына қызмет көрсетеді. Ал «Жайықжылуқуат» компаниясының құзырына 248 шақырымнан астам қалалық жылу құбыры кіреді.

Облыста жарияланған төтенше жағдайға байланысты су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат «Ақжайық» қоры арқылы жиналып жатқанын айтқан едік. 2024 жылғы 28 наурыз – 16 сәуір аралығында қор есеп шотына 150 360 522,34 теңге түскен. Тасқын салдарынан зардап шеккендерге қаржылай көмек жинау ісі жалғасады.

Қазір су тасқынына байланысты жылжымайтын мүлік құжаттарына өтініш беруге 144 тұрғын жүгінген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстағы филиалы директоры Нәдір Құрымбаев азаматтарға ыңғайлы болу үшін қосымша қабылдау орталықтары ашылғанын хабарлады. Бұл жерлерде заң құжаттарын толтыру ісіне ақыл-кеңес те беріледі.

 

Батыс Қазақстан облысы