Мемлекет басшысы «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойғаны мәлім. Осы орайда Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат депутаты Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбада аталған заңдар бір топ Парламент депутатының бастамасымен әзірленгенін айтып, заңның негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыру екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық және тұрмыстық құқық бұзушылықтар толастамай тұр. Абьюзерлер тарапынан әйелдері мен балаларын аса қатігездікпен ұрып соғып жатқан фактілерді жиі көріп отырмыз. Қалыптасқан жағдайлар өскелең ұрпақтың психикасына кері әсер ететіні және олардың дамуын тежейтіні сөзсіз», деп жазды депутат.
Сенатор аталған мәселелерді рет-ретімен шешу мақсатында елімізде әлеуметтік бағыттағы құқықбұзушылықтардың жазасын қатаңдату үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданып жатқанын тілге тиек еттІ.
«Ішкі істер министрлігі құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылды. 2021 жылы олардың штат саны 256 бірлікке дейін өсті. Қазір мұндай лауазымдар әрбір қалалық және аудандық полиция органында бар. Сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу бойынша әйел тергеушілердің мамандануы енгізілді», делінген жазбада.
Бекбол Орынбасаров енді кәмелетке толмағандарды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру, сондай-ақ басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленгенін еске салды.
«Мұның барлығы қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілікті орнатуға бағытталған. Бұл шаралардың қабылдануы – құқықтық қоғам құру жолындағы маңызды қадам», деп жазды Бекбол Орынбасаров.