• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Сәуір, 2024

Өрістің рухани өрісі

160 рет
көрсетілді

Бүгінгі кейіпкеріміз – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрмет белгісінің иегері, журналистикада да, мемлекеттік қызметте де іскерлігімен көзге түскен, поэ­зия мен прозада бақ сынаған, сатира жанрында бірнеше жинақ ұсынған белгілі қаламгер Өріс Яшүкірқызы.

Сонау студент ке­зі­нен Өріс бірден өне­ге­лі қырынан кө­рін­­­ді. Өйткені ол алғашқыда уни­­­вер­ситеттің журналистика факультетінің сырттай оқу бөлі­мі­не түскен. Алматы облысы Ше­лек аудандық «Еңбек туы» газе­тін­де бір жыл әдеби қызметкер бол­ған. Күндізгі оқу бөліміне екін­ші курсқа шыңдалып, да­йын журналист деңгейінде келді. Өрістің алғырлығын бірден сезген ұстазымыз Темірбек Қожакеев тағы бір талантты курс­тасымыз Көпен Әмірбек екеуін ерек­ше көретін. Университетті бітір­ген соң, Өріс Қызылорда облысы Сырдария ауданының «Сыр­дария» газетінде тілші, Торғай облыстық теле­радио­комитетінде комментатор қыз­метін атқарды. Отбасында өрім­дей жас балаларын тәрбиелей жүріп, көптеген хабарды эфирге шығарды.

Облыс жабылған кезде Тор­ғай жұрты дағдарып қалды. Барлығы отбасын асырау үшін күнкөріс қамымен жан-жаққа тарады. Республика астанасы Ақмола болып жатқан уақыт еді. Жеткіншек балаларын жетілдіру мақсатын көздеген Мұхит пен Өріс балаларымен Ақмолаға ат басын тіреді. Сөйтіп, осында сол кездегі жалғыз қазақ газеті «Астана ақшамына» қатардағы тілші болып орналасты. Кейін осы газеттің мәртебесі өсіп, кеңейген тұсында әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл газетте де Өріс талай әлеуметтік мәселелерді көтерді. «Баған басында жанған жігіт», «Мың да сексенінші кезек», «Қан түкіріп балам жүр» атты жанай­қайға толы мақалалары оқыр­ман назарын бірден аударды. Бұл жарияланымдар бойынша редак­ция бастамасымен арнайы ак­ция ұйымдастырылғанын қа­зір­­гі оқырманның біреуі білсе де, біреуі білмейді.

2000 жылдан бастап 12 жыл бойы Өріс Яшүкірқызы Мә­дениет және ақпарат министр­лігі Ақпарат және мұрағат комитетінде бас сарапшы болып жауапты қызмет атқарды. Бұл жұмысында да абыройға бө­ленді. Өзіне тап­сырған істі тия­нақты орын­дай­тын білікті маманға әріп­тестері құрметпен қара­ды. Осы кезең аралығында Өріс жеке шығармашылығына да уақыт таба білді. Бірінен соң бірі «Боя­масыз өмір», «Сек­сеуіл­дің шоғы», «Қараша қаздың қаң­қы­лы», «Ше­неу­нікше тактика», «Ескі қо­ныс­тағы ел», «Жизнь без прикрас» деген кітаптары жа­рық көрді.

Әйелдердің қыл­мыс­тық­ істері туралы жазылған «Жіп тұзақ» деген туындысы да көзі­қа­рақты көпшіліктің ықыласына бө­ленді. Сондай-ақ бұқаралық ақ­парат құрал­да­рында да мақа­ла­лары жа­рық­ көрді. «Қазақ әде­бие­ті», «Айқын» газеттерінде сати­ра­лық дүние­лері жиі жа­рия­ланды.

Былтыр қаламгердің төрт жанр тоғысқан таңдамалы жина­ғының төрт томдығын Алма­ты­дағы «Балалар әде­биеті» баспасынан шығарды. Астанадағы курс­тас­тармен бір кездескенде маған осы еңбегін ұсынған еді. Кітапты оқып отырып төрт жанр­ды тізгіндеген Өрістің шы­ғар­­­ма­­шы­лығына, ізденісіне таң­ғал­дым. Бірінші том «Жан сарайым – өлеңім» деп аталады. Алғашқы бетін аштық.

«Мұхитым да, теңізім де – өлеңім,

Шалқарым да, кемерім де – өлеңім.

Тіршілік пен күйбеңім де – өлеңім,

Өлең бітсе, Менің бітер қорегім», – деген өлең жолдары ақынның поэ­зия­ға ерекше махаббатын, құш­­тар­лығын сездіреді.

Екінші томы «Ескі қоныстағы ел» деп аталады. Автор Джордж Оруэл­дің «Проза – тере­зе­­нің сыр­тындағы терезе» деген те­ңе­уін кітаптың сыртқы бе­ті­не жаздырыпты. Оның сыры белгілі, прозаның алатын орнын меңзеп тұр. «Есаманның ше­шесі», «Қараңғы үйдің жа­ры­ғы», «Жұртта қалған жеті үй», «Жылан аулаған қыз», «Қырым хикая­сы» атты әңгімелері ауыл адам­дарының күйбең тіршілігін баяндайды.

Үшінші том – «Ұшық пен пұшық». Тақырыбы айтып тұрған­дай, бұған автор өмір сүрген ортамыздағы көлеңкелі жайттарды сын садағымен түйрейтін сын мақалаларын, әзіл-сықақтарын енгізіпті. Әр шы­ғармада бұғып жатқан мыс­қыл­, кекесінді, күл­кілі шымшымалар көрініс береді. «Түнгі ЧП», «Депутат бол­ған соң», «Ине мен жіп» әңгі­мелері оқырманын ерік­сіз ойға ба­тырады, қазіргі қоғамдағы келең­сіз көріністерді көз алдыңа әкеледі.

Ал таңдамалы шығарма­лары­ның төртінші томы – «Құл­дық­­тағы қылмыс». Детектив жан­рына арнал­ған автордың шы­ғармаларын оқып отырып риза боласыз.

Ақпарат саласында үзіліс­сіз 33 жыл, мемлекеттік қызмет саласында 12 жыл қызмет еткен, оқыр­­­ман­дарына оннан астам кітап пен 4 томдық таң­да­малы шығармаларын ұсынған Өріс Яшүкірқызының қаламгер ре­тінде қоржыны қомақ­ты. Өзі­нің шығармашылығы туралы кейіпкеріміз былай дейді:

«Кейбір оқырмандарым ма­ған: «Сіз қарап отырсақ, шы­ғар­­­­ма­­­шы­­­лығыңызды кешірек бас­­тап­­сыз. Неге жас кезіңізде жаз­ба­ды­ңыз?» деп сұрақ қояды.

Иә, олардың қойған сұрақ­тары дұрыс, әрине. Үш бала өсір­дік, тәрбиеледік. Олардың мек­тепте сабақ оқуына, үйдегі тәр­биесіне анасы болмаса кім қа­райды? Мен жеке басымның ман­сабы туралы тіпті ойлаған жан емеспін. Жұбайым Мұхит­дин Байымбетов барлық кезде бас­шылық қызметте болды. Үй­дегі бала­ларға қарау, тәр­бие­­леу (кейін немерелер де қо­сыл­ды), қызметтегі жол­да­сым­ның­ алаңсыз жұмыс істеуіне мүм­­кін­дік жасау менің басты мін­­детім ғой. Дегенмен мен шы­ғар­­ма­­шы­лықтан қол үзген жоқпын.

Шығармаларымды көбіне түн­де жазатынмын. Осыған дағ­­дыландым. Бұл кезде ма­ған ешкім бөгет болмайды. Бала­лар ержеткеннен кейін шы­ғар­машылық жоспардың жөні бөлек. Қаламға қуат біті­ре­тін уақыт енді келді деп ойлай­мын. Алдағы уақытта жаза­мын деген дүниелерім ойым­да жүр. Әсіресе жастар тәр­биесі, ұрпақ болашағы мені қатты толғандырады. Осы тақырыпқа қалам тартсам деймін. Бұл жазушының бас­ты міндеті болуы керек. Алла қа­ласа, оқыр­мандарым осы шы­ғар­ма­ла­рым­мен де жүз­де­­сетін болады», дейді Өріс Яшүкірқызы.

Қаламгердің оқырман ал­дын­­дағы жауапкершілігі жо­ға­ры екені сөзсіз. Жазушының осы үдеден шығатынына сенім­ді­міз.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қайраткері