«Қазақстан темір жолы» ҰК су басқан өңірлердің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіруге септігін тигізіп жатыр. Атырау – Құлсары – Атырау, Құлсары – Маңғыстау бағыттары бойынша 12 мың адам өтеусіз негізде жолаушылар пойыздарымен тасымалданды. Тағы 2 мыңнан аса жолаушы Атырау – Маңғыстау, Атырау – Алматы, Атырау – Астана бағыттары бойынша қосымша вагондармен жеткізілді.
Қосымша пойыздар Орал – Қызылорда, Атырау – Қарағанды, Алматы – Атырау бағыттары бойынша жүреді. Бұл 2 мыңнан аса жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік берді. Су тасқынынан зардап шеккен аудандардан 500 баланы емдеу-сауықтыру орталықтары мен балалар лагерьлеріне тасымалдау ұйымдастырылды.
ҚТЖ облыс әкімдіктерімен, Қорғаныс және төтенше жағдайлар министрліктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Пойыздармен авариялық-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін 4 мың құтқарушы, әскери қызметші тасымалданды. Бұған қоса теміржолшылар ауыр автомобиль техникасын тасымалдауға арналған вагондарды ұсынды. Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларына 400-ден аса көлік жеткізілді. Су басу орындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін пойыздар құрамындағы вагондар бөлінді. Арнайы техника мен гуманитарлық көмекті тасымалдау – ерекше бақылауда.
ҚТЖ жастары зардап шеккендерге көмек көрсету, гуманитарлық жүк жинау үшін еріктілер қозғалысын құрды. ҚТЖ-да жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
Теміржолдың барлық күші мен құралы жоғары дайындықта. Су тасқынына қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізу арқылы теміржол инфрақұрылымы зардап шеккен жоқ, пойыздар қозғалысы кесте бойынша жүріп жатыр. Магистралда шайып кетуге қарсы 45 пойыз бар, тәулік бойы кезекшілікте 47 өрт сөндіру пойызы бар.