1960 жылы Дауид Латимер есімді азамат үлкен бөтелкеге өсімдіктің тұқымын егіп, 150 мл ғана су құйып, бөтелкенің аузын ауа кірмейтіндей етіп жауып тастапты. Сосын...
Сосын 1972 жылы ғана ашыпты. Ашыпты да, аз-маз су құйып, қайта тығыздап жауып тастапты. Бөтелкені күн нұры түсетін жерге қойып, тығынын мүлдем ашпай қояды. Өсімдік 60 жыл бойы өседі. Зерттеушілердің айтуынша, тепе-теңдік күйін жақсы сақтап, шағын экожүйеге айналған.
Ал ең қызығы, 1960 жылы жай ғана қызығушылықпен егілген бұл тұқым өте үлкен зерттеуге арқау болған. Сөйтсе, еріккеннің ермегі болған өсімдік NASA-ның ғарышқа егін егу мақсатын жүзеге асыратын дайын ғылыми зерттеуге ұласқан. Ал Латимер қомақты ақшаға кенелген. Таңғаласыз.
50 млн тұратын кітап
Қызық. «Дүниедегі ең бағалы зат – кітап» дегенді естіп жүрміз. Бірақ 50 млн тұратын кітап туралы білмеген екенбіз...
Былтыр әлемдегі бағалы заттарды сататын «Sotheby’s» компаниясы ең қымбат кітаптардың бірін сатылымға шығарыпты. Ол кітап – IX–X ғасырларда жазылған, шамамен 1100 жыл болған, еврей тіліндегі Сассун кодексі. 396 беттен тұрады. Осы кезге дейінгі табылған ертедегі Інжілдің толық нұсқасы. Кітап бағасы бас саудада 50 миллион долларға дейін жеткен. Тауып, жинақтаған – Дәуіт Сүлеймен.
Осыған дейінгі ең қымбат кітап 43 миллион доллар болған. Ол – АҚШ-тың алғашқы конституция кітабы. 13 данамен ғана шыққан. Бір данасын миллиардер Кен Гриффин 2019 жылы 43,2 миллион долларға сатып алған екен.
500 мың жылдық тіс
Ұлыбритания жағажайында дала зілінің екі килограмдық тісі табылды.
Қазба қалдықтарын іздейтін Ұлыбритания тұрғыны 500 мың жылдан астам сақталған зіл тісін тапты. Бұл туралы «New York Post» хабарлады. Батыс Сассекс округінен келген 56 жастағы Крис Биен Клактон-на-Си маңындағы жағажайда серуендеп жүргенде, судың жанында толқынды өрнегі бар оғаш затты байқайды. Әйел олжаны қаза бастағанда, тереңде жатқанын біледі. Жерді біршама қазғаннан кейін зілдің тісін тапқанын түсінеді. Әйел тістің жартысын ғана таптым деп болжаған. «Мен адамдардың осы қазбаның терең және бай тарихы туралы білгенін қалаймын», деді ол.