Көктем шуағы төгіле үйдің айналасын тазалап, бұлақ көзін ашу – байырғы бабаларымыздан келе жатқан әдет. Осынау игі дәстүрдің жалғасы іспетті елімізде «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция басталған. Бұрынғыдай сенбідегі сенбілік қана емес, жер-жерлерде тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр.
Биылғы тазалық жұмыстары бір аптамен ғана шектелмейді, екі ай көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын таппақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыларына аумақтарды тазарту, абаттандыру, көгалдандыру жөнінде тапсырма берген. Сондай-ақ жолдарды ретке келтіру керектігі де айтылған. Бұдан былай жол бойындағы демалыс орындарының жағдайы әкімдердің жұмысынан хабар беріп тұратын бағалау параметріне айналады. Сөйтіп, су тасқыны айналып өткен өңір басшылары Президент тапсырмасын құп алып, білек сыбана іске кіріскен. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар.
Өңірде өткізіліп жатқан сенбілік туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов айтып берді.
– Аталған акцияға еліміздің әрбір өңірі қосылды. Науқанның алғашқы күнінен 13 сəуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Яғни бір апта ішінде тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды қоқыстан тазартуы керек. Алғашқы күннен бастап үш күн ішінде экологиялық акцияға 20 мыңнан аса адам қатысып, 27 техника жұмылдырылды. Тұрғын үй аулаларынан 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Өңір тұрғындарынан акцияға белсене қатысып, өз аулаларыңызды тазартуды сұраймыз, – деді Н.Рамазанов.
Осылайш, акция аясында 82 мың тұрғын үй ауласы мен 89 мың жеке үй ауласына тазалық жүргізілмек. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әр аптаға бөлініп, арнайы тақырыптар бойынша атқарылады. Алғашқы апта «Таза өлке» атауымен өтіп, тұрғындар, ұйымдар мен кәсіпорындар өз аумақтарын тазалады. Ал 20-27 сәуір аралығындағы екінші апта «Киелі мекен» деп аталады. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын тазалау, көшет егу жұмыстары қолға алынбақ. 27 сәуір мен 4 мамырға дейін «Жасыл аймақ» күндері өткізіледі. Бұл аптада тұрғындар көшет егіп, аймақты көгалдандыруға барынша атсалысады. Ал 4-11 мамыр аралығындағы күндер «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Бұл күні ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалау жұмыстары қолға алынады.
Сонымен қатар 11-18 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» күні өтеді. Бұл аптада өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, тұрғындар табиғаттың да жаңаруына үлкен үлесін қосады. Ең бастысы, құр акция емес, өнімді, нәтижелі жұмыс атқарылмақ.
Айтқандай, кейбір аудан әкімдігі ең таза аула иелеріне арнайы марапаттары барын да айтты. Тарбағатай ауданы әкімдігі «Таза Қазақстан» экологиялық акция соңында ең таза ауылға 10 млн теңге сыйақы беретінін хабарлаған. Нақтырақ айтқанда, аудан басшылығы тазалық акциясы қорытындысында «Ең таза ауыл», «Ең таза көше», «Ең үлгілі аула» аталымдары бойынша марапаттау туралы шешім қабылдаған.
«Ауылдық округ әкімдеріне ауыл тұрғындарын және ерікті жастарды ұйымдастыра отырып «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы аясында елді мекендерді, көшелерді, саябақтар мен алаңдарды, жайылымдарды, өзен-көлдердің жағалауына сенбіліктер ұйымдастыру, тазалық жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берілді. Яғни тұрғын үйлердің сыртқы қақпалары мен қоршаулары әдемі әрі түзу орнатылып, сырланған, үйлердің қасбеті әктелген, арықтардың жиегі түзу тартылған, көшелері тазаланып сыпырылған, көшелерде күл-қоқыстар жатпаған, ағаштардың түбі әктеліп, гүлдер отырғызылған ауылдардың 10 млн теңге ұтып алып, ол қаражатты ауылдың ажарын айшықтап, абаттандыруға жұмсауға мүмкіндіктері бар», деп жазды Тарбағатай ауданы әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар Зайсан ауданы да экологиялық акция аясында үздіктерді марапаттайтынын хабарлады. Аудан әкімдігі әр тұрғынды «Таза Зайсан – таза табиғат» акциясына жауапкершілікпен қарап, бір кісідей қатысуға шақырды.
Үздіктер жыл соңында аула сыртын гүлмен көмкеріп, көпке үлгі болғандар «Үлгілі үй», «Үлгілі мекеме», «Үлгілі көше», «Үлгілі мектеп», «Үлгілі ауыл» аталымдары бойынша арнайы жүлделермен марапатталмақ.
«Шығыстың алтын қақпасы атанған Зайсан жерінің тазалығын сақтау – баршамыздың міндетіміз. Экологияны, табиғатты таза ұстауға, сақтауға арналған бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы керек. Көрікті атамекеніміз Зайсан өңірі – ежелден қойнауы құтқа, өрісі малға толы, берекелі, мерекелі жер. Зайсан ауданы жылдан-жылға көркейіп, дамып, гүлденіп келеді. Ауданымыздың таза, көрікті болғаны – баршамызға ортақ мақтаныш. Әр тұрғынның аудан тазалығына, гүлденіп, көркеюіне қосатын үлесі орасан. Сондықтан аудан тұрғындарын, кәсіпкерлерді, меншік нысанына қарамастан мекеме, кәсіпорын, ұйымдар мен ұжым қызметкерлерін тазалық жұмыстарын жасауға, белсенді қатысуға шақырамыз», деп үндеу жасады Зайсан аудан әкімдігі тұрғындарға.
Әр аудан, әр көше, әр үйдің тұрғындары табиғатты таза ұстауға үндейтін акцияға атсалысып жатса, елімізде тазалық орнайтыны сөзсіз. Өзі жүретін жерді ластамайтын, қоқысты албаты тастамайтын, мәдениетті, саналы азаматтар қатары көбейеді.
Шығыс Қазақстан облысы