Денсаулықтың күтімі үшін дәрумен қабылдайтындар көп. Осы орайда көктем кезінде ағзаға дәл қандай дәрумен қажет екенін қаперде ұстаған жөн. Өйткені бүгінде қызыл-жасылды жарнамаларға сеніп, өз бетінше препараттарды ішіп жүре беретіндер бар. Ал оның ақыры не болып жатқаны мамандарға ғана аян.
Көктемде қуат беретін дәрумендер
Жуанның жіңішкеріп, жіңішке үзілердей көктемгі мезгілінде себепсізден себепсіз талай адамның ұйқысы қанбай, еңсесі басылып, ағзасы әлсіреп, көңілсіз күй кешеді. Діңкелеп жата бергісі келеді, қит етсе мұрны пышылдап, суық тиеді, тіпті күйзеліске түсетіндер де кездеседі. Мәселен, тұрақты оқырмандарымыздың бірі: «Мұндай халге дәрумен жетіспеушілігі әсер ететінін білмеппін. Д дәрумені жетіспесе, ағза әлсіреп, адам үнемі шаршаңқы, торығып жүреді де, созылмалы күйзеліске бейім болады екен. Ағза әлсірегенде түрлі ауру-сырқауға да төтеп бере алмайды. Дәрігерлер тағайындаған дәрумендерді қабылдағалы бері ойым да, бойым да сергек. Бұрынғыдай уайым-қайғыға берілмеймін. Еңсем тіктелді. Көңіл күйім де, күш-қуатым да көтеріліп келеді. Кейінгі үш жылда тұмауға мүлде шалдыққан жоқпын. Суыққа төтеп беретін иммунитет пайда болды. Өткенде моншаға барғанда үстіме оп-оңай он шелек мұздай су құйдым. Бұрын суық суға өлсем жолай алмайтынмын», дейді.
Ендеше, өзгелер де денсаулығын түзегісі келсе, ең алдымен ағзада қандай дәрумен жетпей жатқанын білу, В дәрумендер тобы, А, С, Е, фолий қышқылы, ферритин, темір, кальций, Д сияқты негізгі дәрумендерге міндетті түрде талдама жасатып, мамандар тағайындаған препараттарды қабылдағаны жөн. Бүгінде елдің көзі ашық, ағзаңыз қандай дәруменге шөліркеп тұрғанын дөп басып беретін медициналық орталықтар, талдау технологиялары бар десек те, мамандар кеңесіне жүгініп көрейік.
Мамандардың мәлімдеуінше, маусым аралығында адамдардың 80%-ына дейін дәрумен тапшылығын бастан өткереді екен. Бұл денсаулықтың нашарлауына әсер етіп, иммунитет төмендеп, соның салдарынан түрлі дерттерге соқтыруы мүмкін. Мұны дәрумен тапшылығы дегеннен гөрі, гиповитаминоз, яғни ағзадағы дәрумендердің төмен деңгейі деп атаған дұрыс. Ол ауа райының ерекшеліктеріне, өмір салты мен ішіп-жемге де тікелей байланысты.
«Көктемгі дәрумен тапшылығының белгілерін мынадан аңғаруға болады: апатия, бұрын ләззат алған нәрселер мен әрекеттерге қызығушылықты жоғалту; суық тию мен мұрыннан су ағу жиілейді, бір немесе бірнеше созылмалы аурулардың өршуі, ұйықтау, таңертең ұйқыдан тұрудың қиындауы, түн ортасында оянып кету, теріде безеудің пайда болып немесе терінің шамадан тыс құрғауы, шаштың сынуы, тырнақтың бөлінуі, іш қату, бұзылу, гастрит түріндегі асқазан-ішек жолдарында кеселдердің пайда болуы», дейді Алматыдағы №26 емхананың геронтолог дәрігері Светлана Фазылжанова.
Бұған қоса дәрігерлер қызыл иектің қанауы, зейіннің азайып, жиі бас ауырып, құлақта шу пайда болып, жеңіл бас айналу сияқты ахуалға немқұрайды қарауға болмайтынын ескертеді.
«Осы тізімдегі кемінде екі белгі байқалса, онда бұл – жедел түрде дәрумен жетіспеушілігімен күресу қажеттігінің нышаны. Көктемгі дәрумен тапшылығы ересектерде ғана емес, балаларда да бола береді», дейді Алматыдағы №11 қалалық емхана директорының орынбасары Алмаш Ардабаева.
Ағзаны керекті дәруменмен байытуда дұрыс әрі теңшелген тамақ үлкен рөл атқаратындықтан, дәрігерлер күнделікті аз мәзіріне балық, балғын шырын, түрлі көкөніс пен жеміс қосу, консервіленген тағамдардан бас тартып, дәрумендердің деңгейін тексертіп отыру да маңызды дейді. Күн шуағына шомылып, таза ауада серуендеу, тұрақты спорттық жаттығулар да дәрумен тапшылығын жеңуге көмектеседі.
Дәрумен тапшылығын елемеудің салдары ауруханаға дейін апарып, тіпті хируругтердің араласуын қажет ететін ауыр халге жеткізуі ғажап емес. Бұл – мамандардың тұжырымы.
Суицидті Д витаминімен жеңген ел
Енді мына қызықты қараңыз, күнделікті азық-түлікке қосылатын тұздың мөлшерін 17 грамға дейін азайтуды мемлекеттік тұрғыда насихаттап, сол арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын азайтып отырған Еуропа елдері бар. Сол сияқты тұрмыстық қалдықтардың өзін кәдеге жаратып, өз қоқысы өзіне жетпей, көрші елдерден қоқыс сатып алып, одан энергия алып отырған планетадағы жалғыз ел Швеция десек, суицидті Д дәруменімен жеңген де – осы мемлекет. Сонау 1960-1970 жылдарда өз-өзіне қол жұмсаудан алдыңғы орынға шыққан Швеция, жалпы Скандинавия елдері ол проблемадан Д дәруменінің көмегімен құтылған. Бұл елдердің географиялық орналасуы, климаты тұрғындарында Д дәруменінің тапшылығына душар ететіндіктен, халықтың психикалық саулығындағы кінәратты осы дәруменмен реттеген.
Одан да қызығы, Швеция халқы тапқан табысының жартысынан көбін салық ретінде мемлекетке төлеп отырса да, кезекті бір зерттеулердің нәтижесі дүниеде өзін ең бақытты сезінетіндер Скандинавия елдерінде тұратынын анықтаған көрінеді. Себебі «Lagom» ұғымы Швеция халқының санасына тумай тұрып құйылады. Өйткені бұл бақыттың кілті деп есептеледі. Бүкіл мемлекеттік жүйе, барлық өндіріс, қызмет көрсету, жалпы өмір сүру салты «Lagom» ұстанымына сүйенеді. «Lagom» деп отырғандары қарапайымдылық деген саяды. Ешбір адам өзін өзгеден артық көрсетуге тыраштанбайды. Ал мақтаншақтық – мәдениетсіздік қана емес, тіпті жат қылық деп есептелінбек. Өзін қарапайым ұстау, жұртпен тең жүру – Швецияда ең басты құндылық.
Қала берді, архитектура да, жиһаз шығару өнеркәсібі де осы «Lagom» түсінігінде салынып, жасалады. Қазір сәнге айналған скандинавиялық стиль, минимализмді ойлап тапқан – осы ел. Үйде артық дүние тұрмайды, тек қолданатын дүние ғана болу керек. Бұл да – бөлмеге жиһазды үйіп, артық дүние жинап, мақтану мен өзгенің қызғанышын тудырмау үшін «Lagom» түсінігімен жасалған идея. Артық безендіру, асыра сілтеу жоқ, алтынмен аптап, күміспен баптап, жылтырақ тағып сәндеу дегеннен мақұрым.
Дәрумен тапшылығын баяндап отырып, басқа тақырыпқа ауып кеткендей көрінсек те, бүкіл саланы айналып келгенде бірінші кезекте адамдардың денсаулығын сақтауға жұмылдырып, түпкілікті мақсатын бір ізге үйлестірген елдердің үлгісі бізді ойлантуға тиіс. Бұл да «Lagom» деген түсініктіктен пайда болған дүние – артық жұмыс істеймін деп ақшаға құнығып кетпеу, уақытын отбасына, өзіне арнау. Ашкөздікке салынбау. Яғни халқы денсаулығына, жүйкесіне артық салмақ салмай уақытында демалуын көздейді. Мұндай жүйе Швеция тұрғындарын әлемдегі ең бақытты елдің бірі етуге себін тигізіп келеді екен. Өзін бақытты сезіне білген адамның денсаулығы да мықты, қашанда көңіл күйі көтеріңкі болады билейді. Айтқандай, мұны біздің ата-бабаларымыз уайым-қайғысы жоқ адамның қара суға да семіріп, көңілі тоқ жүретінін дәйектеп кеткен. Ал бұл – дала пәлсафасы.
Сол Швецияда «Қомақты ақшаны несіне табасың, егер оны жұмсап, рақатын көретін уақытың болмаса» деген қағида бар. Сондықтан ақшаны қажетінше ғана тауып, жұмсап, рақатын көруге уақыт қалдырады. Мұнда уақыты жоқ адам ең кедей адам екенін жақсы түсінеді.
Ал біздің айтпағымыз, қарапайым бір ғана дәруменнің жетіспеушілігі адамдарды күйзеліске душар етіп, қуанышымызды көлегейлеп, тіпті суицидке жетелеуге түрткі болып жатса, онда ағза дейтін әлі күнге дейін толық зерттеліп бітпеген әлемге дәрумендермен қоса, қаншама қорек, нәрмен қоса, оны түйсінуге парасат пен пайым да керек екені даусыз.
АЛМАТЫ