• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 19 Сәуір, 2024

Заң қатаймай, құқықтық қоғам орнамайды

233 рет
көрсетілді

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер мен толықтырулар енгізілген, бір-бірімен бітеқайнасқан бірнеше заңға қол қойды. Заң­дарда нендей өзгерістер болғаны қоғамда қызу тал­қы­ланып, әлеуметтік желі, ақпарат құралдары ар­қы­лы аз айтылып жатқан жоқ. «Құқықтық мемлекет құра­мыз десек, азаматтардың заңға бағынуынан бөлек, мемлекет сол заң талаптарын да қатайту керек». Біз сөзге тартқан спикер­лер­дің ортақ пікірі осындай.

Беті ашылған бітеу жара

Шаңырағының шырқын бұзып, отбасының құтын қашырған опасыз әкелер туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық картинасын көрсететін ресми дерек пен статистиканы қайталамай-ақ қояйық. Осы заңның төңірегінде қоғамда да, Мәжіліс қабырғасында да талқылаулар басталғалы «Eqemen Qazaqstan» бетінен де бұл мәселе түспей келеді. Бір анығы, осы кезге дейін бітеу жара күйінде келген бұл кеселдің кейінгі уақытта қоғамдағы «қатерлі ісікке» айналып бара жатқаны ендігәрі үнсіз, қамсыз әрі қарекетсіз қарап отыруға болмайтын күрделі ахуалға алып келді. Тіпті тепсе темір үзетін ерлердің әйелі, баласына қол көтеруі қалыпты жағдайға айналып, етіміз өліп, қанымызға да сіңіп кеткендей.

Бір ғана мысал, қайбір жылы Бейсен Құранбектің «Айтуға оңайы» бағдарламасына кейіпкер болып келген ер азаматтың «Әйелімді көп­тен бері ұрмап едім, мінезі қайта шығыпты. Менен қаймығуды қойып, сөз қайтаратын болды. Жүйкем шыдамай жұдырығымды жұмсап жіберіп едім, бұл «тәрбиеме» көнбей, төркініне кетіп қалды», дегеніне құдайшылығын айтайық, жарты Қазақстан күлген шығар. Өйткені ол азаматтың көше жаргондарымен сөйлеу «стилі», ойын ашық айтып отырған әртістігі еріксіз езу тартқызып еді. Оның ар жағындағы әйел тағдырына, отбасының бұлыңғыр берекесіне, айырылысқан ата-анасына алаңдаған балаларының жүрегіне үңіліп, түпкіріндегі сызды сезе алдық па? Ал осы жағдай заңдары қағидатынан таймайтын классикалық құқықтық мемлекеттің эфирінде көрсетілсе, әлгі «батырды» көп ұзамай бір жағына шығарар еді. Біз оның біреуді ұрып қойғанын былдырлай баяндаған баладай қылығына күлдік те қойдық.

Мүмкін бағдарлама редакторлары, заңгерлері оларды татуластыру жағын ойластырып, әрекет еткен шығар. Бірақ қоғам айтарлықтай дүрліге қоймап еді. Осылайша, әйелге қол көтеру «дәстүрімізге» айналып кете жаздап, Бишімбаевтың ісінен кейін бүкіл қазақ қоғамын ұйқысынан оятты. Тіпті «Салтанат Заңы» деген ұранмен бұл оқиға Еуропа елдерін шарлап, түрлі қолдау акциясының ұйымдастырылуына түрткі болды. Ондағы талап – заңды қатайту, ендігәрі ер азаматтардың еркінсуіне мүлдем жол бермеу.

 

Бәрі неден басталды?

Қоғамдағы ана мен баланың қауіп­сіз­дігіне, құқығына қатысты жылдар бойы күрделенген ахуал Бишімбаев ісіне дейін-ақ шегіне жетіп тұрған еді. Еліміздің әр жерінде отбасыларда болып жатқан ауыр қылмыстарға қатысты қоғамдық пікірге бейжай қарамаған Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауларында әйел мен балаға қатысты зорлық-зомбылықтың жазасын қатаңдату жөнінде тапсырма берді.

Көп ұзамай еліміздің заң шығарушы органы Парламент бұл мәселеге баса мән беріп, өткен жылдың қазан айында Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлей­менова тиісті заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерге бастамашы болып, іске кірісіп кетті.

Осы жылдың 31 қаңтарында бар­лық сараптамадан өткеннен кейін, Мәжі­лістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобасын қолға алып, жұмыс тобының жетекшісі болып депутат Жұлдыз Сүлейменова бекітілді. Топ құрамына Мәжіліс депутаттары, Үкімет пен күштік құрылымдардың, қадағалау органдарының өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткерлері, Үкіметтік емес ұйым өкілдері кіріп, бұл мәселені барынша зерделеді.

Осылайша, заң жобасы Мәжілістің биылғы 21 ақпандағы жалпы отырысында бірінші оқылымда қорытынды әзірлеуге жіберіліп, заңның өзі бір аптадан кейін екінші оқылымда қабыл­дан­ды, әрі қарай Сенатқа жолданды. Осылайша, 11 сәуірде Сенаттың мақұл­дауын алған заңға Президент қол қойды.

 

Заңдық реттеудің бастамасы

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин көпті шулатқан заңның қабылдануына байланысты үш мәселеге назар аудару керектігін айтады.

«Бірінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қоры­тын­дылайды.

Екінші. Тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы күрестің тиімді меха­низмін жасау – билік пен қоғамның сын­дарлы ынтымақтастығының нәти­жесі. Мысалы, бұл саладағы алғаш­қы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленді. Қабылданған заңды даярлауға да Бала­лар­дың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссияның мүше­ле­рі белсене атсалысты.

Үшінші. Жаңа заң – Президенттің қоғам­дағы бес кеселмен күресу жөнін­дегі жалпыұлттық бастамасы аясын­да қабылданған нақты шараның бірі. Президент Атыраудағы сөзінде қоғам­дағы кеселдің бірі ретінде тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрес­сияны да атап өтті.

Осы құжатты қабылдаудың арқа­сын­да Қазақстанда зорлық-зомбы­лыққа қарсы іс-қимылға негіздел­ген ең озық заңнама қалыптасты. Сонымен бірге отбасындағы зорлық-зом­бы­лықпен тиімді күресу үшін қоғамда агрессияның кез келген түріне төзбеушілік ұста­ны­мын орнықтыру маңызды», деген Мемлекеттік кеңесші қоғамда өзара көмек пен сыйластық, басқа адамдарға құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеу керектігін де баса айтты.

 

Құқықтық мемлекеттің нақты қадамы

Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі бол­ған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлеймен­о­ва егер шын мәнінде қауіпсіз және құқықтық мемлекетке айналамыз десек, бұл дертпен күресіп, себеп-салдарын анықтап, соған қатысты қадам жасауы­мыз керектігін білдірді.

– Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зиянын, одан отбасыға келер кеселді балабақшадан бастап, барлық оқу орнында оқытып-түсіндіру, ұлттық тәрбиеміздегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағидаға сүйене отырып, дәл сондай тәрбиені ер бала­ларға да үйрету, оқыту қажет. Халық­аралық тәжірибеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зиянын оқытып, түсіндіру әдістемесі бар. Бұдан бөлек, құрбандарға, жәбірленушілерге қолдау көрсетудің қызметтері қолжетімді болуы қажет. Азаматтық қоғам ұйым­дары мен жергілікті өкілді билік және қоғамдастық барлығы ынты­мақ­тас­тық­қа ықпал ететін заңна­малық шараларды қам­титын ауқымды тәсілдерді жүзеге асыруға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам­дағы кез келген құқықбұзу­шы­лық­қа қатысты жазаны қатаңдату тапсырмасына сәйкес, Мәжіліс қабылдаған әйелдердің құқығын қорғау, бала­лар­дың қауіпсіздігін сақтау заңы кешенді әрі ауқымды әдіс-тәсілдерді қамтыды. Бұл проблеманы біздің елде ғана бар деп айтқанымыз артық болар. Өйткені БҰҰ-ның статистикасына сүйен­сек, әлемде әрбір үшінші әйел жыныстық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көреді. Қазір әлемдегі 155 мемлекет осы бағыттағы заңдарын қатаңдатқан. Сондықтан отбасылық зорлық-зомбылықты адамның құқығын таптауға бағытталған қоғамдық дерт деп қарастыруымыз керек. Егер шын мәнінде шынайы әрі қауіпсіз, құқықтық мемлекетке айналамыз десек, бұл дертпен күресіп, себеп-салдарын анықтап, соған қатысты қадам жасауымыз қажет. Мұны осы кезге дейін де көптеген зерттеуші, құқықтанушы мен білікті заңгер айтып келді, – дейді Ж.Сүлейменова.

Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл заң әр азамат үшін қауіпсіз, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары қорғалған шынайы құқық­тық мемлекет құру жолындағы нақты қадам болып отыр.

Расында құқықтық мемлекет құру қағаз бетінде, құжат жүзінде реттей салатын және өздігінен қалыпқа түсе қоятын шаруа емес. Бұл кейбір дамыған мемлекеттерде ғасырлар бойы қалыптасса, кей халықтың құқық­тың санасына, мәдениетіне қай­ран қаласың. Қынжылтатыны, Орталық Азия елдерінде, оның ішінде өзіміздің Қазақстанда да бұл мәселеде мақтана алмай келеміз. Өкініштісі сол, құқықтық мемлекетке тағы бір қадам басқанымызды көрсететін бұл заңның нормаларын қатайтамыз дегенше қаншама қорғансыз әйел құрбан болды, қаншамасы денсаулығынан айырылды. Қатал қоғам әкесінен таяқ жеп жатқан анасына араша түскісі келгенімен, қайраты жетпей, қарсылығынан қай­ран болмай қаншама бейкүнә бала­ның сағын сындырып, қаншауының тағдырын тәлкекке тастады екен?..

Құқықтық мәдениетіміз қалып­тас­ты­ра алмаған құқықтық мемлекетке, заң қағидаттарына салтанат құрған қоғамға қатайтылған заңымыздың нормативтік актілері алып барар деген сенімдеміз.