Тасқын су сейіле қоймаған өңірлерде апаттық-құтқару жұмыстары үздіксіз жалғасып келеді.
Жедел іс-шаралардың нәтижесі
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мекемелерден бастап, Қарулы күштердің сарбаздары, медицина, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тағысын тағы бірнеше саланың мамандары апат аймағында жедел көмек көрсетуге асығады. Кәсіби мамандар мұнымен шектелмей, тасқынның салдарын жоюға да жәрдемдесіп жүр.
Тасқынға қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 18 651 адам үйіне оралған. Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз аймаққа мейлінше ерте көшіруге көңіл бөлген. Су басқан өңірлерде осы күнге дейін 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың хабарлауынша, қазір эвакуациялау бекеттерінде 6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала бар. Осы күнге дейін 4 216 тұрғын үй мен 2 698 аулаға беттеген қызыл судың бағыты ашық аумаққа бұрылды.
Апат аймағынан 10,1 млн астам текше метр су шығарылып, 3,2 млн қап және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселген.
– Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула су астында қалды. ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтері су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілік етеді. Жедел желіге 1 932 қоңырау түсті. Апаттан құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 44 156 адам, 4 611 техника, 860 сорғы құралы, 332 жүзуге арналған құрал, 18 әуе кемесі жұмылдырылды. Өңірлерден келген волонтерлер де тасқынның жолын бөгеуге жәрдемдесіп жатыр,– деді Е. Сайпаш баспасөз мәслихатында.
Нақ қазір Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 38 төтенше жағдай қызметі әрекет етеді. Министрлік су басқан өңірлердің тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға, үйден, эвакуация бекеттерінен рұқсатсыз кетпеуге шақырады. Балаларды қараусыз қалдырмау керегін ескертеді.
Ештен кеш жақсы
Президент тапсырмасымен Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірлегені жөнінде осыған дейін де жазғанбыз. Сол жоспарға елдегі қолайсыз ауа райынан туындаған қайшылықтар енгізіліп, толықтырылғаны тағы бар. Жоспарда жаңадан 57 су қоймасын салу қарастырылған. Оның 20-сы су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасында да көзделіпті. Атап айтар болсақ, Ақтөбе облысында төрт су қоймасын, Түркістан және Жамбыл облыстарында үш су қоймасын, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 2 су қоймасын, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Абай облыстарында бір су қоймасын салу жоспарланып отыр. Қош, бұл жоба-жоспарларға қаражат қарастырылып, құрылыс басталғанша әлі біршама уақыт қажет секілді. Бір жағынан, аса жауапты шаруаға асығыс кірісіп, кемшілік жіберуден сақтанған әлдеқайда тиімдірек. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева осы және өзге де өзекті сауалдарға қатысты ақпараттарды баспасөз мәслихатында баяндады.
–Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100% толды. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100% толған. Өңірде су тасқыны әзірге басыла қойған жоқ. Сергеев су қоймасындығы бөгеттің жотасынан асып кеткен судың биіктігі 2,6 метр. Қазір Петропавл қаласының шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1355 см. Бұл көрсеткіш өткен тәуліктен бері өзгерген жоқ. Аймақта әлі де болса жағдай күрделі,– деді М. Әбдуалиева.
Ал Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%-ға жетіпті. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде жағдай тұрақты. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 80%. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 74%-ға толған. Өңірде су тасқыны басылмаған. Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасының орташа су жинау қарқыны 80%. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Ресеймен шекарада Жайық өзенінің деңгейі 818 см. Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 98% толған. Жағдай тұрақты. Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеде жұмыс істеп тұр екен.
Шаруаға жайлы жыл болсын
Тағы бір маңызды ақпар айтар болсақ, Батыс Қазақстан облысында «Қазсушар» мамандары Жайық-Көшім жүйесінен Қамыс-Самара көлдеріне қарай 20 жылда алғаш рет су жіберіпті. Бұл бір жағы жағымды хабар. Вегетациялық кезеңге дейін су жинап үлгермейтін су қоймалары толып, жылдар бойы суға сусап келген өзен-көлдердің өзі арнасынан асты. Қор жиналды. Мысалы, былтыр Астана су қоймасының әлеуеті қаланы ауызсумен толық қамтамасыз етуге жетпеген еді. Содан су қоймасын Қ.Сәтбаев каналы арқылы толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеудің құны шамамен 2 млрд теңгеден асыпты. Бұл дегеніңіз аз ақша емес. Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасына алғаш рет 270 млн текше метр су жіберілген. Осыған байланысты Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті. Сол секілді Іле трансшекаралық өзенінің ағыны Алматы облысының Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуге мүмкіндік беріпті. Табиғи апаттың салдарын жоюмен қатар, су қорын әдеттегіден молырақ жинап қалған өңірлер биыл малға құт, шаруашылыққа жайлы жыл болады деген сенімде.
Бүгінге дейін су басқан аймақтардан 112,5 мың бас мал қауіпсіз аймаққа шығарылған. Өлген малдың саны 7 035-ке жеткен. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ облыс әкімдіктерімен бірге өлген малды жинап, жою жұмыстарын жалғастырып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдиннің хабарлауынша, су астында қалған өңірлерде эпизоотиялық жағдай тұрақты.
– Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен өлген малдың құнын өтеу алгоритмі бекітілді. Сол алгоритмге сәйкес су тасқынынан малы өлген тұрғындардың бәрі өтемақы алуға құқылы. Малдың таңбасын дерекқордағы таңбамен салыстыру жолымен иесі анықталады. Ал мал тіркелмеген жағдайда шығын куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен анықталады. Малға өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де тартылады. Ол үшін малдың егесі жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш қалдыруға тиiс. Өтінімді тек жергілікті әкімдіктер құрған ресми комиссияларға ғана беру қажет. Өтемақы осылай төленеді», – деді О. Тілебалдин.
Су тасқынынан кейін жағдай тұрақталған өңірлерде әкімдіктер мал шығынын өтеуге кірісті. Мысалы, Қарағанды облысында мал шығыны толығымен өтелген. Ал Қостанай облысында әзірге 268 мал басы бойынша төлем жасалған. Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясында, Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансаларында алдағы егіс науқанына қажетті астық қоры жеткілікті екен. Азық-түлік корпорациясы зардап шеккен шаруаларға бөліп төлеу шартымен тұқым беруге дайын екенін айтып отыр. Тұқым қажет болған жағдайда шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігінің сенім телефонына хабарласа алады.
«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, облыстардағы ішкі өзендердің көбінде су тасқынының шарықтау кезеңі өткен. Болжамға сәйкес, Батыс Қазақстан облысы аумағынан су тасқыны толқынының түсуі сәуірдің үшінші онкүндігінде, яғни 28-29-да күтіледі екен. Шығыс Қазақстан облысындағы жазық аумақта қардың еруіне, көлбеу ағындардың пайда болуына және өзендердің ашылуына байланысты су тасқынының бірінші толқыны байқалған. Ол сәуірдің екінші онкүндігіне дейін жалғасады деседі. Жайық өзеніндегі су тасқыны Ресей Федерациясынан (Орынбор қаласы) Орал қаласына судың түсуіне байланысты 18-20 сәуірде күшеюі мүмкін. Ал Ақмола облысында Есіл өзенінің салаларында судың молаюына байланысты тасқынының екінші толқыны басталған. Екі өңірде де тасқынның алдын алу шаралары нәтижелі болып, жағдай тұрақталса дейміз. Кейінгі тәулікте тасқынға қатысты жарияланған ресми мәліметтің қысқаша реті осындай.