Сенат депутаттары Ольга Перепечина мен Жанна Асанова Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының көктемгі сессиясына қатысып, ЕКПА Төрағасы Теодорос Русопулоспен кездесті. Жиын қатысушылары Қазақстанның Еуропа Кеңесімен және Парламенттік Ассамблеямен әріптестік қатынастарын дамытуды, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау, демократия, заң үстемдігі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат Төрағасының орынбасары, Қазақстанның ЕКПА-дағы парламенттік делегациясының басшысы Ольга Перепечина Қазақстан Парламенті мен ЕКПА арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап 20 жылда өзара іс-қимыл толық өзара түсіністік шеңберінде дамып келе жатқанын атап өтті.
Ол Парламенттік Ассамблеяның басшысын еліміздегі әділетті Қазақстан құруға орай жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және демократиялық өзгерістермен таныстырды.
Теодорос Русопулос Қазақстанға демократиялық мемлекет құруға жан-жақты жәрдем беруді жалғастыруға, ҚР Парламентімен тұрақты байланыста болуға және өз мандаты бойынша елімізге бару мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.
Ұлттық делегациялардың басшылары – депутаттар Жолт Немет (Мажарстан), Киммо Килюнен (Финляндия), Бертран Буй (Франция), Рубен Рубинян (Армения), Элизабетта Гардини, (Италия), Эмануэлис Зингерис (Литва) - Қазақстан парламентшілерімен байланыстарды жандандыруды және парламентаралық дипломатияны нығайтуды жақтады.
Олар Қазақстандағы конституциялық өзгерістер, өлім жазасын жою, Парламентте әйел адамдардың санын көбейту, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын күшейтумен қоса еліміздің демократиялық бағытына қолдау білдірді.
Қазақстан сенаторлары сапар барысында еуропалық консерваторлар мен Демократиялық альянс топтарының, сондай-ақ Біріккен еуропалық солшылдардың отырыстарында сөз сөйледі.
Депутаттар 18 сәуірде Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының 20 жылдығына арналған «Қазақстан мен ЕКПА арасындағы ынтымақтастық тәжірибесі мен болашағы» тақырыбындағы жарнама сайт шарасына қатысты.
Еуропа Кеңесінің парламентшілері көктемгі сессия шеңберінде «Қазақстанның Адам құқықтары, демократия және Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық саласындағы ілгерілеуі» атты жазбаша декларация қабылдады. Онда әділетті жаңа Қазақстанды құрудың ажырамас бөлігі ретінде демократиялық және саяси реформаларды іске асырудағы еліміздің елеулі жетістіктері атап өтілді.