Қарғын судан жапа шеккен аймақ тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелту акциясы Шымкентте қарқынды жалғасып келеді. Күні кеше қайырымдылық іс-шарасына қатысқан түрлі ұйымның сауапты ісінен қалыс қалмауды ұйғарған мегаполистің беделді 5 жоғары оқу орны апат болған аймақтарға гуманитарлық жүк көліктерін аттандырды. Осынау маңызды бастамаға ұйытқы болған – Тәшенов атындағы университет басшылығы. Қандай көмектің жіберілгені, басқа нендей қолдау шаралары қарастырылғаны жөнінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек айтып берді.
«Тәшенов университетінің құрылтайшысы Оңалбай Аяшевтің қолдауымен Шымкенттегі 5 жоғары оқу орны тасқын судан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына 5 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жіберді. Біз сол аймақтағы жоғары оқу орындарымен тікелей байланыс жасап, қауіпсіз жерге көшірілген және апат аймағында тұрып жатқан отандастарымызға қандай көмек қажет екенін біліп, сол бойынша материалдық жәрдемнің тізімін жасадық. Негізінен бүгінгі таңда ол жаққа күректер, сусорғылар, көрпе-төсек, резеңке етіктер қажет екен. Біз солардың барлығын алып, салып жібердік. Мәселен, қызыл су басқан аймақтан эвакуацияланған 600 тұрғынға бүгінгі таңда көрпе-төсек жабдықтары, гигиеналық заттар, сүлгілер, кішкентай балаларға жаялықтар керек екенін анықтадық. Сол қажеттіліктерді жүк көліктерімен жөнелттік. Материалдық заттармен бірге тез бүлінбейтін макарон, пісте май секілді азық-түлік өнімдерін қоса жібердік. Әр жоғары оқу орны қайырымдылыққа шамамен 5 млн теңгеден жұмсады. Сонда мегаполистің 5 университеті 25 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберіп отыр», деді университет проректоры.
Сонымен бірге аталған оқу орнының басшылығы Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институт әкімшілігімен байланысып, үйлері суға кетіп, эвакуациялық орталықта қалған 21 студентке 300 мың теңгеден жалпы сомасы 6 млн 300 мың теңге қаражат аударыпты. Осы орайда маман осындай қиын кезеңде ел басына күн туған шақта бір-бірімізге қолұшын беріп, бар қиыншылықты бірлесіп еңсеру қажеттігін еске салды. Гуманитарлық көмекті жіберудегі басты мақсат та сол болатын.
Ал материалдық көмек жіберген жоғары оқу орындарын атасақ, олар Тәшенов университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университеті, Орта Азиялық университет, сондай-ақ академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті.
Жалпы, педагогикалық университет ұстаздары апат аймағындағы тұрғындарға қолұшын созып, бір күндік жалақысын аударған. Ол 8,5 млн теңгені құрайды. Соның 6,3 млн теңгесі Арқалықтағы студенттерге жіберілсе, қалған қаражат кәсіподақ қолдауымен толықтырылып, жүк керуенін жасақтауға жаратылған. Сонда жалпылай алғанда аталған университет 10 млн теңгеге көмек көрсетіп отыр. Бұл университет тарихындағы ең ауқымды қайырымдық іс-шарасы десе де болады. Өз кезегінде университетте ісмерлікпен, ұсталықпен түрлі киім тігіп, бұйымдар жасайтын өнерлі студенттердің жәрмеңке арқылы дүниелерін саудаға шығарып, одан түскен қаржыны Солтүстік Қазақстан облысындағы жапа шеккен тұрғындарға жіберсек деген ниеттері бар екен. Осыған байланысты келер аптада жоғары оқу орны ғимаратында ауқымды жәрмеңке өтеді.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі бүгінгі таңда ректорлармен, проректорлармен күн сайын жиналыс жасап отыр. Біз өз тарапымыздан жапа шеккен аймақтардың түлектеріне арнайы грант қарастырып, жатақханамен қамтамасыз ету жағын қолға алатымыз жөнінде министрлікке ұсынысымызды жолдадық. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын. Өзіміз алыста болсақ та, жүрегімізбен отандастарымызбен біргеміз», дейді Б.Исабек.
Жалпы, Шымкент қаласында қайырымдылық іс-шарасынан ешкім қалыс қалып жатқан жоқ. Әрбір ұжым, әрбір мекеме хал-қадерінше көмек қолын созуға тырысып жатыр. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкенттегі филиалы төсеніштер, 3 моторлы қайық, құм салатын қаптар, күрек-саймандар жіберген. Сонымен бірге мегаполис мешіттері тасқыннан зардап шеккен Қостанай жұртшылығына 10 млн теңге жинап берген.
Бұдан бөлек шаһардан қарғын сумен алысқан отандастарымызға техникамен жәрдем көрсету үшін екі жүздей техника да жіберілді. Ал «Жүректен – жүрекке!» қайырымдылық акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, түрлі этномәдени бірлестік ұйымдасып, осымен бірнеше рет тонна-тонна материалдық көмек жіберуден аянып жатқан жоқ. Мәселен, жуырда Солтүстік Қазақстан облысына мегаполистің этномәдени бірлестіктері 33 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Жалпы, осы кезге дейін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына үш рет гуманитарлық көмек жіберген болатын. Оның жалпы көлемі 60 тонна болса, қаражат жағынан 40 млн теңгені құрады. Шымкент қалалық ҚХА мен іскер әйелдер қауымдастығы жуырда кезекті қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Тағы да апат аймақтарына тұрмыстық заттар мен азық-түліктерді тиеген жүк көліктері жолға шықты.
Түркістан және Шымкент Жанармай құю стансалары ұжымының басшысы Пердебай Мырзашүкіровтің айтуынша, Ассамблея мүшелері қауіпсіз аймаққа көшірілген адамдарға үрлемелі қайық, сусорғылар, ұзын резеңке етіктер, құтқарушы жейделер, шамшырақ, күрек, қолғап, құбыршек секілді қажетті керек-жарақ заттарын жөнелткен.
«Бұл – біздің ерікті түрде жасап жатқан көмегіміз. Бұған дейін азық-түлік өнімдері, түрлі тұрмыстық затпен көмектестік. Оған қосымша қаржылай да қолдау көрсетіп жатырмыз. Алдағы уақытта ел болып осы сыннан сүрінбей өтетінімізге сенімім кәміл», деді ол.
Шымкенттің еріктілері бүгінде тек гуманитарлық көмекті жинап қана қоймай, су басқан аймақтарда апатпен күресіп жүр.
ШЫМКЕНТ