Әр елдің шекарасының беріктігі мен тұтастығы ұлттық стратегиясының басым бағытына жатады. Еліміздің 14 өңірінде 65 аудан 5 мемлекетпен шектескен. Шекара маңындағы елді мекендердегі әлеуметтік нысандар, шағын және орта бизнес, туризм, сауда, жұмыс орындарын құру, халықты тұрақтандыру тетіктерін әрдайым назарда ұстап, ұдайы жетілдіріп отыру – уақыт пен қоғам талабы.
Жүргізілген экономикалық зерттеулер егемендік алған 33 жылда ауыл халқының саны 1991 жылы 42,4% болса, 2024 жылы 20 млн халықтың 62,1%-ы (12,4 млн адам) қалада, 37,9%-ы (7,5 млн адам) ауылдық жерлерде тұратынын көрсеткен. Бүгінде 17 облыстың 166 ауданындағы 6 295 елді мекеннің тұрғыны, әсіресе жастар қалаға қоныс аударып жатыр. Соның ішінде шекара маңындағы 65 (3,4 млн адам) аудан тұрғынының басқа елдерге қоныс аударуы алаңдатады. Шекара маңындағы облыстарды географиялық орналасуы мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, шартты түрде 5 топқа бөлуге болады. Ресеймен шектесетін облыстар: Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, СҚО, Павлодар, Абай, ШҚО; Қытаймен шектесетін облыстар: Алматы, Жетісу, Абай, ШҚО; Қырғызстанмен шектесетін өңірлер: Алматы, Жамбыл; Өзбекстанмен шектесетін облыстар: Түркістан, Қызылорда; Түрікменстанмен шектесетін өңірлер: Ақтөбе, Маңғыстау.
Шекара маңында орналасқан аудандар халқының қазіргі жағдайына жүргізілген талдаулар 2000-2023 жылдар аралығында Ресеймен шекаралас солтүстік және шығыс облыстарда тұрғындар: Ақмолада – 85 479 (19,8%), Қостанайда – 13 9670 (30,6%), Павлодарда – 67 654 (19,8%), СҚО-да – 168 194 (28,5%), ШҚО-да – 141 161 (22,5%) адамға азайғанын көрсеткен. Кейінгі 23 жылда аталған облыстардан 602 158 адам басқа елдерге қоныс аударған. Сонымен қатар шекара аймақтарындағы 9 шағын қалада: Жаркент (Жетісу); Жетісай, Сарыағаш, Шардара (Түркістан); Зайсан, Шемонаиха (ШҚО); Булаев, Мамлютка (СҚО); Жітіқара (Қостанай) 220,7 мың тұрғын бар. Шекара маңындағы аумақтардың демографиялық жағдайы халық санының қысқаруымен, оның ішінде көші-қон бойынша теріс көрсеткіштердің есебімен сипатталады. Ал халықтың қоныс аударуының негізгі себептері – ауылдағы табыстың төмендігі, тұрмыс сапасының қанағаттанарлықсыз деңгейі, көлік қатынасының нашарлығы, сондай-ақ әлеуметтік және инженерлік жол инфрақұрылымымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі.
Бұл факторлар шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесінің өзектілігін, өткірлігін тағы бір айғақтайды. Яғни шекара маңындағы ауыл-аймақтардағы жергілікті әкімшілік басқаруды жетілдіру мәселесіне ерекше назар аудару керек. Бұл төңіректегі тұрғындарды жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, автомобиль жолдарының жай-күйі, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым мәселелері толық шешілмеген.
Еліміз дамудың жаңа кезеңіне бет алған кезеңде Мемлекеттік қызмет істер агенттігі жергілікті атқарушы және орталық орындаушы органдарына мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдірудің жаңа тетіктерін енгізіп жатыр. Өйткені мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында ұзақмерзімдік басымдықтардың бірі кәсіби мемлекет құру болып белгіленген. Мемлекеттік қызмет – халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, яғни жергілікті жерде тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, олардың талабы мен мақсаттарының орындалуына мүмкіндік жасауға міндетті мемлекеттік жүйе.
Бүгінде жергілікті әкімдіктер нарықтық экономиканың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерген, бәсекеге қабілетті және шекара маңындағы 1 283 елді мекенді дамытудың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларының инновациялық тиімділігін анықтай білетін білікті мамандарға зәру болып отыр. Елді мекендерді дамытудың стратегиялық жобаларын жасау мен жүзеге асыруға озық ойлы жас мамандардың білімін тиімді пайдалану керек. Сонда ғана шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік деңгейін көтере аламыз.
Бүгінде «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарының мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегі, түлектерінің сапасымен өлшенеді. Бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие мамандарды білікті оқытушы-ғалымдар даярлайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық QS рейтингінде 230-орында, ал QS Asia университеттері рейтингінде 29-орынды иеленіп отыр. Демек «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарының түлектері сапалы деңгейде даярланып жатыр деуге толық негіз бар, сол себепті де сұранысқа ие болып отыр.
Осыған орай оқу ордасын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарымен бітіруші магистранттар мен докторанттарды шекара маңында орналасқан елді мекендердің әкімшіліктеріне конкурссыз, арнайы келісімшартпен 5-10 жылға жұмысқа қабылдау тетіктерін енгізу қажет деп санаймыз. Даярланып жатқан мамандардың кәсібилігі, ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық стратегиялық міндеттерді белгілей білуі, инновациялық әдістер мен тәсілдердің тиімділігін анықтай алуы, нарық үдерістеріне түзетулер мен толықтырулар енгізуге қабілетін ұтқыр пайдалана отырып, ұлттық мүдделеріміз бен мемлекеттің саясатын жүзеге асыра алатын жергілікті басқару жүйесін қалыптастыруымыз керек. Ең бастысы, шекарадағы 65 аудандағы 1 283 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық деңгейін, халықтың тұрақтануы мен демографиялық деңгейін реттеуге күш салу. Ол үшін барлық ресурстарды іске қосу маңызды.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы