• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2024

Полиция халықпен бірге

137 рет
көрсетілді

Сәуір айы басталғалы Батыс Қазақстан облысы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімінде өмір сүріп жатыр. Бұл уақыт – әсіресе құқық сақшылары үшін аса жауапты кезең.

Халқымыз «Ер басына күн туса,  етігі­мен су кешер» дейді. Бейбіт күннің өзінде түрлі қылмыстың алдын алып, қара басын қауіп-қатерге тігіп жүретін полиция қызметкерлері қазірде тіпті қауырт жұмыс кестесіне көшкен.

Осы кезге дейін Батыс Қазақстан облысында 8 мыңдай адам тасқын судан қауіпсіз жерге көшірілсе, соның барлығының басы-қасында құқық сақшылары жүрді. Су шайып, жабыны бүлінген жолдардың тұсында да тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр.

БҚО полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің айтуына қарағанда, облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға күні бүгін 700-ден астам полиция қызметкері мен 104 техника жұмылған.

Адам баласы қызық. Кейбір кісілер бүкіл елге келген қауіп-қатер жалғыз өзін айналып өтіп кетердей қамсыз жү­реді. Тілсіз жау табалдырығына келіп, ше­гі­нетін жер қалмағанда шара­сыз күй­ге түседі. Полиция қызметкерлері осын­дай талай жанды ажалдан арашалап алып шықты.

Мысалы, өткенде еріген су Ұзынкөл су қоймасына жан-жақтан құйылып, бөгетті бұзып кете жаздады. Іргедегі ауылды басып кету қаупі төнді. Сын сағатта ауыл тұрғындарының өзін ғана емес, мал-мүлкі мен төрт түлік малын құт­қа­ру қажет болды. Осы қарбаластың ішін­де төтеншеліктер және Ұлттық ұлан сар­­баздарымен бірге полиция қыз­мет­кер­­­лері де жүрді. Сол күндері Ұзын­көл, Жаңа­­өмір, Кемер, Юбилей­ный елді мекен­дерінен 2 829 адам көшірілген екен.

Сәуірдің 4-і күні «Вымпел» саяжайын­да тосын оқиға болды. Алдын ала хабар­ландыруға қарамастан, саяжай үйлерінің бірінде адам қалып қойған. Қас пен көздің арасында айналаға лап қойған тас­қын судың ортасында қалған бейшара үйінің шатырына шығып үлгеріп, саяжай төрағасына хабарласыпты. Да­был Шаған полиция бөліміне де түсті. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі №21 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Дидар Өтепов оқиға орнына жедел жетіп, су ортасында қалған азаматты қайықпен құтқарып алды.

Ал сәуір айының 2-сінен 3-іне қараған түні болған мына оқиға да бір отбасының трагедиясына айнала жаздады. 1966 жылы туған азамат Ақсай қаласында вахталық жұмысынан шығып, өзі тұратын Кеңтүбек ауылына жаяу тартып кетіпті. Ауылға 5 шақырым жақын келіп, айналаны су басып кеткенін көреді. Кешіп өтуге судың ағысы қатты, айналуға басы көрінбейді, тас қараңғы. Сөйтіп, жүргенде телефонының қуаты таусылады. Амалсыздан тұрған жерінде көмек күтуге тура келеді. Жағдайды айтып, полициядан көмек сұраған жұбайы қатты алаңдаулы еді. Түн ішінде ауылдың учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Асхат Кәукеев жолға шығып, ауыл адамдарымен бірге трактормен төңіректі шарлап шықты. Абырой болғанда азамат табылды, қатты тоңып қалғанымен дін аман болып шықты. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.

Қазір батысқазақстандықтар Жайық­тан келетін жойқын су тасқынын қарсы алуға дайындалып жатыр. Мыңдаған адам өзен жайылмаларындағы елді ме­кен­­дерден қауіпсіз жерге көшірілді. Олар­­дың тұрғын үйлерін де сұғанақ қол­­дар­дан полиция күзетіп тұр. Өңірдің су басу қаупі бар аймақтары мен су ны­са­н­дарында 24 сағаттық кезекшілік ұйым­дастырылған.

Облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев жақында облыс прокуроры, 3-сыныпты мемлекет­тік әділет кеңесшісі Серік Шалабаевпен бірге қала маңындағы елді мекендер мен саяжай қоғамдарын аралап шыққан еді.

Жергілікті тұрғындармен болған бұл кездесулер өте пайдалы болды. Халықтың көңіліндегі уайым сейілген сыңайлы. Жеке мүліктің сақталуы, адам құқығының қорғалуы, табиғат апатынан келген шығындардың орнын толтыру мәселесі көпшілікті алаңдататыны анық. Құқық қорғау саласының жоғары лауа­зымды басшыларымен тіке жүздесіп, сауалдарына нақты жауап алған халық жергілікті билік өкілдері, мемлекет тарапынан жасалып жатқан кешенді қамқорлыққа алғыс айтты.

– «Апат айтып келмейді». Су тасқыны күтпеген сәтте келіп, біршама ауылды, үйлерді шайып кетті. Бірақ мен сіздерге Батыс Қазақстан полициясының жеке құрамы қашанда халықпен бірге екенін айтқым келеді. Біз үшін ең маңыздысы – азаматтардың амандығы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдағы, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері тікелей міндеттерімен қатар су басқан және су басу қаупі бар ауылдарда, саяжайларда тәулік бойы қызмет етіп, қолынан келетін барлық көмек­ті көрсетіп жатыр. Еліміздің басына түскен бұл сынақты бірге еңсеруге біз дайын­быз, – деді өз сөзінде полиция депар­таментінің басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы