«QS World University Rankings by Subject 2024» халықаралық пәндік рейтингі жарияланды. Оның нәтижесі бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік үздік 50 жоғары оқу орнының тізіміне енді.
Халықаралық пәндік рейтинг бойынша барлығы 149 елден бес мыңға жуық әлемдік университеттің көрсеткіштері талданды. Халықаралық жоғары оқу орындарында оқытылатын пәндердің сапасын британдық «Quacquarelli Symonds» агенттігі бағалады. Оның нәтижесі бойынша Еуразия ұлттық университеті жоғары көрсеткіштерді бағындырумен қатар, рейтингтегі өкілдігін 20 пәнге дейін кеңейтті. Еліміздің жетекші университеті 17 пәндік және 3 салалық рейтингте ұсынылған. Солардың ішінде «Қонақжайлылық және демалысты ұйымдастыру» бағытында рекордтық нәтиже көрсетіп, 2253 университет арасында үздік 50 жоғары оқу орнының қатарынан көрінген. Айта кетейік, бұл – Орталық Азия бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ оқу ордасы 5 пән бойынша алғашқы жүздікке енді. Олар: «Ағылшын тілі мен әдебиеті», «Заманауи тілдер», «Лингвистика», «Өнер және дизайн», «Қонақжайлылық және демалысты ұйымдастыру» пәндері.
«Отандық жоғары оқу орындарының пәндік рейтингтердегі орындары санының қырық бірден елу жетіге дейін және салалық рейтингтердегі тоғыздан онға дейін өсуі – айтарлықтай үлкен нәтиже. Жаңа тізімнің бірінші жүздігінде бірқатар пәндер бойынша өкілдіктің кеңеюі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің үздік елу пән бойынша көш бастауы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жарияланған рейтингтердегі дебюті және басқа да бірқатар маңызды жетістік – басшылардың, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің кәсібилігін көрсетеді», деді QS өңірлік директоры Сергей Кристолюбов.
Пәндік рейтингте университеттің академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілер арасындағы беделі, академиялық зерттеулердің дәйексөздері, халықаралық зерттеу желісінің индексі бойынша бағаланады. Көптеген сала бойынша Еуразия ұлттық университеті бірнеше сатыға жоғары көтеріліп, өткен жылғы нәтижелерін жаңартты. Атап айтсақ, «Тіл білімі» бойынша 94-тен 69-орынға, «Заманауи тілдер» – 88-ден 84-орынға, «Техника және технология» саласы бойынша 200 орынға алға ілгерілеген. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда «Археология», «Өнер және дизайн», «Ағылшын тілі мен әдебиеті», «Тарих», «Қазіргі тілдер», «Экономика және эконометрика», «Инженерия және технология» пәндері бойынша көрсеткіштер едәуір жоғарылаған. Алғаш рет әлемдік рейтингке «Білім», «Әлеуметтану» және «Электрлі және электрондық инженерия» пәндері кірді.
Айта кетейік, Еуразия ұлттық университеті 2017 жылдан бастап QS пәндік рейтингте бақ сынап келеді. Әр жыл сайын үздік нәтижелер көрсетіп жүрген оқу ордасы еліміздегі университеттер арасында QS пәндік рейтингісінің үздік жүздігінде көш бастап тұр.