Астанадағы Ұлттық музейде «Оқу-тәрбие үрдісінде білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» атты халықаралық этнофорум өтті. Іс-шараны елорда әкімдігінің «Әдістемелік орталығы», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Қазақстанның этнодизайнерлер одағы ұйымдастырды.
Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер арқылы білім алушының санасын қалыптастыруды мақсат еткен бұл Халықаралық этнофорум республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тағылымды іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Якутия жоғары оқу орындарының оқытушылары, көркем еңбек, графика және жобалау пәндерінің мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтері қатысты. Форум барысында Қазақстан этнодизайнерлер одағының төрағасы Салтанат Жапарова білім беруде құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрыптарды жаңғырту керек екенін айта келіп, көркем еңбек пәнінде ұл мен қызды бөлек оқыту мәселесіне ерекше тоқталды.
«Еңбек пәнін ұлдар бөлек, қыздар бөлек оқуы керек. Біз балаларға өнер үйретуді мектептен бастап «Ұл шеберлігі» және «Қыз шеберлігі» деп бөлуді ұсындық. Ол ұсынысты бірнеше мектеп қабылдап, өздерінде тәжірибелік сынақ ретінде бастауға келісімін берді. Қазір осыған сай Оқу ағарту министрлігі мамандарымен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бастаманың болашақ ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. «Қыздарымызды қызға тән, ұлдарымызды ұлға тән» мінезбен тәрбиелеу – ата-бабадан келе жатқан асыл мұра, қымбат дәстүр. Біз осы сабақтастықты үзіп алмауымыз керек. Сонымен қатар жаз айларында балалар шығармашылығын дамыту мақсатында «Балаларға өнер үйрету», «Шеберлердің шығармашылығын дамыту» лагерьлерін ашсақ деген игі ойларымыз да бар», деді С.Жапарова.
Іс-шара аясында Астана қаласының Әдістемелік орталығының қолдауымен Көркем еңбек пәні мұғалімдер қауымдастығы «Көркем еңбек және сызу сабақтарының мәселелері мен шешімдері» деген дөңгелек үстел өткізді. Сызу пәні – математика, геометрия, физика, химия, астрономияда, инженерлік салада аса керек білім саласы. Сондықтан жиналғандар сызу пәнін мектеп бағдарламасына қайта енгізбесе, келешекте елімізден архитектор шықпайтынын ашық айтты.
Сонымен қатар форумда оқушылар да «Ата-баба өнері – ұрпақтар мұрасы» атты сайысқа қатысты. Яғни қыздар жүн түтіп және ұршық иіріп жарысса, ал ер балалар сегіз таспалы қамшы өріп бақ сынасты. Олардың өнерін «Аталар және әжелер алқасы» бағалады. Сондай-ақ «Сән – сарқылмас салтанат» атты ұлттық киімдер мен ұлттық қолөнер сайыстары да этнофорумның көрігін қыздырды. Асық атудан Астана қаласы командасының аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметовтің айтуынша, балалар ұлттық ойындарды балабақшадан бастап меңгеруі керек. «Қазір асық ату ұлттық спортынан мектеп пен колледждерде сабақ беретін мамандар даярлап жатырмыз. Тіпті асық атуды балабақша бағдарламасына да енгізу жоспарда бар. Қазақтың бұл ұлттық ойнын бала үш жастан бастап-ақ үйреніп ойнай береді. Баланың бітімін шымыр етіп, ойлау қабілетін шыңдап, қырағылыққа, ептілікке баулиды. Енді ұлттық болмысымызды бала жастан қалыптастыратын уақыт келді», дейді Е.Рахметов.
Қырғыз елінен келген технология пәнінің мұғалімі Мақсат Сайнидиновтің айтуынша, қазақ-қырғыз бауырлас мемлекет болғандықтан, мәдениетімізде ұқсастықтар өте көп. Сол себепті ұлттық қолөнерден тәжірибе алмасуда дәл осы этнофорумның маңызы зор.
«Бұл іс-шараға Қазақстан этнодизайнерлер одағының шақыртуымен келдім. Форум аясында қазақстандық және басқа да шетелдік әріптестермен шеберлік сабағын өткізіп, киізден жасалатын портреттердің қыр-сырын үйреттім. Әріптестерге отпен сурет салудың да әдіс-тәсілін көрсеттім. Бірақ бұл қолөнерді мен ойлап тапқан жоқпын. Оны Қырғызстанға келіп шеберлік сабағын өткізген америкалық әріптесімнен меңгердім. Қазір мектепте шәкірттеріме осы өнерді үйретіп жүрмін», деді ол.
Иә, заманауи технология өмірімізге дендеп еніп жатқан уақытта жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсірудің маңызы зор. Ұлттық рухтан қайнап шыққан таза бұлақтың қашанда берері мол, беделі биік боларын болжаған этнофорум өз мақсатына жетті деп ойлаймыз.