• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 23 Сәуір, 2024

Қарағанды облысындағы өртенген орманға 90 мың қарағай көшеті отырғызылады

156 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының орманшылары Кирзавод ауданындағы өртенген орманға 90 мың қарағай көшетін отырғызуға ниетті. Орманды жаппай қалпына келтіру «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көшет отырғызу жұмыстары Қарағанды қаласының 90-жылдығына жоспарланы отыр.

Бүгінде қоғам белсенділері мен қала өміріне бейжай қарамайтын азаматтар гүлзарларға, саябақтар мен үйлердің аулаларына көшет отырғызып жатыр.

Мәселен, Қарағандыдағы Майқұдық саябағында «Жастар Аллеясы» атты жаңа саябақ ашылып, 500 көшет отырғызылды.

Акцияға қалалық мәслихаттың хатшысы Алтынтөре Бөкенов қатысып, тұрғындарды қаланы көгалдандыру мен тазалау жұмыстарына қатысуға шақырды.

«Ағаш егу – тек экологияға қамқорлық жасау ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортамызды қорғау мүмкіндігі», деді ол.

Айта кетейік, көктемгі ағаш егу науқанында Қарағандыда барлығы 3 мың көшет егіледі.

Экологиялық акцияға «Отражение» қоғамдық экоқозғалысының өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

«Бүгін жастармен бірге Теміртау экологиясын жақсартуға өз үлесімізді қостық. Қаланы көгалдандырумен төртінші жыл қатарынан айналысып келеміз. Біз ағаштарға күтім жасау жауапкершілігін өз мойнына алатын тұрғындарға көшет таратамыз. Үш жылдың қорытындысына сәйкес, желектердің жерсіну деңгейі 90%-ды құрағанын көріп отырмыз. Демек, біздің тұрғындар ағаштарды күтуге жауапкершілікпен қарайды», дейді экобелсенділердің жетекшісі Елена Варганова.

Теміртауда 5 мыңнан астам ағаш егу жоспарланып отыр, бүгін 670 ағаш егілді.

Теректер Абай даңғылында да егілді. Қала көшелеріне 150 көшет егілді.

Сондай-ақ Қарқаралыда 200 қараған, терек және қарағаш көшеттері егілді.

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы 13 мамырға дейін жалғасады.