Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының 67 жастағы тұрғыны кейінгі 3-4 айда қалыпты зейнетақысынан кем ақша алып келген. Себебін білмек болып банкке хабарласқан зейнеткер өзінің атына несие рәсімделгенін, сол несие бойынша берешегі де бар екенін білген, деп жазады Egemen.kz.
Күдікке арыз берушінің келіні ілікті.
Алаяқтыққа әуестенген келін енесінің атынан 3 рет жалпы соммасы 2,5 млн теңге несие рәсімдеген.
Желтоқсан мен қаңтар аралығында жұмыссыз қалған келін енесінің телефонына банк қосымшасын жүктеп, жымысқы ойын жүзеге асырған. Қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
«Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», делінген ШҚО Полиция департаментінің хабарламасында.