Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Табиғат залында палезой заманында 100 млн жыл бұрын өскен ағаш кеспелтегі тұр. Ұзындығы бір метрге жуық, адам құлашынан асатын діңгектің бойындағы минералдар шамның жарығына жылт-жылт етеді. Әу бастағы заты ағаш демесеңіз, бұл –кәдімгі тас. Ертеректе Алға ауданы Үшқұдық ауылына жақын жерден табылып, музей қорына өткізілген. Ағаштың шірімей, минералдануы – табиғаттағы ең ғажап құбылыс. Оған қандай жағдайлар әсер етті екен?
«Тасқа айналған, минералданған ағаштар палентологиялық ескерткіштер санатына кіреді. Біздің музей қорында тасқа айналған төрт ағаш сақталған. Олардың пішіндері де әртүрлі. Көбінесе ертеректе механизаторлар жер жыртып жүріп, тауып алып, қорға өткізген. Экспозицияда тұрған ағаш – бізге әкелінгендердің ең ірісі. Ғалымдар осы ағаш 330 миллион жылға созылған палезой заманының девон (70-50 млн жыл бұрын) немесе таскөмір (55-75 млн жыл бұрын) кезеңінде өскен қарағай болуы мүмкін дейді. Өйткені девон кезеңінде Жерде қарағай ағаштары көп өскен екен. Көрмедегі ағаштың құрамында бірнеше бағалы минерал бар. Табиғаттың түрлі құбылыстарына шыдап, ауа райының күрт өзгерістеріне төтеп беріп, шірімей, бұзылмай-ақ өздігінен минералдануы арқасында осы күнге дейін жетті», дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Табиғат және экология ғылыми- зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Майра Буханова.
Табиғаттың осындай тамаша құбылыстарын табиғи туризмге жақсы пайдаланып жатқан елдер көп. Мәселен, АҚШ-тың Аризона штатында тасқа айналған ағаштар 1936 жылдан бері табиғи ескерткіштің сирек кездесетін түрі ретінде мемлекет қорғауына алынған. Мексика өз жерінде өсетін кактустерді табиғи туризмге сәтті пайдаланып, жарнамасын асырып келеді.
Еліміздің әр жерінде осындай минералданған ағаштар жиі кездеседі. Бұрынғы заманда оларды жинап, музей қорына өткізетін табиғат жанашырлары болды. Есте жоқ ескі заманда осы жерде көктей өскен табиғат ескерткіштерін аспан астындағы музейге жасақтаса, қолға алынған жақсы жоба болар еді.
Ақтөбе облысы