Қарадала өңірінде көктемгі дала жұмыстары қарқын ала бастады. Төскейіне төрт түлігін өргізіп, бау-бақшасын жайқалтып отырған өңір шаруаларының ерен еңбегі еселеніп келеді. Қысты еңсеріп, ерте көктемнен жер жырту, тұқым себу, суару сынды кезек күттірмес жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Алайда тосыннан туындаған кедергілер де жоқ емес.
Шаруаның айтқанына құлақ түрді
Көктемнің әр күнін тиімді пайдалануға бел шеше кіріскен шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат еткен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кетпен ауылдық округіне келіп, шаруашылық иегерлердің жай-күйімен танысты. Толғандырып жүрген түйткілді мәселелерін тыңдады.
Көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері ауданда 163 гектар күздік бидайдың 44 гектары, 10 365 гектар көп жылдық шөптің 1 503 гектар жеріне ылғал жабу жұмыстары жүргізілген.
1 547 гектар жазғы масақты дақылдарының 76 гектар жері алдын ала суғарылса, 141 гектар жер жыртылып, 10 гектар жаздық арпа себілген. Жүгерінің 70 гектар жері алдын ала суғарылғаны туралы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев мәлімдеді.
Топырағы құнарлы аймақта кезінде 20 мың гектарға жуықтайтын егістік жер болса, қазір көлемі кеміп кеткен. Басты себебі – су тапшылығы.
Кезінде қолданыста болған 294 ұңғыманың бүгінде 91-і ғана жарамды күйде. Істен шыққан ұңғымалар түгелдей жөнделсе, қара жердің құнары артып, пайдаланылмай жатқан алқаптар игерілер еді дейді өңір тұрғындары. Шаруашылық иелері таулы аймақтағы елді мекендерге тоспа салу мәселесі сан мәрте көтерілгенімен, әлі күнге шешім таппай келе жатқанын алға тартты. Аудандағы 7 тоспаның апатты жағдайда екені де айтылды. «Қазсушар» мекемесі теңгеріміндегі 5 тоспа көшкен жұрттың күйін кешіп тұр.
«Биыл Шошанай, Сүмбе, Қырғызсай, Ават ауылдарына тоспа салу мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін 82 млн теңге бөлу жоспарланған. Бірақ бұдан Шошанай аулы шет қалып қойды. Сондай-ақ Қарадала массивіндегі малшылардың малын суаратын 54 суат істен шығып, аптап ыстықта мал-жанның су таппай, ерні кеберситінін жоққа шығаруға болмас. Сондықтан бүгінде жалпы ұзындығы 197 шақырым суатты жөндеудің маңызы зор. Оған бюджеттен 126 млн теңге сұраныс жасалғанмен, қаражат қарастырылмады», деді аудан әкімінің орынбасары Дастан Сұлтанмұратұлы.
Ақтам аулының тұрғыны, «Шухрат» шаруа қожалығының төрағасы Рехимжан Измахунов таудан келетін судың төменге жетпей, топыраққа сіңіп кететінін айтады.
«Қарамағымда 30 гектар егістік бар, онда көп жылдық шөп, беде, жүгері, көкөніс өсіріледі. Алайда аптап ыстықта су таппай қиналамыз. Бұл – бәріміздің ортақ проблемамыз», дейді ол.
Ал Кіші Дихан аулының шаруагері Болат Қуанбаев су тапшылығынан бұрын игерген 450 гектар жер көлемнен 100 гектар ғана жер қалғанын айтты. Шарын аулының тұрғыны, «Сауыт» шаруа қожалығының иесі Серік Оразалиев тұқым мен тыңайтқыш мәселесін көтерді. Сондай-ақ науқан кезінде бөлінетін жанар-жағармайды сақтайтын арнайы орынның жоқтығы да қауіп тудырып отырғаны ортаға салынды.
Кей азаматтар көптеген ауылда мәдениет үйінен мән кетіп, кейбірі құлауға шақ тұрғанын, мектеп мәселелерін де баса айтса, қандастарымыз мал басын көбейтуде жер тапшылығын тілге тиек етті.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев шаруалардың жанайқайын жіті назарға алатынын, тоспаларды тазарту, су желілерін жаңарту, ұңғымалар мен суат көздерін ашу сынды сан жылғы қордаланып қалған мәселенің түйінін тарқатуда жауапты мамандар ширақ қимылдап, сергектік таныту қажеттігін тапсырды.
Ел ырысын еселегендер
Келелі кездесуден кейін өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Қарадала өңіріндегі бірқатар нысан жұмысымен танысты. Алдымен ат басын «Қалжат Агро» ЖШС-ға бұрды. Бүгінде серіктестік 147 гектарға жаңбырлатып суару әдісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, құрылғыларды орнатуды бастап кеткен.
30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, мал шаруашылығын дамытып отырған «AFM Expert Kazakhstan» ЖШС-ның да қарқыны күшті. Жылына 1 300 тонна қызанақ өндіретін заманауи технологияға негізделген «TOMATIK» жылыжай кешені мен жылына 200 тонна балық өндіруді мақсат еткен «TENGRY FISH» ЖШС аудан экономикасының дамуына орасан үлес қосып келеді.
Асылтұқымды ірі қара өсірумен қатар, бау-бақшасын жайқалтып отырған «А.Тимур» шаруа қожалығы да кәсібін дөңгелеткен көшбасылар санатынан. Мемлекеттік қолдауға ие болып, ісін ілгерілетіп отырған серіктестік басшылары алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын арттырып, аудан экономикасын көтеруде белсенділік танытатындарын бүкпесіз жеткізді.
Апатты жағдайдағы он нысан
Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова ауыл тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, онда өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалды.
Былтыр ауданда инвестиция көлемі 22 млрд 756 млн теңгеге жетіп, көрсеткіш тиісті мерзіммен салыстырғанда 1 млрд 873 млн теңгеге артқан. Ал өнеркәсіп көрсеткіші керісінше кеміген, 24 млрд 518 млн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, алдағы жылмен салыстырғанда 6 млрд 662 млн теңгеге азайған. Өнеркәсіп саласында 1300 адам жұмыс істейтін 2 ірі кәсіпорын бар. Биыл 27 млрд 315 млн теңгеге өнім өндіріледі деп болжанып отыр. Аграрлық секторда 53 млрд 776 млн теңге ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, тиісті мерзіммен салыстырғанда 2 млрд 990 млн теңгеге көбейген.
Ауданда су үнемдеу технологиясы, оның ішінде тамшылатып суғару әдісі бойынша 4 шаруашылық, атап айтқанда «Шабдалы», «Чунджа Фруктс», «Тиірмен Агро» және «Алма Продекс» ЖШС-да қолданылып жатыр. Биыл су үнемдеу технологиясын 7 мың гектар жерге жеткізу бойынша барлық ауылға жоспар бөлініп берілген. Нәтижесінде, 120 шаруа қожалығы 4 461 гектар жерге суды үнемдеу әдісін қолдануға ниет білдірген. Кетпен ауылдық округі бойынша 16 гектар жерге шаруа қожалықтарынан тамшылатып суғару әдісін қолдануға өтінім түскен.
Өткен жылы минералды тыңайтқыштар бойынша аудандағы 224 шаруа құрылымдары 2 945 тонна аммиакты селитра, аммофос, нитроаммофос пен карбомид алған. Алайда Кетпен ауылды минералды тыңайтқыш сатып алмаған.
«Мал шаруашылығы саласына тоқталсақ, ауданда осы жылдың қаңтарында 234 989 бас ұсақ мал, 12 577 бас жылқы және 79 723 бас ірі қара тіркелген. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 203 тұлғадан 1 млрд 710 млн теңгеге өтінім қабылданды. 141 ауылшаруашылық тауар өндірушісі 1 млрд 157 млн теңге несие алды. Аталған бағдарламаның арқасында ауыл шаруашылығы техникасы паркі 25,6 пайызға жаңарды», дейді аудан әкімі Бота Елеусізова.
Өңірде кәсіпкерлік те қанатын кең жая түскен. Салада 5 603 субъекті тіркеліп, онда 9 мыңға жуық адам еңбек етеді. Аудандық «Шарын» кредиттік серіктестігі» «Кең дала», «Іскер», «Агро Бизнес» жобалары арқылы жыл басынан бері 11 кәсіпкерге 123 млн теңге несие берген.
«Жоспар бойынша ауданның барлық елді мекені газдандырылады. Аудан орталығы Шонжының 53,8 пайызы табиғи газға қосылды. Қазіргі проблемалық мәселенің бірі – Шонжы аулындағы 30 көпқабатты тұрғын үйге блокты модульдық қазандық (БМҚ) жобасын сатып алуға қаражат бөлу қажеттілігі. Сондай-ақ биыл Шарын, Тасқарасу және Бахар ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр», деді аудан әкімі.
Алматы облысы