Көру қабілеті бұзылған оқушылар әңгіме, ертегілерді енді аудиокітап арқылы тыңдай алады. «Ертегілер әлемі» атты облыстық аудиоертегі байқауы жүлдегерлерінің аудионұсқадағы шығармалары таспаға басылып, тарту-таралғы ретінде кәдеге жарайтын болады. Мұнымен қоса, Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың ресми сайтына, «YouTube» әлеуметтік желісіне жүктеледі.
Мұндай мәдени іс-шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен алғаш рет өтіп отыр. Облыстық деңгейде ұйымдастырылса да, 61 қатысушыдан өтінім түскен. Ұсынылған аудиоертегілер арасында қазақ, орыс халқының ертегілері, сондай-ақ авторлық ертегілер бар.
«Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Ертегілер әлемі» атты облыстық аудиоертегілер байқауында қазылық еттік. Байқауға келіп түскен материалдардың барлығын тыңдап, ұйымдастырушылар ұсынған байқау өлшемдеріне сай бағалап шықтық. Осы жұмысты атқару барысында қатысушылардың еңбекқорлығына, жауапкершілігіне, шеберліктеріне сүйсіндік. Аудиоертегінің мәтінімен қоса дауыстарынан тыңдармандарға деген ыстық ықылас, ауыз әдебиетіне деген зор сүйіспеншілік байқалып тұрды. Көру қабілеті бұзылған балалардың ерекшелігін есепке ала отырып, ертегі оқуға қойылатын талаптарды сақтауға тырысқан. Қатысушылардың дені жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен кітапханашылар болды. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына көрермен ретінде Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тұрақты оқырмандары келді. Олар бұл байқаудың өздерінің аудиториясына лайықтап ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді», дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, қазылар алқасының төрағасы Салтанат Кеңесбекова.
Бұл облыстық байқауға Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай, Балқаш, Приозерск қалалары мен Бұқар жырау, Шет, Осакаров, Ақтоғай, Нұра аудандарынан көп жұмыс түскен. Қатысушылардың дені Ақтоғай мен Нұра өңірінен. Сонымен, «Өнердің күші» атты қазақ халық ертегісін аудиоға шебер таспалаған нұралық кітапханашы Гүлімай Ахметбекова бірінші орын алды.
«Байқауға ертегі таңдағанда көп ойландық. Көп оқыла бермейтін, ерекшесін таңдауды жөн санадық. Сөйттік те, таңдауымыз «Өнердің күшіне» түсті. Уақытын да ұзартып алмау керек болды. Асығыс та оқымау керек. Бастысы, ертегіні тыңдаған баланың жүрегіне әсер ету, ерекше иіріммен жеткізуді көздедік. Қазылар алқасы біздің жұмысымызды үздік деп танығанына бір қуанып, бұл ертегілердің аудиокітапқа жинақталатынын естіп екі қуандық», дейді байқау жеңімпазы Гүлімай Ахметбекова.
Ал екінші орынды «Еріншек адам» аудиоертегісімен ақтоғайлық Әли Сейдіғали, үшінші орынды Қарағанды қаласынан «Сказки для Софии-Весенный ветерок» («Придумки от Алинки» сериясынан) аудиоертегісімен Наталия Морозова иеленді.
Мұнымен қоса, «Үздік аудиоқойылым» аталымында «Алтын сақа» шығармасы үшін Жаннұр Алиасқарова, «Лучший чтец» аталымында «Бай-музыкант и Алдар-Косе» ертегісі үшін Роман Тен ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлық берілді.
Мұндай игілікті іс-шара енді дәстүрге айналмақ. Бір қызығы, ұйымдастырулар алқасы жұмыстарды қабылдау кезінде байқауға Батыс Қазақстаннан өтінім түскенін кезіктіріпті. Мұны ескерген ұйымдастырушылар келер жылы республикалық деңгейде өткіземіз деп отыр.
Қарағанды облысы