Елордада 1988-1990 жылдары «Семипалатинск-22» қауіп-қатері айрықша жоғары бөлінісінде әскери борышын өтеген сарбаздар дөңгелек үстел ұйымдастырды. Аталған ядролық полигон орнында екі жыл өмірлерін, жалынды жастық шақтарын өткерген олар үйлеріне денсаулығын беріп оралған. Көбі соның салдарынан өмірден озған...
Олар өздерін «атом сарбаздары» деп атайды. Сол уақытта 18-19 жастағы жігіттер «Семипалатинск-22» полигонына Отан алдындағы борышын өткеруге келгенде бұл жердің денсаулыққа зиянды екенін ешкім айтпапты. Яғни радиация әсері жоғары екені бұлардан жасырылған. Келген бойда олардан «мемлекеттік құпия» деген желеумен мұнда мерзімді әскери қызметте болғандары жайында 25 жылға дейін ешкімге айтпау туралы қолхат алынады. Олар кейін радиацияның ортасында жүргенін білсе де, берген уәделеріне адал болып, ширек ғасыр бойына полигонда болғандары жайында жан баласына тіс жармайды. Алайда денсаулық жағдайына байланысты кейін өздеріне мемлекет тарапынан жәрдемақы талап ете бастапты. Бірақ бұл уақытта бұрынғы кеңестік одақ тарқаған, полигон жабылған, ал бұлардың жағдайына қарайласатын ешкім жоқ екеніне көз жеткізеді. Міне, осылайша өз құқықтары үшін күресіп келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі де өткен.
Бұған дейін «атом сарбаздары» түрлі мекеменің есігін қағып, әділдік іздегенімен одан нәтиже шықпаған соң, тұңғыш рет елордада дөңгелек үстел ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгінуге шешім қабылдапты. Іс-шараға «Семипалатинск-22» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ералы Құттыбеков, ұйымның Алматы, Павлодар, Астана қалаларындағы филиалдарының басшылары, Қорғаныс министрлігінің өкілдері және журналистер қатысты.
– Мен 1988-1990 жылдары «Семипалатинск-22» полигонында әскери міндетімді өтедім. КСРО ең алғаш рет 1949 жылы атом бомасын осы жерде сынақтан өткізгені белгілі. Содан бері 40 жылдан астам уақыт бойы мұнда Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның зардабын он орап алатын қаншама ядролық сынақ өткізілді. Соның біріне біз де куә болдық. 1989 жылы 19 қазанда жерасты ядролық сынағы жасалды. Бұл Семей полигонында өткізілген ең соңғы жарылыс еді. Біз өз көзімізбен көрдік. Сынақтан кейін екі күн өткенде үстімді белгісіз жара басып кетті. Оның диагнозын ешкім білмейді. «Өлген жерім осы болды ғой» деп ойладым. Мені тікелей Мәскеуге қарайтын әскери госпитальға жатқызып, дәрігерлер емдеп, бір айда аяққа тұрғызды. Бірақ қазіргі күнге дейін сол аурудың салдарын тартып келемін. Қызықтың бәрі әскерден келгенде басталды. Анам мені көріп шошып кетті. Өзім үйден кеткенде спортпен шұғылданып жүрген, денсаулығы мықты жігіт едім. Бірақ әскерден келіп бірден ауыра бастадым. Үйдегілерден қайда болғанымызды жасырғаныммен анам бәрін де сезіп: «Балам, сен денсаулығыңды беріп келіпсің ғой» деп күрсінді», дейді бірлестік төрағасы Ералы Құттыбеков.
Оның айтуынша, ядролық жарылыстан келген радиацияның салдары тек өздеріне емес, балаларына, тіпті немерелерінің де денсаулығына кері әсерін беріп жатыр екен. «Менің екі балам да мүгедек. Біреуінің көзі көрмейді, екінші баламның жүрегінде кінәрат бар. Салдарынан оны ешқандай мемлекеттік қызметке алмайды. Екеуінің де диагнозы радиация әсерінен екенін көрсетіп тұр», дейді ол. Мәселен, «атом сарбаздарының» бірінің немересі, екі жарым жасар Ару Досымбек гендік мутация ауруына шалдыққан, қазіргі күні қымбат дәрі-дәрмек қабылдап, емделіп жатыр. Мұны да атасынан берілген радиацияның тікелей әсері екенін айтады.
«Атом сарбаздарының» мемлекетке қоятын талабы – ядролық сынақтарға қатысушы мәртебесін алып, жеңілдіктерге ие болу. 1949-1991 жылдары ядролық сынақтар өтіп жатқан аймақта 10 мыңнан аса сарбаз әскери борышын өтеген. Соның ішінде Семей ядролық сынақ полигонының тікелей өзінде 4 мыңдай жас жігіт әскерде болыпты. Биыл солардан тек 500 адамдай қалған. Олардың көпшілігі – 1, 2 және 3-топтағы мүгедектер. Араларында созылмалы ақ қан ауруынан бастап, өкпе қатерлі ісігіне дейінгі сырқаттарға шалдыққандар көп.
Олардың айтуынша, 2020 жылы 6 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» заңда ядролық сынақтарға қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғысқа және өзге мемлекеттер аумағындағы әскери қақтығыстарға қатысушылармен теңестірілгені көрсетілген. Атап айтқанда, «атом сарбаздары» Чернобыль АЭС-індегі апат салдарын жоюшылардан кейін тұр. Алайда 2021 жылы сол кездегі Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев №500 бұйрығында ядролық сынақтарға қатысушыларды жеңілдік алуға болатын ардагерлер тізімінен сызып тастапты.
– Қазіргі күні Қорғаныс министрлігі аталған бұйрыққа сүйеніп, біздің ядролық сынақтарға қатысушы екенімізді куәландыратын анықтама бермей келеді. Бізге КСРО-ның заңды мұрагері – Ресей, сондықтан анықтаманы солардың архивінен сұрату керек екенін айтады. Ресей 2008 жылға дейін мұндай анықтамаларды беріп келген, ал қазір бермейді. Негізі осы анықтаманы Семейдегі радиациялық медицина және экология институты беруге тиіс. Алайда олар Қорғаныс министрлігіне сілтейді. Осылайша, бізді түрлі мекемелер арасында сандалтып қойды, – дейді Е.Құттыбеков.
Олардың айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі ядролық сынақ ардагерлерінің шамамен 20 пайызы ғана жеңілдікке ілігіп, мемлекет тарапынан жәрдемақы алады. Ал қалғандары әскерде жүріп денсаулықтарын бергенімен, бір жыртығына жамау болар жәрдемақыға қол жеткізе алмай жүр.
– Семей ядролық сынақ алаңының эпицентрінде әскерде болғандардың бәрі қанша радиация дозасын алғанын анықтау үшін әскери-медициналық комиссияның тексеруінен өтуі керек. Семейдегі радиация институтынан қорытынды анықтама алуымыз қажет. Содан кейін жеңілдік берілетін адамдар санатына ілігіп, медициналық және санаториялық-курорттық мекемелерде уақытылы ем-дом алу мүмкіндігі қарастырылса екен, – дейді «атом сарбаздары».
«Семипалатинск-22» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы Бақдәулет Нұртазаевтың айтуынша, олардың қолдарында барлық құжат дайын. Тек жетіспей тұрғаны – сол анықтама. Бірақ осы бір жапырақ қағаздың артынан жүгіргелі қаншама жыл өткен. Әлі нәтиже жоқ.
– Біз әскерде болғанда жерасты жарылысы жасалды. Жерастында сынақтан өткізілетін жануарлар (иттер, қойлар, жылқылар) бар еді. Жарылыстан кейін біз шахтаға түсіп, кейбірі тірі, кейбірі өлі күйіндегі сол жануарларды ешқандай арнайы киімсіз жалаң қолмен тасыдық. Оларды ғылыми зерттеулер жүргізетін жерге апардық. Бізге радиациядан қорғанатын киім берілмеді. Ал ғалымдар мен генералдар арнайы қорғаныш киімдерін киіп, біздің не істеп жатқанымызды алыстан бақылап тұрды, – дейді ол.
Оның айтуынша, архив құжаттарының ішінде олардың ядролық полигонда әскерде болғаны туралы деректер бар, алайда ядролық сынақтарға тікелей қатысқаны туралы ешбір мәлімет жоқ екен. «Сонда біз 2 жыл бойы ядролық полигонда жүріп не істедік? Жарылыс болғаннан кейін шахталарға кім түсті, егер біз түспесек? Оның ішін радиоактивті заттардан кім тазалады? Осы 40 жылдың ішінде бізбен болған адамдардың көбі бірдей аурудан көз жұмды. Егер радиацияның әсері болмаса, олардың бәрінде дәлме-дәл бір диагноздың болуы мүмкін емес қой», дейді Б.Нұртазаев.
Дөңгелек үстелге қатысқан Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайрат Ыдырышевтің айтуынша, ведомство тарапынан Ресейдің әскери архивіне ядролық сынақтарға қатысушы ретінде анықтама беру үшін 4 мыңға жуық өтініш жіберілген, алайда тек 4 адамға анықтама беріліп, қалғандары туралы ешбір мәлімет табылмапты.
– Ядролық сынақтарға қатысушы мәртебесін алғандар қазіргі таңда заң бойынша жеңілдіктерге ілігіп, жәрдемақы алып келеді. Олар өздерінің Семей полигонында сынақтарға қатысқандығын дәлелдей алған азаматтар. Аталған сынақтарды Қазақстан емес, кеңес одағы өткізді. Ресей – оның заңды мұрагері болғандықтан, ядролық сынақтар туралы құжаттардың бәрін өздерімен алып кеткен. Сондықтан бұл анықтаманы біз емес, Ресей береді, – дейді ол.
Ал «атом сарбаздары» анықтаманы алу үшін бұдан былай Ресейге ешқандай өтініш жіберудің қажеті жоқ, оны Семей радиациялық медицина және экология институты беруі керек дейді. «Өйткені біздің ядролық полигон аумағында әскери борышымызды өтегеніміз рас. Сол институтта денсаулығымызды тексеруден өткізіп, радиацияға шалдыққанымызды дәлелдеген соң, анықтама беріп жеңілдікке ілігуіміз керек» дейді олар.
Алайда Қорғаныс министрлігінің өкілі бұл азаматтар тек сөз жүзінде ядролық сынақтарға тікелей қатысқандарын айтып отырғанын, алайда ол жайында нақты құжат жүзіндегі дәлелдер жоқ екенін жеткізді. «Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырғанымызды ұмытпайық. Кез келген шешімді шығару үшін, ең алдымен, құжат түріндегі дәлелдеме керек. Өздеріңіз айтып отырған анықтаманы алу үшін де нақты құжат қажет. Онсыз біз қалай сіздерді ядролық сынақтарға қатысушы деп танимыз? Ал ағзаларыңызда радиацияның болуы дәлел бола алмайды. Өйткені қазір Абай облысы тұрғындарының жартысының бойында радиация бар», деді Қ.Ыдырышев.
Астанада өткен дөңгелек үстелде «атом сарбаздарының» талаптарын орындауға болатын нақты бір шешім табылған жоқ. Сондықтан енді олар әділдікке жету үшін осы мәселемен Қорғаныс министріне тікелей кіріп, одан әрі ел басшылығына мұң-мұқтажымызды жеткіземіз деп бекініп отыр.