• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Отбасы 24 Сәуір, 2024

Отбасын сақтаудың өзектілігі

159 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңда отбасы институтын нығайту мақсатында адам денсаулығына жеңіл түрде зақым жасалғаны үшін жаза қатаңдады. Оған қоса неке құру, отбасын сақтауға қатысты жаңа ұстанымдар қарастырылды. Әйел мен баланы қорғау, отбасылық мәселелер бойынша байланыс орталықтарының құқықтық негіздері айқындалды.

БҰҰ еліміздің тұрмыстық зор­лық-зом­былықтан зардап шеккен­дер­ді қорғайтын жаңа заңды қабылдаға­нын құп­тады. «Бұл гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында алға жасалған қадам», дейді БҰҰ-ның еліміздегі тұрақты үйлестіру­шісі Микаэла Фриберг-Строй. Ол адам құқығын, әсіресе балалар мен әлжуаз топтарды қорғауға арналған шаралардың тиімділігін атап өтті.

«Бұл маңызды қадам гендерлік тең­дік­ті ілгерілетіп қана қоймай, тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен­дердің өмірін қалпына келтіру үшін сот төрелігі мен қолдау қызметтеріне қол жет­кізуін қамтамасыз етеді», деді Микаэла Фриберг-Строй.

Өткен аптадан бастап әлемдік бас­пасөз, Қазақ­стан­ның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамасының басқа елдерден, соның ішінде дамыған елдерден айыр­машылығын салыстырып жатыр. Ел ішінде ғасырлар бойы қазақтың отба­сы­лық құндылықтарын сақтай алған ата дәстүрді жаңа заманға лайықтап бейім­деудің қажет екенін, тіпті гендерлік саясатты да өз менталитетімізге лайықтап интеграциялау қажеттігін айтып жат­қан­дар бар. Олар мұндай пікірдің негіз­ділігіне дәлел ретінде мына деректі алға тартады. Қазір бір көрпе жамылып, бірі­нің киімін бірі киіп, бір-бірін жетелеп өсірген көпбалалы отбасыларды қала түгілі ауылдан сирек кездестіреміз. Қазақ отбасының екі немесе үш баламен шектеліп қалуы қалыпты құбылысқа айналып барады. Басқаша айтқанда, екі отбасыда маңдайына жел тимеген ерке тотай қыз бен жалғыз ұлдың отбасылық өмірінде психологиялық кедергілер көп. Бір-бірінің мінезіне бейімделуге тырысу жағы да кемшін.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Тұрмыстық зорлық-зомбы­лықпен күресу туралы» арнайы баян­дамасында еліміздегі тұрмыстық сала­дағы оқиғалардың статистикасын жа­риялады. Баяндамада 2018-2023 жылдар аралығында отбасылық-тұрмыс­тық салада 5 958 қылмыстық құқық бұ­зу­­шылық жасалғаны айтылған. Ең көп көр­сеткіш 2020 жылы – 1 072, ең азы 2023 жылы – 923 (13,8%-ға азайған) тір­келіпті. Сонымен қатар 2023 жылы отба­сылық-тұрмыстық салада жасалған 108 кісі өлтіру дерегі тіркелген. Бұл елдегі жалпы кісі өлтіру санының 23 пайызын құрайды. Кейінгі бес жылдағы барлық кісі өлтірулердің жалпы төмендеуіне қарамастан, статистика отбасылардағы кісі өлтірулердің шамамен бірдей деңгейде екенін көрсетеді.

«Кісі өлтіру статистикасының жалпы төмендеуінің фонында бұл жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ал­дын алу бойынша қолданыстағы құ­қықтық тетіктердің тиімділігі жеткі­ліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан да қоғам кейінгі кездері заңнаманы қа­тайту туралы өтініш жасап, отба­сылық-тұрмыстық салада адам өліміне әкеп соғады деген болжамды әрбір эпизодқа резонанс жасай бастады», деп атап өтті А.Ластаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұл заң жо­басына түзетулер өткен жылдың 9 қа­рашасында болған Салтанат Нү­ке­нованың қазасына дейін дайын­далған болатын. Күдікті Қуандық Би­шім­баевқа қатысты сот ісі қоғамда үлкен наразылық тудырғаны сонша, гендерлік зорлық-зомбылықты шетелде де талқылауға се­беп болды. Қоғамдық пікірдің жалпы бағыты – айыптау.

Біз еліміздің тұрмыстық зорлық-зом­былық туралы заңнамасының басқа елдерден, соның ішінде дамыған елдерден айырмашылығын салыстырып көрдік. Сарапшылар адам денсаулығына қарсы жиі кездесетін төрт құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы мәлімет жинаған.

Аса ауыр қылмыс – қасақана кісі өл­тіру – Қазақстан заңдарында көзделген жауап­кершілік (8 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру) басқа ТМД және Орталық Азия елдеріндегі жазаларға жақын. Дамыған елдерде адам өмірінен айыру үшін қылмыстық жауапкершіліктің ауқымы кейбір жағдайларда төменгі бастапқы шекке ие болуы мүмкін 3-4 жыл бас бостандығынан айыру. Бір елдегі әртүрлі округтер немесе штаттар арасындағы көптеген ескертуді, ықтимал жеңілдететін мән-жайды және қылмыстық заңнамадағы айырмашылықты қарастыру маңызды. Еуропа елдерінде мұндай қылмыстарды қоғамдық айыптау дең­гейі­нің жоғары болғаны сонша, тіпті заңдардың өзінде адам өлтірудің ауырлататын жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына балама жоқ екендігі көрсетілген.

Елімізде қылмыстық жауапкер­ші­­лікке тартылуы жоспарлан­ған ұрып-соғу және жеңіл дене жарақат­тары туралы дәл сол баптарға келсек, дамы­ған елдерде әйелдердің құқық қорғау ұйым­дары мұндай шешімге қол жеткізіп қойған. Мәселен, Швецияда агрессор күйеуі әйелін ұрғаны үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл жағдайда әйел арыздан бас тартып, күйеуімен татуласса да, қылмыстық іс тергеліп, сотқа беріледі. Швед қоғамының көзқарасынша, отба­сын­дағы зорлық-зомбылық – жеке емес, қоғамдық мәселе. Бұл елде осыдан 25 жыл бұрын «Әйелдердің жеке басына қол сұғылмаушылық туралы заң» қабыл­данған. Жазалаушы әре­кеттерге тек дене жарақатын салу емес, сонымен қатар әйел­ге психо­ло­гия­лық зорлық-зомбылық көрсету және қар­жылық қысым көрсету жатады. Шве­циядағы тұрмыстық зор­лық-зом­былық саласындағы тиімді жұ­мыс «Скандинавиялық парадокс» деп аталады. Бұл елді басқалардан ерек­шелен­діретін нәрсе шведтердің алдын алу шараларымен белсенді түрде айналысуы, деструктивті гендерлік модельдерге қарсы мектеп бағдарламаларын енгізу, агрессорларды ашуды басқару үшін психологиялық терапиядан өтуге мәжбүрлеу. Сондықтан бұл елде отбасыда әйелдерді өлтіру жағдайлары өте сирек кездеседі.

Көптеген дамыған елде зорлық-зом­бы­лықтан аман қалған әйелдерді қол­даудың ұқсас негізгі шаралары бар. АҚШ, Германия, Франция, басқа да Еуро­па елдерінде дағдарыс ор­талықтары мен баспаналар құрылып, жан-жақты қаржы­ландырылады. Қорғау ор­­дерлері мен зорлық-зомбылық құр­­­бандарына мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсету тәжірибесі кеңінен таралған. Ерекше ық­пал ету шараларының қатарына ер адам отбасында зорлық-зомбылық көрсет­­кен жағдайда оның ата-аналық құқық­тарын шектеу немесе айыру жатады.

Франциялық құқық қорғаушылардың пікірінше, әйелін немесе балаларын ұрып-соққан күйеу жақсы әке бола алмай­ды. АҚШ-та қызықты тәжірибе енгізілді: олар тек тұрмыстық зорлық-зом­­бы­­лық істерін қарайтын соттар үшін жеке санат құрды. Рас, АҚШ-та әзірге осын­дай 200-дей сот бар, бірақ бағдар­лама біртіндеп көп штатқа таралып келеді.

Дамыған елдердегі тұрмыстық зор­лық-зомбылық құрбандарын қорғау тәжірибесін посткеңестік елдерден ерек­шелендіретін тағы бір маңызды мәселе – кейбір Еуропа елдерінде соққы жеген әйел­дің сотқа жүгініп, жұбайын ор­тақ үй­ден шығаруға құқығы бар. Оның үс­тіне мұндай өтініштер қысқа мер­зім­де қаралады. Осылайша, әйелге баспана іздеу­дің қажеті жоқ, ол таныс орта­да қала­ды. Күйеуіне жақындауға және ара­ласу­ға тыйым салынады. Бұл тәжірибе, мыса­лы, Германия мен Фран­цияда қолда­нылады.

Кейінгі жылдардағы еліміздегі қыл­­мыстық және әкімшілік құқық бұзу­шы­лықтардың статистикасы көрсет­кен­дей, отбасылық жанжалдар бойын­ша арыз-шағымдар саны екі есеге өс­кен. Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2018 жылы жәбірленушілер саны 23,9 мың болғанымен, кейінгі бір жылда осындай 47,6 мың әкімшілік іс тіркелген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру тұрғысында да өсті. 2018 жылы 15,5 мың болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 20,8 мыңға жетті. Бұл өсім міндетті түрде зорлық-зомбылық оқиғаларының көбеюін білдірмейді. Динамика әйел­дердің өздерін және балаларын қорғау үшін полицияға жүгінуді батыл шеше бастағанын көрсетеді.

Ал әйелдердің жеке басына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу (отбасылық жанжалдарды не­месе жанжалдардың басқа түрлерін ажыратпай) көптеген ауыр қылмыстың санын азайтуға түрткі болды. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елімізде 135 әйел (2018 жылмен салыстырғанда 39%-ға аз) өлтірілген. Үкімет ақпаратына сілтеме жасаған сенатор Жанна Асанованың айтуынша, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел қайтыс болған.

Таяуда қазақ қоғамында қауіпті гендер­лік стереотиптердің таралуына ық­пал ететін себептерге қатысты сараптама­лық пікір жинақталды. «БҰҰ-әйелдер» ұйы­мының «Қазақстандағы гендерлік теңдік пен әйелдердің мүм­кіндіктерін кеңей­ту туралы қоғамдық қабылдау» атты сарап­тамалық баян­дамасы авторларының ай­туынша, ел­дегі әйелдерге қатысты зор­лық-зомбы­лықтың тамыры тереңде жатыр. Сарап­шылардың пікірінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құр­бан­ды кінәлау дегенге төзімділік жоғары.

Елімізде гендерлік зорлық-зомбы­лықтың таралуына ықпал ететін басқа фак­тор­лардың қатарында сарапшылар елде дағдарыс орталықтарының азды­ғын, ұрып-соққандар үшін жаза­ның тым жұмсақтығын және қорғаныс нұсқа­маларының әзірленбеген меха­низмін атап өтті. «Ендігі ұстаным – бір рет қол көтерді ме, кет» деген көзқарас қана емес, «отбасын сақтап қалайық» деген қағиданы бекітуі керек. Осы қағиданың қажеттігі екі тараптың санасына жеткен кезде ғана отбасында зорлық-зомбылық болмайды.

 

АЛМАТЫ