• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2024

Жайық жуаси бастады

118 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны қауіпті шегіне жетіп, енді ақырын қайта бастады. Жайық өзені жағасындағы елді мекендер, Орал қаласы әзірге тасқыннан зардап шеккен жоқ. Алдын ала тұрғызылған бөгеттер суды ұстап тұр.

Орал қаласының тұсында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден 13 см асып кетсе де, қорғаныс бөгендердің септігі тиіп, шаһарға су өте алмады. Мамандар өзеннің жоғарғы бөлігінде су деңгейі тұрақты түрде төмендеп жатқанын айтады. Өзен деңгейінен әлдеқайда төмен жат­қан кейбір саяжай бөліктері де қорғаушылардың арқасында аман қалды. Қазір халық осы нәтижені сақтап қалу үшін күресіп жатыр.

Сәуір айының басынан бері төтенше жағдай режімінде өмір сүріп жатқан Батыс Қазақстан облысында өмір бірте-бірте өз қалыбына түсіп келеді. Сәуірдің 15-інен бастап Орал қаласы мен Жайық жаға­лауын­дағы 4 аудан­да мек­тептегі оқу үде­рісі қашық­тан оқы­ты­ла бастаған еді. 24 сәуір­ден бастап қа­­лып­ты жағ­дай­ға ауысатын болды.

Бұған дейін тасқыннан зардап шеккен тұрғындар да мемлекеттен тиісті жәрдем алып, шығынның орнын толтыра бастады. Сәуірдің 22-сі күні Қаратөбе ауданына Президент аппараты ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Бабамұратов пен облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Тасқыннан баспанасы, мал-мүлкі зардап шеккен тұрғын­дар­мен осындай кездесу барлық дең­гейде өтіп жатыр. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов кеше сая­жай тұрғындарымен кездесіп, шығынды өтеу, біржолғы әлеу­меттік көмек беру, несие төлеу уақытын шегеру сияқты өзек­ті мәсе­лелерге байланысты сауал­дар­ға жауап берді.

Батыс Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары Тілепберген Каюповтың айтуынша, өңірде зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек кідіріссіз төленіп жатыр. Бүгінге дейін 1 490 отбасы 547,3 млн теңге көлемінде көмек алып үлгерген. Арнайы комиссиялар 1 150 үйге техникалық тексеру жүргізіп, 397 үйді тұруға жарамсыз деген шешімге келген. Яғни Қаратөбе ауданында – 98, Сырым ауданында – 114, Теректі ауданында – 60, Бәйтерек ауданында – 4, Бөрлі ауданында – 121 үй қайтадан салынады. Бұл әлі түпкілікті сан емес, комиссия жұмысы жалғасады.

Орал қаласында 15 эвакуация­лық бекет дайындалған еді. Соның 10-ына адамдар орналас­ты. Студенттер онлайн оқуға кет­келі 8 жатақхана босап, үйін су басқан мыңнан аса тұрғын көп­ші­лік жатақханаға көшірілді. Спорт ғимаратында уақытша орналасқан көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар жергілікті меценаттардың көмегімен пәтерге шығарылды. Қазір 2 326 адам эвакуациялық бекеттерде жатыр. Жағдай қиын­дай­тын болса, 2 700 орын резервте тұр.

Су басқан саяжай тұрғын­да­ры­на су ортасында қалған үйлеріне кедергісіз кіріп шығуға барынша жағдай жасалды. Жалпы, 20 күн ішінде Орал қаласының өзінде 45 шақырым бөгет тұрғызылды.

Осы күндері Қазақстанның 11 облысынан, республикалық ма­ңызы бар үш қаладан Ақ­жайық өңіріне 4 мыңдай адам көмекке келді. Олар жергілікті құры­лым­дармен тізе қосып қимыл­дап жатыр. Кеше Түркістан облысы және Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департа­мен­тінің құтқарушылары батыс­қа­зақстандық әріптестерімен бірге Ақжайық ауданына қарасты Бударин, Коловертное және Жаңабұлақ ауылы маңында Жайық өзенінен далаға жайылған су орта­сынан шамамен 137 жылқы, оның ішінде 3 құлынды айдап шығарып, иесіне табыс еткен. Ал саяжай аумағынан құтқарылған ит пен мысықтың санында есеп жоқ.

Су тасқыны талай жұртты әбігерге салып, біраз материалдық шығынға ұшыратқанымен, ха­лықтың бірлігін нығайтып, ынты­мағын күшейткен кезең болды.  Бұл күндер де тарих қазынасына айналған сәтте Жайық бойындағы халық ерлігінің жылнамасы жазылатын шығар.

 

Батыс Қазақстан облысы