• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Сәуір, 2024

Тарихи кітаптар таныстырылды

62 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана­да қаламгер, ғалым Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте филосо­фия­сы» және қырғыз тіл­ін­де басылған «Ташқа жазыл­ған тарых» атты кітап­тары көпшілікке таныс­­ты­рылды. Іс-шараға ғалым­дар, қаламгерлер, зия­лы қауым өкілдері және Парла­мент депутаттары қатысты.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңадан жарық көрген еңбек­тер ұлттық бірегейлікті сақтау жолында тарихи маңызға ие еке­нін айтты. Сондай-ақ ол аталған кі­таптар туған халқының кемел келешегі үшін қызмет еткен көрнекті тұлғалардың өмірі мен мұрасын дәріптеуге зор үлес қосатынына назар аударды. Нақты тарихи деректер мен архив материалдары қамтылған туындылар оқырман қауымға ұлт үшін басын бәйгеге тіккен саяси қайраткерлердің өміріне қатысты тың мәліметтер ұсынады.

Сонымен қатар Палата спикері елдің өткені, бүгіні және болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз бай­ланысты екенін атап өтті. Сондықтан ұлт шежіресін жүйелі зерттеп, зерделеудің маңызы зор. Мемлекет басшысының тарихи сананы жаңғырту және тарихты дәріптеу бағытындағы тапсырмасына сәйкес Сенат бұл салаға баса мән беріп келеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соған сәйкес отандық ғалымдар мен тарихшылар ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық ауқымды еңбек әзірлеп жатыр. Көптомдықтың басты мақсаты – Тәуелсіздік шежіресін терең түсініп, тарихымызды объективті түрде қабылдауды қалыптастыру. Мұның бәрі бүгін жарық көріп отырған «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және «Ташқа жазылған тарых» кітаптарының негізгі идеясымен үндес екенін атап өткен жөн. Ұлт тарихы мен ұлы тұлғаларымыздың өмірі терең зерделенген бұл еңбектер алдағы уақытта мемлекеттілігімізді нығайтуға және ұлттық кодымызды сақтауға қызмет етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ іс-шара барысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар және журналистер сөз сөйлеп, жаңа еңбектердің мәні мен маңызы туралы ой өрбітті.