Ұлттық операмыздағы Біржан, Төлеген, Айдар сынды кілең басты партияларды парасатты өнерімен өрге сүйреп жүрген Мерей Байнеш есімі бекзат өнердің талғампаз тыңдармандарына жақсы таныс. Күні кеше ғана «Астана опера» театры опера труппасының жетекшісі ретінде жауапты жұмысқа кіріскен танымал тенор һәм талантты әртіспен өрелі өнер турасында ой өрбіткен едік. Әнші еліміздегі опера өнерінің аяқ алысы, даму деңгейі туралы тұшымды әңгімесін бүкпесіз ортаға салды.
– Қызметіңіз құтты болсын. Әйтсе де «өнер адамы үшін басшылық жұмыс шығармашылығын тұсайды, қарымын тежейді» деген пікір де жиі айтылады. Бұл жағы сізде қалай?
– Рахмет! Шынымды айтсам, маған бұл қызметті ұсынады деп тіпті де ойлаған жоқ едім. Театр директоры Ғалым Алғиұлы Ахмедияров сенім артып, ойлануға бір күн уақыт берді. Аталған қызметтің қыр-сырын, артықшылықтар мен кемшіліктерді ой елегінен өткізіп, «байқап көру қажет» деп шештім. Труппа толығымен қалыптасқан. Оның үстіне театрда 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін, барлығы жаныма жақын дегендей. Осы істі қолға ала отырып, отандық опера өнерінің дамуына өз үлесімді қосқым келді. Сондықтан да ұсынысты қуана қабылдадым.
– Әртіс болу бір басқа. Ал жаңа лауазымда, яғни опера труппасының директоры ретіндегі жауапкершіліктің салмағы қандай екен? Сезініп үлгердіңіз бе?
– Әлбетте. Қызметке кіріскен күннен-ақ зор жауапкершілікті сезіндім, өйткені опера труппасында 11 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары еңбек етеді. Өздеріңіз түсінетіндей, мықтыларды басқару өте қиын. Сонымен қатар жаңа жұмыс ұйымдастыру мәселелеріне көп уақыт пен күш жұмсауды да талап етеді. Алайда мен әрдайым сахнамен байланысты үзбеуге және мүмкіндігінше сахнадағы өнер көрсетуімді жалғастыра беремін. Қызмет ауысқанымен, тәртіп қаз-қалпында қалды. Бұрынғыдай вокалмен айналысамын. Себебі біз де спортшылар сияқтымыз ғой, күнделікті дағды мен жаттығуларсыз өзіңді нағыз бабындағы кәсіби маман сезіну қиын. Сондықтан да барынша тепе-теңдікті сақтауға тырысып жүрмін. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Қазір мен көпшілікті жаңа есімдермен таныстыруды, дарынды жас әртістердің спектакльдерде сахнаға шығып, рөл ойнауына мүмкіндік беруді мақсат етіп отырмын. Жалпы, адам болған соң барлығымыз да асқақ мұраттарға талпынамыз ғой. Болашақта репертуарды одан әрі де мағыналы да мазмұнды спектакльдермен байытып, әншілерімізбен жан-жақты жұмыс істеу үшін вокал коучтарын тартқым келеді. Сонымен қатар халықаралық аудиториямен байланыстарды нығайту бойынша да жұмыс істеу ойымызда бар. Күн сайын қойылымдардың жоғары сапасын сақтау үшін талмай тер төгіп келеміз. Труппаның құрамына келетін болсақ, түбегейлі өзгертетіндей ештеңе де жоқ, солистердің барлығы да еңбекқор, қарқынды режімде жұмыс істейді. Жас солистерге бағыт-бағдар беріп тұру қажет болады: бір жерде мақтасақ, бір жерде ұрсып та аламыз, дегенмен бұл біздің әдеттегі жұмыс барысы ғой. Сондықтан да қалыпты тіршілігімізден алыстадық деп айта алмаймын.
– Опера өнерінде қандай өзекті мәселелер бар?
– Тұтас опера әлемі үшін өзекті тақырып – меццо-сопрано мен бас дауыстардың жетіспеушілігі. Труппамызда тамаша баритондар, керемет тенорлар, әлемдік деңгейдегі сопранолар бар, алайда барлық жердегідей меццо-сопрано мен бас секілді сирек дауыстар тапшы болатын. Бұл олқылықтың орнын жас буын әртістер жақсы толтырып жүр. Мені қуантатыны – жастар арасында өте талантты әншілер өсіп келе жатыр. Олардың алдында ұзақ жол тұр, әлбетте, жастарды өсіріп, барлық жағдайын жасау қажет.
– Бүгінде көрермендердің ықыласы классикалық опералық спектакльдерге басым ба әлде гала-бағдарламаларды тыңдаушылар көп пе?
– Қанша адам болса, талғам да сонша ғой. Демек көрермендердің қызығушылығы сан алуан. Сондықтан аудиторияның түрлі талғамын қанағаттандыру үшін классикалық опералық туындыларды да, жарқын гала-бағдарламаларды да ұсыну маңызды. Әдетте гала-бағдарламаларда әрдайым жаңа нөмірлер, сирек орындалатын туындылар таныстырылады, сол себепті галаға әр кез қалың көрермен жиналады. Алғаш ашылған күннен бастап бүгінге дейінгі 11 театр маусымы бойы біз елорданың мәдени ортасын қалыптастыру жолында жұмыс істедік. Осы уақыт аралығында тұрақты көрермендеріміз пайда болды, олардың ұлттық классика жауһарлары – «Қыз Жібек», «Біржан – Сара», «Абай» тәрізді сүйікті спектакльдері бар. Айта кету керек, біз ұлттық репертуарды дамытуға зор көңіл бөлудеміз және бұл қойылымдар біздің мақтанышымыз екені сөзсіз. Алайда көрермендердің белсенділігі олардың қалауларына ғана емес, басқа да көптеген факторға байланысты. Мәселен, спектакль немесе гала-концерт көрсетілетін апта күні, орындаушылар құрамы және тағы басқалары да әсер етіп жатады. Сондықтан біз көрермендердің қандай қойылымға қуана билет сатып алатынына қарамастан, барлығын да орындауға тиіспіз.
– Осы театр маусымында операдағы ең өзекті әрі маңызды мәселе не?
– Біз жоғары сапалы және қызықты спектакльдерді ұсына отырып, көрермендер аудиториясымен байланысты нығайтуды да үздіксіз жалғастырып келеміз. Сондай-ақ театрдың ұзақмерзімді өркендеуі үшін оның қызметінің шығармашылық аспектілерін белсенді дамытуды да қолға алып жатырмыз, яғни театр өмірін мазмұнды ететін барлық шараларды – халықаралық фестивальдерді, гастрольдік сапарларды, оның ішінде әрине премьераларды ұйымдастыруға үлкен маңыз берілуде. Он екінші
театр маусымы репертуарда жаңа қойылмның, яғни С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының пайда болуымен атап өтілмекші. Спектакльдің барлық музыкалық бөлігі – бұл шлягерлер. Қазір көбі мұның опера екенінен де бейхабар, оны халық музыкасы ретінде қабылдайды. Демек туынды ең жоғары баға – тыңдармандардың сүйіспеншілігіне ие болады деген сөз. Себебі халық музыкасы әрдайым ұлттың жанына жақын. Премьера саз әлемінде жаңалық жасап, әсем де әсерлі ұлттық музыканы дүниеге әкелген ұлы композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына арналып қойылғалы жатыр. Спектакль көпшілік көңілінен шығады деген сенімдімін.
– Жас әртістердің өнердегі аяқ алысын қалай бағалайсыз?
– Жалпы өнер жолы оңай емес десек, соның ішінде әсіресе операның салмағы зіл батпан. Себебі опера ісі тар шеңберде мамандандырылған сала саналады және әр 10-15 жыл сайын ғана «қан жаңарту» жүріп тұрады. Труппаның құрамы жақсы баритон, сопрано, меццо-сопрано, тенорлар мен бастардан құралады. Олар труппаны жиырма жыл бойы таныстыра алады. Мәселен, Алматыдағы театрдың 90 жылдық тарихы бар және осынау уақыт ішінде жұлдыздардың негізгі құрамының 7 буыны ауысты. Біздің театрда іріктеу 2013 жылы өтті және орындаушылардың құрамы күні бүгінге дейін сақталған. Жанат Шыбықбаев, Медет Шотабаев, Айгүл Ниязова, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Жаннат Бақтай, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Қапонова, тағы басқалары сахнада жарқын өнер көрсетіп келеді. Қазір олардың шығармашылық қуаттары нағыз тасып тұрған кез. Десек те біз әртістердің келесі буынын да дайындап жатырмыз. Атап айтсақ, келешегінен зор үміт күттіретін операның жарық жұлдызы Дінмұхамед Көшкінбаев, сондай-ақ Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла, Ұлпан Әубәкірова, Назым Сағынтай және тағы басқа да өнерлі жастар бар. Оларды қазірдің өзінде вокалдық тұрғыда ауыр болмайтын, күрделі емес спектакльдерге енгізіп жүрміз. Театр жанында дарындардың ұстанаханасына айналған «Astana opera» Халықаралық опера академиясы жұмыс істейтінін де атап өту керек. Академистер үшін бұл – үлкен мектеп. Кешегі консерватория түлектері оқуларын біздің академияда жалғастырды. Олардың еліміздегі опера жұлдыздарымен бірге сахнаға шығуға, олармен қарым-қатынаста болуға, дайындықтарына баруға мүмкіндіктері бар, яғни олар жұмыс атмосферасына қиналмай, баяу кіріседі. Мәселен, біз оқуды бітіріп, театрға алғаш келгенімізде өзіміздің бірінші маусымымыздың ішінде көптеген партияны орындап, дайын, қалыптасқан әртіс ретінде жұмыс істеуіміз қажет болды. Сондықтан осы ретте академия тыңдаушыларының жолы болды деп санаймын. Олар мұнда барлығын үйренеді, атап айтсақ вокал, актерлік шеберлік, тілдерді меңгеріп, шетелдік коучтардың сабақтарына қатысады. Қазір жастарда шығармашылық тұрғыдан ізденіске барлық мүмкіндік бар, ең бастысы еңбектенсе болды. Сонда отандық операның келешегі зор болады деп нық сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»