Керекуде жылу желілері сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы жылу маусымына дайын тұруы үшін ерте бастан жүйелер тексеріліп, осал тұстары жаңартудан өтеді. Қазір облыс орталығы бойынша жылу жабдықтарының тозуы 92 пайызға жеткен.
Жергілікті жылумен қамтушы мекемелер мен билік өкілдері жыл сайын қаншама километр желіні жаңартып жатырмыз дегенмен, құбырлардың тозу көрсеткішін қуып жету мүмкін болмай бара жатыр. Тіпті кейінгі жылдары бұл тіпті үдей түсіп, жылу және ыстық су жүйелерінде ақаулар көбейе түскен. 2022 жылы Екібастұз қаласында болған жүйелі апат, Павлодар қаласының әр жерінде тіркелетін апаттық оқиғалар – мұның дәлелі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, энергетика жүйесінің ескіруі – тек біздің облыста ғана емес, ел бойынша өзекті мәселенің бірі. Қазақстандағы көптеген жылу-энергия орталығы 50 жылдан аса жұмыс істеп келеді.
– Халықты сапалы жылумен қамтамасыз ету шараларын біз өткен жылдың басында қабылдадық. Екібастұз қаласында алдыңғы жылғы апатты жағдай қайталанбас үшін кешенді жұмыстар атқарылды. Екібастұз ЖЭО-ның барлық 10 қазандығына және қаланың жылу желілеріне жөндеу жүргізілді. 2023 жылы барлық 3 қалада (Павлодар, Екібастұз, Ақсу) 73,1 км жылумен жабдықтау желілері жөнделді. Нәтижесінде, жылу желілерінің тозуын 82,1 пайыздан 80,5 пайызға дейін төмендеттік. Биыл 22,7 км жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бойынша тағы 8 жобаны іске асыру міндеті тұр. Магистралдық желілердің цифрлық сызбасы да құрастырылып жатыр, – деді өңір басшысы.
Осы аптадан бастап үш қалада орталықтандырылған жылумен қамту тоқтатылып, желілерде гидравликалық сынаулар басталды. Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың дерегінше, өткен қыста тұтынушылардан жылудың жетіспеушілігіне қатысты 1,5 мың шағым түскен. Жылу параметрлерінің төмендеуі бойынша 704 жағдай тіркеліп, 226 технологиялық кемшілік анықталған. Ал негізгі жылу желілерінде кездескен кемшіліктер саны 300-ге жуықтаған.
«Жаңа жылыту маусымына дайындық іс-шаралары аясында облыстағы энергиялық көздерде 39 негізгі жабдықты, 40 шақырымнан аса жылу желілерін жөндеу жоспарланған. 337 автономды қазандық пен 2,2 мың көпқабатты тұрғын үйді қысқа тыңғылықты дайындау қажет. Жалпы, біздің жоспарымызша аталған жобаларға 56 млрд теңге қаражат керек, ең бастысы, қаржыландыру жеткілікті болса болғаны», деп атап өтті ол.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС жеке қаражатына қанша шақырым желіні жөндейтіні қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан сынақ жұмыстарының нәтижесінде белгілі болады. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңі 28 сәуірге дейін жалғасады деп жоспарланған. Яғни Павлодар қаласының оңтүстік бөлігіндегі құбырлар мен жүйелердің жай-күйі шамадан тыс қысым беру арқылы тексеріледі. Одан соң шаһардың солтүстік бөлігінде де дәл осындай іс-шаралар жүргізілмек. Ал күзгі сынаулар 31 шілде мен 4 тамыз, 5-12 тамыз аралықтарына белгіленіп отыр.
Жылу мекемесі бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов жылу желілеріндегі негізгі жабдықтардың тозуы 92,2 пайызды құрайтынын жеткізді. Өткен жылу маусымында желілерден 280 ақау шыққан. Биыл 3,7 шақырым желіге күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарланған. Бұған қоса жабыны бұзыла бастаған жылу оқшаулағыштарды қалпына келтіру және аумақтарды көріктендіру де қарастырылған.
«Біз қазір сынау жұмыстарының нәтижесін күтіп отырмыз. Сол арқылы жүйедегі ең осал тұстарды анықтап, әуелі анықталған кемшіліктерді түзейміз. Ал ақаулар ауқымдырақ болса, ондай учаскелерді жөндеуге Павлодар қаласының әкімдігі анықтаған мердігер компания жұмылдырылады. Мұндай ақауларды жөндеу, қалпына келтіру мерзімі 30 күнге созылуы керек. Қазір қаланың оңтүстік бөлігі ыстық судан ажыратылды. Ақаулар шықпаған қала бөліктерінде ыстық сумен қамту 3-5 күннің ішінде қалпына келеді», дейді компания өкілі.
Қала билігі биыл Қамзин көшесі бойында ЖМ-13 жаңа жылу магистралінің және Абай-Кривенко көшелері аумағында ТСС-5 жаңа сорғы стансасының құрылысын жүргізуді ойға алып отыр. Сондай-ақ 5,9 шақырым ішкі желілер реконструкциядан өтеді.
Екібастұз қаласында да жылу желілерін жөндеу бойынша дайындықтар жалғасып жатыр. Биыл бұл мақсатқа шамамен 16,3 млрд теңге жұмсау көзделген. Үкімет резерві есебінен жылу-энергия орталығының №15 қазандығын күрделі жөндеу және 3,2 шақырым су тұндыратын магистраль салу жоспарланып қойды. Бұған қоса Үкімет резервінен қаражат бөлініп, ЖМ-1 және ЖМ-2 жылу магистральдары реконструкциядан өтпек. №2 және №7 жылу магистральдарына дәл осындай жөндеу жүргізу үшін қазіргі сәтте мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтіліп отыр. Ал Ақсу қаласында төрт шақырым ішкі желілер жөнделеді.
Павлодар облысы