Қазақстан қоғамдық даму институтында заманауи отбасылардың әлеуметтік психологиялық мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел форматында өткен жиынға түркиялық профессор, медицина ғылымдарының докторы, Üsküdar университетінің негізін қалаушы-ректоры Невзат Тархан арнайы келді.
Басқосуға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, отбасы саясаты және гендерлік саясат саласының сарапшылары, психологтер мен әлеуметтанушылар қатысты. Жиналғандар отбасы институтын нығайту және қорғау, отбасылардың рухани, адамгершілік және материалдық жағынан дамуына қолайлы жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу турасында пікір алмасты.
«Бүгінде әлемде некелесетіндердің саны азайып, керісінше ажырасу үлесі артқан. Мұндай үрдістердің белең алуы қоғамдық сананың өзгеруіне тікелей байланысты. Жыл өткен сайын отбасыларда дәріптелетін кейбір құндылықтардың маңызы төмендей бастайды. Бұл тенденцияны 3 ұрпақты мысалға келтіріп түсіндіруге болады. Яғни X ұрпағы топтық өмір салтын қолдайтын болса, Z ұрпағы жеке тұлға ретінде дамуды әлдеқайда жоғары қояды. Ал Y ұрпағы алдыңғы екеуінің ортасы болғандықтан, көрсеткіштерді теңдей бөлген. Отбасы құндылығы өзгерісінің мемлекеттің ішкі жалпы өнім көлеміне де ықпалы бар. Өйткені отбасы – негізгі әлеуметтік институт ретінде елдің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді», деп Невзат Тархан мемлекетіндегі отбасы құндылықтарының өзгерісін әлемдік көрсеткіштермен салыстыра баяндады.
Сарапшылар проблеманы шешу жолдарын да жан-жақты қарастырды. Осы ретте Невзат Тархан сөз арасында отбасы институтының әлсіреуіне себеп болатын тағы бір проблеманың басын ашып көрсетті.
«Отбасы – мәдениетті, әдет ғұрып пен салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы институт ретінде де маңызды. Бірақ қазір бұл функцияны отбасы емес, телевизия атқарып отыр. Бұл да қоғам нормаларының өзгерісіне әкеледі», деді профессор.
Іс-шара отбасы, гендер және демография саясаты саласындағы ұйымдар мен сарапшылардың ынтымақтастығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, отбасы институтын нығайту және осы саладағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.