• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Сәуір, 2024

«Денесін чемоданға салып, шөл далаға апарып тастаған». Дубайда қайтыс болған қазақ әйеліне қатысты сот отырысы басталды

182 рет
көрсетілді

Алматыда Дубайда қазақ қызының айуандықпен өлтірілуіне қатысты сот отырысы жабық түрде өтіп жатыр. Елді дүрліктірген оқиғаның мән-жайын зардап шеккен тараптың адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Сот тергеуі жабық түрде өтіп жатқанын ескере отырып, оқиғаның қысқаша мазмұнын ұсынып отырмыз. Заң бойынша кейбір мәліметтер жария етуге жатпайды. 

2017 жылдың соңында алматылық Әнел (аты өзгертілді) корпоративтік кеште әріптесімен танысады. Заңгердің айтуынша, олар әртүрлі ұйымдарда жұмыс істегенімен, бір ғимаратта жүрген. Қыз бен жігіттің арасында достық қарым-қатынас басталған. Ер адам үйленген болып шығады. Ақырында, ұзақ қарым-қатынастан кейін ол қызды серуендеу үшін тауға алып кетеді және сол жерде жыныстық зорлық жасайды. Осыдан кейін қыз жігіттің үстінен арыз жазып, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалады.

Осы оқиғалардан кейін Әнел Біріккен Араб Әмірліктеріне кетеді. Бойжеткен Дубайдағы бес жұлдызды қонақүйлердің біріне жұмысқа орналасады. 

«Қыз өте білімді, екі жоғары білімі бар, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген. Ол жұмысқа орналасу туралы әңгімелесуден оңай өтті, онымен келісімшарт жасалды. Қызмет көрсету саласында жұмыс істеу үшін медициналық комиссиядан, медициналық тексеруден, әңгімелесуден, тестілеуден өтті. Міне, ол сонда жұмысқа орналасты, кетіп қалды бірақ одан кейін байланысқа шықпады», дейді адвокат.

Кейінірек Әнел Instagram желісінде өзінің геолокациясын белгілеп, суретін жариялайды. Нәтижесінде ер адам қыздың ізіне түседі. 

Ғалым Нұрпейісовтың айтуынша, 2019 жылы ер адам Әнелді әлеуметтік желіде геолокация арқылы бақылап, оған қоқан-лоққы хабарламалар жаза бастаған.

«Ер адам қызды өлтіргісі келген, ол Instagram-да: «Не сен қайтып келесің, не ары қарай өмір сүрмейсің» деп жазкды, қыз оралудан бас тартқаннан кейін ол өзі БАӘ-ға барған», деді адвокат.

Ескі танысының ізіне түскенін білген бойжеткен туыстары мен БАӘ-дегі Қазақстан консулдығына хабарласқан.

«Ол Қазақстан консулдығына бұл адамның қауіп төндіретінін айтып, қорқатынын айтты»,  деді.

Адвокаттың айтуынша, қуғыншы Дубайға үлкен бос чемоданмен ұшып келген.

«Ер адам қыздың ізіне түсіп, ол жұмыс істейтін қонақүйдегі пәтеріне кіріп қызды өлтіреді. Мәйітті чемоданға салып, жалдамалы көлікпен шөл далаға апарып тастаған», деді адвокат.

Қыздың денесін жергілікті тұрғындар 2019 жылдың 18 сәуірінде тауып алып, полицияға хабарлаған.

«Осыдан кейін полиция келіп, сараптама жүргізілді, өлімнің себебі анықталды. Біріккен Араб Әмірліктерінің тергеушілері қылмыстың қасақана жасалғанын анықтады», деді адвокат.

Ол марқұмның денесін тасымалдау үшін шамамен 25 мың доллар қажет болғанын атап өтті. Әнелдің туыстарында қажетті сома болмағандықтан, оны кремациялап, күлі Қазақстанға жеткізілді. Сондықтан сот-медициналық сараптаманы БАӘ-нің жергілікті билігі ғана жүргізе алды.

Тергеушілердің айтуынша, қылмыс жасалғаннан кейін келесі күні айыпталушы Қазақстанға оралып, жасырынып үлгерген. Тәртіп сақшылары оны ұзақ іздеді. Осы уақыт бойы бұл істі Дубай полициясы тергеп жатқан.

Зардап шеккен тараптың адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің өзі Дубайға барып, оқиға орнына және қаза тапқан қазақстандық әйелдің денесі табылған жерге барып, жергілікті тергеушілермен сөйлескен.

Күдіктіні ұзақ іздестіру және тергеу әрекеттерінен кейін 2024 жылдың наурыз айының соңында Дубайда қазақстандық әйелді өлтіру ісі Алматы сотына жіберілді. 

«Марқұмның анасының мәлімдемесі және консулдық қызметтің растауының негізінде адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, ұзақ хат алмасудан кейін БАӘ іс материалдарын ағылшын және орыс тілдерінде Қазақстанға жіберді. Қазіргі қылмыстық істің негізін құраған материалдар бірінші зорлау ісін қамтыды», деді Ғалым Нұрпейісов.

Қылмыстық кодекстің 120-бабы «Зорлау» бабы бойынша сот отырысын жабық өткізу туралы шешім қабылданды. 

Сондай-ақ күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бойынша айып тағылып отыр.

Өз кезегінде адвокат қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтынын атап өтті. 

Айта кетейік, қылмыстық іске қатысты ақпаратты Қазақстанның Жоғарғы соты растады.

«Дубайда (БАӘ) қазақстандық әйелді өлтіруге қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі «Зорлау» және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы «Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бойынша қаралып жатыр. Сот отырысы "жариялылық" талаптарына сәйкес жабық режимде жүргізіледі», деп хабарлады Жоғарғы Сот.

Ғалым Нұрпейісов БАӘ Қазақстан азаматын сол жерде соттауы үшін оны экстрадициялауды сұрағанын айтты. Әмірліктерде мұндай қылмыс жасағандар өлім жазасына кесіледі. Бірақ заң бойынша Қазақстан өз азаматтарын басқа елде сотта қарау үшін экстрадицияламайды.