• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Сәуір, 2024

Тимур ЖҰМЫРБАЕВ: Жас буын – мемлекеттің болашағы

218 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы тек этносаралық қатынасты нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына да назар аударып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында да ауқымды істер атқарып жүр. Әсіресе институт құрылымындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Осы орайда бірлестік төрағасы Тимур ЖҰМЫРБАЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Тимур Ғабдулұлы, «Ассамблея жастарының» игі істерін әлеуметтік желілерден жиі көріп жүрміз. Алдымен осы қоғамдық бірлестіктің қалай құрылғанын айтып берсеңіз.

– Ұйымның құрылу бастамасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі. Мемлекет басшысы 2021 жылы ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында жас­тардың басын қосып, біріктіруді тапсырды. Осылайша, «Ассамблея жастары» дүниеге келді. Бүгінде біз бұл брендті белсенді түрде дамытып жатырмыз. Жұмыс өте ауқымды. Маңызды 6 бағытты таңдап алдық. Оның ішін­де жастарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік тілді этносаралық тіл мәртебесінде дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери-патриоттық мәдениетті дамыту бар.

Кез келген жастар қоғамдастығы сияқты «Ассам­блея жастары» да өз алдына өршіл мақсат қойып, оларды іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайды. Бір­лес­тіктің алдына қойған мақсат-міндеттері – жастар бас­тамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келі­сім мен ұлттық бірегейлікті нығайту, олардың әлеу­меттік әлеуетін арттыру. Біз көбіне этностар тығыз орна­ласқан аймақтардағы ауыл жастарымен жұмыс істей­міз. Өйткені құрылымда жас буынның қатары көп болға­ны, сәйкесінше, жасалып жатқан жұмыс туралы хабар­дарлығы әрі оларға пайдалы болғаны маңызды. Этнос­тық топтар тығыз қоныстанған Ұйғыр, Пан­филов, Қордай, Сайрам, Мақтаарал өңірлерінде көп жұмыс­ атқарылып жатыр. Бұл – еліміздің оңтүстігіндегі аудан­дар. Онда кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру мә­селелерінің шешілуі өте маңызды. Осы өңірлердің жас­тарына заманауи бәсе­кеге қабілетті азамат­тың ма­ңызды құндылықтары – сапалы білім, білік­тілік және кәсіби ортадағы сұра­нысты ілгерілететін жобалар.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қоғамның негізі болуға тиіс құндылықтарды атап өтті. Отанға деген сүйіспеншілік, халық бірлі­гін бекемдеу, бойымыздағы жасампаздық пен жаңа­шыл­дық қасиеттерді қалыптастыруға ұмтылу азаматтық этиканың бір бөлігімен қатар, қоғамдық қарым-қатынастың моральдық бағдары болуы керек.

Бірлестік жастарға біліміне, талантына сай елімізде мүмкіндік барын нақты үлгімен көрсетеді. Этностық топтар тығыз орналасқан ауылдардағы ескі түсінікпен өмір сүріп жатқан азаматтарға ақпараттың жетуін, жоғары оқу орындарының өкілдерімен, жұмыс берушілермен консультация, мотивациялық кездесу ұйымдастыру арқылы жастарды әлеуметтендіру, азаматтарды қолдаудың қолданыстағы іс-шараларын, білім бағдарламалары мен жұмыспен қамту жобаларын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылдың өзінде осындай бағытта 500-ден аса іс-шара өткізілді.

Өңірлермен жұмыс істеудің тағы бір қызықты форматы – «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысымен бірлесіп, жалпы білім беретін мектептерде әскери-патриоттық клубтардың ашылуы. Мақсат – тарихи тұлғаларды, батырлар мен Отан қорғаушыларды негізге ала отырып, мектеп оқушыларының бойына отансүйгіштік, ерлік туралы түсінік қалыптастырып, әскери қызметке баулу.

«Ассамблея жастарына» кез келген жас тіркеле алады. Ол үшін өңірлердегі Достық үйлеріне барып, ұйымның құрамына кіру керек. Қазір қатарымызға қосылып жатқан жастар саны өте көп. Өңірлерге сапарларды жиі ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстардың маңыздылығы мен тиімділігін насихаттаймыз. Себебі бос уақытында жастар қоғамдық өмірге белсенді араласса, олардың дұрыс жолда қозғалуы заңды болады. Жастарға өздерінің мәселелерін өздері көтеріп, оны шешуге мүмкіндік беру керек.

– Ассамблея жұмысында жастардың рөлі қандай?

– Ассамблеяның құрылымында жастардың рөлі өте ерекше. Өйткені жас буын – мемлекеттің болашағы. Демек келер ұрпақ елдегі бірлік пен ынтымақты сақтауға жауапты. Бүгінде Ассамблея аясында жастар жобаларын жүзеге асыруға көп көңіл бөлініп отыр. ҚХА республикалық деңгейде де, аймақтарда да жастар квотасын енгізді.

Ассамблея жастары жұмысының басым бір бағыты – мемлекеттік тілді насихаттау. Бүгінде этнос жастары арасында қазақ тіліне қызығушылық артып, олардың мемлекеттік тілді білуге деген құштарлығын көріп жүрміз. Әлеуметтік желілерде қазақ тілін дамыту бо­йынша «Үйде сөйле», «Tik-Tok хаус. Soyle in/at house», «Бірлік тілі» жобалары мен «Қазақша tea-talk» акциясы көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тапты.

«Үйде сөйле» жобасы қазақша үйренгісі келетін азаматтарға өздері тұратын көпқабатты үйлердің аулаларында қазақ тілін үйретеді. Бір жылда клубқа 400-ге тарта адам қатысты. Қатысушылардың басым бөлігі ауызекі қазақ тілін меңгеріп шықты.

Былтыр тұңғыш рет жастар арасында «Ел бірлігі» атты республикалық пікірсайыс турнирін өткізуді де қолға алдық. Бас қалаға еліміздің әр өңірінен жас зият­керлер жиналды. Турнир мақсаты – Президенттің халыққа Жолдауларында айтылған бастамаларды талқылау алаңын құру. Пікірсайыс толығымен мемлекеттік тілде өткендігімен, әр команданың әртүрлі этностан құралғандығымен ерекшеленді.

Шығармашылық индустрияны дамытуға да зейін қойдық. Мемлекет басшысы нақты осы сала экономиканың келешегі бар саласына айналуға тиіс екенін атап өтті. Қазіргі таңда ел бірлігін нығайтуға бағытталған жобаларды жүйелейтін арнайы хаб құрылды. Биыл шығармашылық жобалардың авторларымен қызықты кездесулер өткізіп, оларды жүзеге асыру жоспары белгіленді.

Біз Ұлттық Дельфий комитетімен бірлесе отырып, әртүрлі этностың жас таланттары үшін «Жастар жалыны» «Fork&Art Performance» платформасын жасадық. Жоба аясында жас музыканттар мен орындаушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясының гранттары арқылы қолдау көрсетіліп, олардың халық­аралық байқауларға қатысуы үшін жол шығыны өтелетін болады. Бастаманы жыл сайын негізін сақтап, тек мазмұнын жаңартып, тұрақты ұйымдастырамыз.

Сондай-ақ бірлестік ЮНЕСКО-мен ынтымақтас­тық аясында жұмысын бастады. Басты мақсат – мә­де­ниетаралық диалогті дамыту. Болашақта Ассамблея жастарының жастар қоғамдастығының бір бөлігіне айналуын қамтамасыз етуге, беделді ұйымның білім беру, ғылыми және әлеуметтік жобаларына қолже­тімділігін ашуға күш саламыз.

Бұған қоса Орталық Азия елдерімен тарихи және мәдени жақындықты ескере отырып, жастар ұйым­дарымен тығыз ынтымақтастық орнатудамыз. Наурыз айын­да Үндістанның бірнеше қалаларында – Дели, Агра, Ахмедабадта өткен «Үндістан – Орталық Азия» жас­тар форумына қатыстық. Мамыр айында Берлинде Гер­маниядағы жастар ұйымдарымен кездесуді жос­парлап отырмыз. Осындай алаңдарда жастардың жаңа мүм­кіндіктерін, ұйымдар арасында тәжірибе алмасуды, үз­дік әлеуметтік, гуманитарлық және білім беру тә­жі­рибесіне бағытталған жобаларды талқылап, пікір алмасамыз.

– Қазіргі кезде ұйымдағы жастар саны қанша? Олардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру үшін ұйым қандай іс-шараларды қолға алды?

– Бүгінде «Ассамблея жастары» қанатында 9 мыңнан аса жас көшбасшы бар. Олар – күнделікті қоғамдық жұмыстар арқылы ел бірлігін нығайтып, еліміз жастары үшін маңызды жобаларды жасап жүрген нағыз патриоттар. Бірлестік – жас көшбасшылардың өсіп-өнуіне, мемлекетке қажетті кадрларды даярлауға сеп болатын алаң. Мәселен, қазір көптеген этномәдени бірлестікті жас төрағалар басқарады. Бұл – Акбаржон Исмаилов, Юрий Шин, Зайнуддин Махусеев, Евгений Болгерт, Нарине Микаэлян, т.б. Әрине, бұл – қоғамдық құрылымдарда меритократия қағидатын дамытуға мүмкіндік беретін өте жақсы үрдіс. Бүгінде белсенділеріміздің мемлекеттік қызмет құрылымына, мемлекеттік инс­титуттарды басқаратын құрылымдарға араласып, депутат болып сайланғанына қуаныштымын. Сонымен қатар жастар бизнесте, ғылымда, мәдениетте, спортта және басқа да салаларда да табысты қызмет етіп жүр.

Құқықтық және қаржылық сауатты дамыту жұмыс­тарына келетін болсақ, бұл да – жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі. Ауылдық жерлерде, колледж, университет студенттері арасында ақпараттық іс-шаралар өткіземіз. Өйткені жастар арасында қарыз мәселесі өзекті. Бұл көбіне қаржылық сауаттың төмендігінен болады. Сәйкесінше, бұл жастардың ілгерілеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан салдармен емес, себеппен күресуге көп күш салудамыз.

– Кейінгі бір айдан аса уақыт еліміз су тасқы­нымен арпалысып жатыр. Қиын-қыстау тұста ҚХА ерекше белсенділік танытты. Осы орайда Ассамблея жастарының еңбегін атап өтсеңіз.

– Қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген бар. Еліміздің бірнеше өңірінде болған су тасқыны зардап шеккендерге оңайға соқпағаны белгілі. Олардың басына түскен ауыртпалықты ел болып көтеріп, жұрт болып жеңуге атсалысып жатқандардың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы алғы шепте жүргенін көпшілік көріп отыр. Апаттың алғашқы күнінен-ақ гуманитарлық көмек көрсету бойынша Ассамблеяның республикалық, өңірлік штабтары құрылып, Астанадағы Достық үйінде бірлескен онлайн отырыс өткізілді. Республика бойынша «Жүректен – жүрекке» арнайы жобасы басталып, акция бірден жан-жақты үлкен қолдауға ие болды. Жоба аясында дәл осы күні Қарағанды, Ақмола облыс­тарына гуманитарлық жүк тиелген бірнеше көлікті жөнелттік. Сенат депутаттары Әлішер Сатвалдиев пен Геннадий Шиповский бастаған делегация Ақмола облысында болып, жағдайды өз көздерімен көріп, халықпен жүздесті.

Қарағанды облысында болып, сол мекендегі гу­ма­нитарлық көмекті үлестіруді үйлестірдік. Басқа өңір­лерге де барамыз. Жалпы, қазір Ассамблея жастары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда еріктілер жасақтарын ұйымдастырумен айналысып жатыр. Шамамен 11 мыңнан аса волонтер жұмылдырылған.

Зардап шеккен аймақтарға 1000 тоннаға жуық азық-түлік, қажетті тауарлар жөнелтілді. Гуманитарлық көмектің жалпы сомасы шамамен 600 млн-нан астам теңгені құрайды.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан су тасқыны­нан зардап шеккен өңірлерге қолдау мен көмек көрсету жұмыстары жалғаса береді. Бұл да – өткінші қиындық, ел болып еңсерерміз, ең бастысы – еліміздің тыныштығы мен халықтың амандығы.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»