Сарабдал сыншы Сағат Әшімбаевпен жақын араласқан соң, кездескенде не қызметіне бара қалғанымда ағыл-тегіл кеңесін айтып, әңгімеміз көбіне әдебиет төңірегінде өрбуші еді. Бұл мақаламда сол кездесулерде айтылған әңгімелердің соқталысы мен болған оқиғалардың құндысын боямасыз ұсынуды жөн көрдім.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенімде Сағат ағаға барып едім, сәл көңілсіздеу отыр екен. «Аға, сізде ешқандай бұйымтайым жоқ, тек газеттің секретариатында болған соң, өзіңіз көппен бірге түскен суреттерді жинастырып, керегі болып қалар деп әкеліп отырмын», дедім. Суреттерді алып қарап, әп-сәтте көңілденіп: «Бәрекелді, мұның өте дұрыс тірлік екен» деп алып, бір сілкініп, мәре-сәре болып қалдық. Жағдай сұрауына орай жауап қайтарған болып отырмын. Содан ол әдебиет туралы әңгіменің тиегін ағытты дерсің. Көкірек көзім ашылып, көңілім көк дөненнен де жүйткіп әріге кетті... Осындай ағынан жарыла айтары бар ағаңның болғанына не жетсін!
Сағат ағаның ерекше бір айтқаны: «Мынандай фотоларды жинастырып жүруіңді құптаймын. Бұлар уақыты келгенде тарихтан сыр шертер құнды дүниелер болары сөзсіз» дегені. Содан Сәкеңнің кеңесімен 1982–1987 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде секретариатта жұмыс істеп жүргенде жарияланған, редакция қоржынына түскен фотоларды жинап жүрдім. Кейінірек жинақталған фотоларды сол кездегі Ақпарат министрінің орынбасары, жазушы Әлібек Асқарға көрсетіп едім, кабинетіндегі үстелге сыймай, одан еденге жайып тастап таңдағаны. Кейін Әлекеңнің ұйытқы болуымен «Жазушылар әлемі» атты фотоальбом жарық көрді.
Содан қалған көптеген фото бар еді. Сатирик Шона Смаханұлының қырыққа жуық фотосын Алматыдағы Ш.Смаханұлы атындағы мектепке табыстадым. Ақын Хамит Ерғалиевтің фотоларын баласы Маратқа, қаламгерлер Сейтжан Омаровтікін баласы Нұрайға, Қалижан Бекхожиндікін баласы Ерланға бердім. Қалған фотоларды тағы бір іріктедім де, Астана қалалық Жазушылар одағының жетекшісі Дәулеткерей Кәпұлына аманаттадым. Ақселеу Сейдімбектікін інісі Асылханға, Сафуан Шаймерденовтікін інісі Сайын Есмағиға табыстадым. Алматыдағы Жазушылар одағына барып, сол кездегі одақ төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның кабинетінде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтікін музей директоры Әділғазы Қайырбековке, ал қаламгерлер Мұзафар Әлімбаев, Бауыржан Момышұлы, Бердібек Соқпақбаев, Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Асқар Сүлейменов, Ғаббас Қабышев, Жарасқан Әбдірашев, Мұхтар Шаханов, Роллан Сейсенбаев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев, Аян Нысанәлінің фотоларын тиісті адамдарына табыстап, тағы да көптеген фотоны Жазушылар одағына деп, Бақыт ініме қалдырып кеттім.
Міне, Сағат Әшімбаевтың көрегендікпен айтқан бір ауыз кеңесінің арқасында осындай игі жұмысқа қолұшын бергенім бар.
30 мамыр 1984 жыл
Сағат ағаның қызмет бөлмесінде үнсіз тымырайып отырмын. Бұл кісідей ағынан жарылар ақкөңіл, ініге қамқор азаматтың әңгімесін тыңдаудан әсте жалықпайсың. Әр сөзінде өмірді ұғындырғысы, кейін өкінбейтін іс істеу керектігін айтып, өмір құбылысын философиялық тұрғыдан түсіндіре, қалтарыс, ықпыл-жықпылдарды ашып көрсеткісі келеді. Нешеме цитата, фактімен сөйлегенде бос сөз жоқ-ау. Сәкең маған жақын інісі болғандығымнан шығар, шешіле сөйлеп, өз өкінішін алдыға тарта көңілге қонар біраз құпиясын ақтарды. «Істер істі 30 бен 40 тың арасында тындыру керек. Қанда бар қасиет пе, қазақтың небір азаматтары осы 40-қа дейін бітіретінін бітіріп, одан кейін тыныш жүреді. Ал орыс халқы, суық жақтікі болған соң ба, кешірек қалпына келіп, 40 пен 50-дің арасында ісіне белсене кіріседі екен...» деген-ді.
«Айтарым, міне, мен 37-демін, 2-3 кітабым бар – бітіргенім шамалы, 5-6 жылымның бос кеткеніне, біраз нәрседен қалыс қалып қалғаныма өкінемін... Біз уақыт өтіп бара жатыр деп ойлаймыз, тіптен олай емес қой. Күн батты, күн шықты дейміз – нағыз қателік осыдан басталады, негізінде Күн бір орнында тұрған нәрсе, айналатын Жер екенін біле тұра мойындағымыз келмейді, сол сияқты уақыт өтпейді, ол бір қалыпта тұра береді, тек өтетін біз, біздің өміріміз... Иә, Берік, айтар ақылым – көп ізден, еңбектен. Әлгі талант деген нәрсе шартты ұғым – бұның бәрі еңбекке байланысты. Еңбек болғанда да жүйелі еңбек. Бізге жетіспейтіні – теориялық білім, көп азамат осыдан ақсап жатыр. Білімсіз ештеңе жасай алмайсың. Мәселен, кезінде Блокті білімсіз деп есептеген, ал негізінде Блоктің білімі ұшан-теңіз болған. Білімсіз, ничего подобного, ешнәрсе бітпейді. Керемет туындылар тек білімнің жемісі деп есептеу керек. Сондықтан үздіксіз ізденіс, білім өте қажет. Мәселен, адамды негізінен ұстап тұрған үш нәрсе ғой. Алдымен, зат алмасу, бұл болмаса адам өледі. Келесі көңіл, қуану, қайғыру сияқтылар – адамға қажет нәрселер. Ал үшіншісі – ақпарат, білім. Бұл болмаса адам тоқырауға ұшырап, бір орнында қалып кетеді екен...
Негізі, теориялық білім қажет дедік қой, ана сендердегі Оралхан Бөкеевтің жеткен жері, көп нәрсесін 40-қа дейін бітіріп, енді өзін өзі қайталап қалып жүр. Оның білуге ден қойып, «Кейінгі кезде тарихи-танымдық дүниелерді оқуға ден қойып жүрмін» дегені – білермендіктің белгісі. Әрі қарай қалай болады – оны да көре жатармыз.
Ең бастысы, қатарластарыңнан қалып қоймау. Бізден кейінгі келе жатқан буын сендерсіңдер, сол бір шоғыр жұлдыздан өз орныңды ала білу үшін әрекет, тек әрекет керек. Көріну керек, танылу керек», деп Сағат ағамыз бір сағаттан аса әңгіме шертіп айызымды қандырды. Көкірек көзіміз ашылып, ұлағатты ғұламаның дәрісін тыңдағандай сергек шықтық. Уақыт тар болмаса, тыңдауға біз бармыз. Ол кісімен аралас-құралас болғанымның пайдасы көп тиді, кейін кітап алып оқитын болдым.
Сағат ағаның әңгімесі біраз серпілтіп, бір мезет болса да санаға сәуле түсіргендей... Мысалға, сол сәуленің әсерінен, міне, күнделік жазып, оқитын кітаптарымды реттеп отырмын. Ұзағынан сүйіндірсін.
17 тамыз 1984 жыл
Үйге Сағат Әшімбаев пен Төлен Қаупынбаев ағаларды жеңгелеріммен шақырып, қонақ еттім. Жасы үлкен сыйлы ағаларым болғандықтан сәл абыржып, ыңғайсызданғаным бар. Ыңғайсызданып отырғаным, үлкендермен шүйіркелесу оңай емес. Сәкең әңгімеге бір кіріссе, тоқтата қою қиын. Сөзінің дені маған шын көңілімен ағалық ақыл айту болып келеді. Әріге кетсе де, әйтеуір иіп әкеп маған тірейді. Өкініші көп, енді оны мен сияқты інілерінің қайталамауын тілейді. Иә, магнитофон қосып жазып алар ма еді, әттең. Өмір, күрес, жағдай, әрекет туралы айтқандарын тыңдау былай тұрсын, әр бөлігін бөлек-бөлек жазып алып, тұмар қылуға жарайды. Ал Төлен ағаны тереңінен, жаңа бір қырынан танығандаймын. Иә, Сағат аға айтпақшы, жолы болмай жүр. Жан-жақты сауатты. Өмірден көргені көп, түйгені мол. Маған айтары: ырду-дырдудан аулақ бол, біз кезінде көсіліп жүріп көп нәрсені ұмыт қалдырыппыз. Тек оқу, жазу керек екен...
Сағат аға түйіп айтты: «Бар нәрсе күйіп бара жатса да, өз мақсатыңнан айныма, қолыңда қаламсап, алдыңда қағаз – соны ғана біл... жаз, жаз да әкел, өзім-ақ шығарамын...»
Әңгіме арасында өзінің де прозаға ауыспақ ниеті барын айтып қалды. Нарынқол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рауан Әріпов Сәкеңді біреулерге «біздің Сағат сатиригіміз» деп таныстырыпты... Сәкең осыны айтып күліп, маған: «Так что, сын мен сатира көп жағдайда туысады, нысанасы бір, критерийлері үндеседі. Беліңе сатира атты сын садақты ілген екенсің, тоқтама, қазіргің дұрыс, бірақ тоқмейілсіме, Сүйіндік бабаңның әруағы қолдасын», деп бата берді.
Төлен ағаның үйіндегі жеңгей ақжарқын, қарапайым әңгімені келістіріп айтады екен. Жеңгейдің: «Дұрыс көңілмен шақыратындар осылай жұмаға шақырады. Орташа сараңдар сенбінің кешіне, тіпті сараңдар жексенбіге шақырады... Ағаларың отырғанда көңілді отыр, сөйлеп отыр. Үндемеу – өнер емес деп келеді де, үйге барған соң, артық кеттің деп сөгеді...» дегені есімде қалыпты.
Ал жазушы емес пе, Шәрбану жеңгей әліптің артын бағып, табиғат берген тұйықтық болу керек, сөзге көп араласпайды. Араласса дөп айтады, әріден тартып түйіп айтады. Жеңгейдің: «Берік қайным, білуімше, ел жағынан Сәкең екеуің аталас екенсіңдер. «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақтан» деген тіркесті ел-жұртың бекер айтпаған, ағаң да сүйкеудің шебері, сен де құралақан емес екенсің. Негізі сын мен сатираның тегі бір емес пе, екеуіңе сол қасиет қонған. Ұзағынан сүйіндірсін. Ал, келін шырақ, өзің де көріп жүрген шығарсың, бұлардың бабын табу оңай емес...» деп келініне қарата менің жаныма майдай жаққан сөздерді тоғытқанына да риза болдым.
Сағат аға: «Ұзақ ғұмыр берсе екен... Ойдағыларым он тарау, ойыма оралып сап түзей қалса, қапаланамын, қажыр-қайратым жетеріне сенімдімін. Бірақ уақыт шіркін қуырып барады. Өзім жетім өскенім жетеді, балаларымның басына бермесін. Қазіргі жастарға жының келеді – ішіп-жеу, бәсеке, ырың-жырың, басқа түк жоқ. Баяғыда Плеханов айтқан екен: «Социализм бәрін жеңеді, тек мещанстводан түбі жеңіледі» деп. Қарап отырсаң, соған келе жатырмыз. Күннің өзі теңізден қоректенеді екен...»
Төлен аға: «Сағат философтардан цитата келтіріп, философиялық түйіндер айтып отыр. Негізі, сол философияны жаттанды түрде емес, әріден, тереңінен, негізін білген болса, кез келген мәселені, мысалы, бағанағы айтқан әйел дауы, өлім, тағы басқаларды талдап түсіндіру оңайға түсер еді. Бізде осы жағы жетіспей ме деп қорқамын...» деп кідіргенінде, Сәкең: «Дұрыс айтасыз», деп сәл бөгеліп үндемей қалды.
Иә, мұндай кісілерді таңды таңға ұрып тыңдай бергің-ақ келеді. Олардың айтқан аталы сөздері кеудеме өзгеше шырақ жағып, еріксіз ерекше ойға қалдырды.
* * *
Ауылдан келіп, жазушылыққа жаңадан араласа бастаған Тұрсынжан Шапайдың жазған материалдарына риза болған Сағат аға «Жазушы» баспасына өзі барып танысыпты. Тұрсекеңнің айтуы бойынша ол оқиға былай болыпты. Мен кезекшілікте жүріп Тұрсынжанға «Қазақ әдебиеті» газетіне материалының шығып бара жатқанын айтамын. Ертесінде Тұрсекең киоскіге ерте барып, газет алады. Бұл жұма күні болса керек. Содан дүйсенбіде Тұрсынжан жұмысында отырғанда Сағат Әшімбаев кіріп келіп, көптің көзінше: «Осында Тұрсынжан деген қайсысың?» дейді. Сәкеңді суретінен танитын Тұрсекең орнынан лып етіп тұрып: «Менмін», дейді. Сөйтсе, Сәкең баспаның бас редакторы Мұхтар Мағауинмен әңгімелесіп отырып, «Қазақ әдебиеті» газетіне бір өте тәуір сын мақала шыққаны сөз бола қалғанда, Мұхаң: «Ол мақаланың авторы Шапаев бізде қызмет істейді...» деп қалады. Содан Сәкеңнің осы бөлмеге келген беті екен. Мақаласына ризашылығын білдіріп: «Інім екенсің, хабарласып маған келерсің, кең отырып әңгімелесеміз», деп жөніне кетіпті.
Бұл эпизодты тілге тиек етіп отырғаным, Сағат Әшімбаев қашанда баспасөз бетіндегі елеулі материалдарды қалт жібермей, ал ондағы елді елең еткізер мақала атаулыны құныға оқып, ал ол жарияланым көңіл төрінен орын алса, соның авторын іздеп тауып, ризашылығын білдіретін. Яғни сарабдал сыншының талант атаулыны талабынан танып, мүмкіндік болғанша онымен сұхбаттасып, ақыл-кеңесін айтып, жөн-жоралғылы пікірін білдіруді дағдыға айналдырғаны тағылымды дүние болса керек. Өз басым ондай тәлімді қарекеттердің бірнешеуінің куәгері болғаным бар.
Талантты қаламгер жөнінде ықыласы айрықша еді. «Талантты адам қынсыз қылыш сияқты» немесе «Талантты жазушы көргенін де, көрмегенін де жасыра алмайды» деген қанатты сөздері шығармашылыққа шынайы көзқарас тұрғысынан айтылғаны анық.
Сарабдал сыншы шығармашылық ортаға имене енген таланттың айналасына ықпал-әсерін былайша бедерлейді: «Әдебиетке өзгеше бір талантты жазушының келуі, оның қаламынан жақсы шығарманың тууы ұлттық игілік, табыс екендігіне сөз жоқ. Ал ол сонымен бірге белгілі бір дәрежеде өміршең өнердің өнегесін ала келеді. Яғни басқа жұрт соған қарап бойын түзейді, жазудың қиындығын сезінеді. Шынайы таланттың келуі тазалыққа, адалдыққа жол ашып, халтураның жолын бөгейді. Белгілі мәтелге салып айтсақ, кемел талант кемесі келгенде халтураның қалтыраған қайығы судан шығады».
* * *
Бірде қызмет орнына барып едім, келгенімді құп көріп, біраз әңгіменің бетін қайырып барып: «Шығып жүрген сатиралық әңгімелерің дұрыс. Ал не бітірдің, бар жазған әңгімелеріңнің жалпы саны қанша?» деп сұрақты төтесінен қойғаны. Қосыңқырап, 70-тен асты дегенім де: «Аз, қысқа әңгіменің классигі Антон Чехов 700-дей әңгіме жазыпты, Бунин сараптай келе оның 48-ін ғана мықты, еш уақытта құнын жоймайды депті.
Ал қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов 5 томдық таңдамалы шығармаларын баспадан шығарғанда, сыншылар қауымы онысын қомсынды. Азсынды. «Мұхтар Әуезовтікі – 20 том, Сәбит Мұқановтікі – 12 том. Сіздікі – 5-ақ том. Бұл қалай? Болмайды, Ғабе. Құрығанда 10 томдығыңызды дайындаңыз» деп жанашырлық танытты. Міне, қызық. Екі-үш жылдан соң жарықтық Ғабең 5 томын сұрыптап, 3 томға түсірді. Таңғалғандарға сөз зергері былай деп жауап берген екен: «Осы 3 томымның ішіндегі екі-үш әңгіме жиырма жылдан соң оқыла ма, оқылмай ма? Білмеймін».
Әркімге әрқилы көзқарас тудыратын, алайда күллі әлем жаппай оқып жатқан жапондық Мураками кезекті бір сұхбатында: «Жазғандарыңды өзің өлгеннен соң, отыз жылдан кейін қайта басып шығарса, классик сол. Ал енді көзің тіріде жазғандарыңды оқитын жан табылмаса не болғаны» деп жазыпты...» деп айтқан салмақты сөзі күні бүгінге дейін көкейімде сақтаулы қалыпты.
* * *
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихымызда орны ерекше екені белгілі. Сол оқиғадан кейін Сағат аға мені шақырып, бір тапсырма беріп отырып: «Өткендегі Қазақстанға басшы болып келген Колбиннің Жазушылар одағында болған кездесуіне қатысқан шығарсың?» деп қалды. Мен ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүргендіктен, «қатысқан шығарсың?» деген сұрағына бас изедім.
...Сәкең тұнжырап біраз отырды да, жиында сөз сөйлеген айбынды ақын Жұбан Молдағалиевтің: «Мен қазақтың ұлын қорлап, қызын қарға отырғызып, шашынан сүйреп жатқанын көргенше, соғыста өлуім керек еді!..» деген сөзін нығарлай қайталап: «Жұбағаңа құлдық! Бұдан былай Жұбағаңа бас иіп, заманға кетер ана семсер де өрелі сөзі тарих таспасында өшпестей болып қаларына сенімдімін!» дегенінде, менің ойыма сол оқиғаға байланысты беделді де елге танымал азаматтарымыздың: «Бұдан асқан оңбағандық жоқ! Біз масқара болдық, ұлтымыз масқара болды! Мына бұзақылыққа қатысқан оңбағандарды атып тастаса да, артық болмайды!» «Бұл – біздің кінәміз. Біз оңбаған ұрпақ тәрбиелеппіз. Жексұрындарды аямау керек!» деген кесірлі сөздері ойыма оралып тұнжырап, төмен қарадым.
Сәкеңнің Жұбан Молдағалиевтің қаһарлы сөзін тілге тиек ете айтқан қысқа да нұсқа сөзінен арлы адамның бүкіл қайраткерлік болмысы сезілгендей... Күнделігіндегі: «17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан жоғың жақсы» деп жазылған сөздері жан күйзелісінің көрінісі болса керек.
Ал сол Желтоқсан көтерілісінің бүкіл көрінісінен хабар берер телетаспаның түсірілуіне байланысты шет-жағасы бұған дейін айтылып келген, қауіпті де қатерлі операция туралы жайтты тағы бір мәрте еске түсірелік.
Алаңда болып жатқан шеруді видеоға жазып алуды сол кездегі Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаев (сол кезде комитет төрағасы Мәскеу қаласында жүргендіктен) тәжірибелі оператор Рубикжан Яхинге тапсырады да, түсірген таспасын өзіне тікелей әкелуді ескертеді. Қызметкер тапсырманы тиянақты түрде орындап, таспаны әкеп тапсырады. Содан Сәкең оператор әкелген таспаны дереу көшіртіп алады да, түпнұсқаны бөлмесінде тұрған темір сейфтің ішіне емес, оның сырт бөлігіндегі жоғары орналасқан табанына желімдеп тастайды. Ертесіне қауіпсіздік органдарының қызметкерлері келіп таспаны сұрағанда, оларға көшірмесін ұсынады. Ал біз көріп жүрген Желтоқсан көтерілісі жөніндегі көрсетілімдер – сол тиісті орындардың «қырағы көздерінен» «сұрыпталып» барып рұқсат етілген көріністер екен. Ал ана таспаның түпнұсқасы сол күйінде қала берген. Яғни Сәкең оны бір күні сенімді інісі, спорт комментаторы Рабат Жәнібековке тапсырады. Ағасының бұл құпия ісіне аса жауаптылықпен қараған Рабат таспаны Алматы маңындағы Өжет аулындағы танысының үйіне апарып, ешкімге көрсетпеген қалпы жерге көміп тастайды да, араға бес жылдай уақыт өткенде Сағат Әшімбаевтың өзіне табыстайды. Ол таспаның содан кейінгі жағдайын Сәкеңнің жұбайы Шәрбану Бейсеновадан білгенімізде: «Кейінгі кезде таспаның толық нұсқасын көруге ұмтылып едік, одан бері техникалар нешеме өзгеріп, оны көрсететін аппараттардың реті болмай тұр. Таспаны сол күйінде Алматыдан Астанаға көшкенде құнды дүниенің бірегейі ретінде өзімізбен бірге ала келгенмін. Алдағы уақытта оны Телерадио орталығының мұрағатына тапсырайық деп шештік», деді.
Міне, азаматтық, міне, көрегендік...
Ал әдебиет әлеміндегі «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» пен «Азаматтыққа адалдық» атты кітаптары – Сағат Әшімбаевтың әдеби-эстетикалық әлемі – туындыларының аты мен затынан көрініп тұрғандай тереңдік пен кемелдіктің, азаматтық пен адамгершіліктің әлемі. Ол – сыншы мұратының, талантқа тағзымның, парасатқа құштарлықтың, шындыққа сүйіспеншіліктің, ақиқатқа іңкәрліктің әлемі, шындықты жазып қою ғана емес, күнделікті өмірде ұлт мүддесін айтып та, айтысып та қорғаған қайраткер.
Негізінде қазақтың философиялық сыны тарихындағы ерен тұлға Сағат Әшімбаев өз кезеңінде белгілі тележурналист, ұшқыр ойлы көсемсөзші де бола білді. Алғашқы «Жүректен қозғайық» бағдарламасы оның тележүргізуші ретіндегі қоғамның кертартпа мәселелерін ашық айтқан ойлы да өнегелі бастамасы ғана еді. Ал атажұрттан тыс жерлерде тұратын қандастарымыздың арасында болып, түсіріп қайтқан «Қауышу» атты жазбасын да қалың көпшілік тұшына қабылдаса, келесі «Парыз бен қарыз» бағдарламасында қазақ халқының жүрегін жаулап, одан да көп аудиторияның назарын аударды. Бұл жоба аясында алғаш рет ұлттық бірегейлікті ояту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды. Бұл хабардың қоғамдық сананың қалыптасып, ұйқыдағы ойдың оянуына, ұлттық сана-сезімнің сілкініске келуіне айрықша серпіліс әкелгені айдан анық.
Түйіндеп айтсақ, ағыл-тегіл ақылшымыз, әрқашан талантқа қамқор Сағат Әшімбаев өзінің суреткерлік биік тұғырымен, азаматтық берік ұстанымымен қазақ әдебиетінің тұтас бір буынының көркемдік көзқарасының қалыптасуына ерекше ықпал еткені сөзсіз.
Берік САДЫР,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты