• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Инвестиция 26 Сәуір, 2024

Инвестиция тартудың тетігі

59 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің бірінші орын­басары Роман Скляр инвес­ти­­циялар тарту жөніндегі кеңес­тің отырысын өткізді. Жиында эко­номиканың әртүрлі сектор­ындағы маңызды жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Теміржол саласын дамытуды талқы­лау барысында «Бақты-Аягөз» жобасы қаралды. Жоба өңірдегі логистика мен инвестициялық ахуалды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие. Кеңес жобаны жеделдетіп іске асыру қажет екенін атап өтіп, оны жобалау мен құрылыс жұмыстарын қатар жүргізу үшін ерекше реттеу объектілері қатарына жатқызу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ отырыс барысында инвесторларда туындаған проблемалық мәселелерді шешу жолдары қаралды.

Атап айтқанда, Ұлытау облысында темір концентратын өндіретін байыту фабрикасы салынып жатыр. Онда сенсорлық байытудың инновациялық технологиясы қолданылатын Германия мен ҚХР-дан әкелінген жабдықтарды пайдалану жоспарланған. Дегенмен өндірілген темір рудасында бариттің көп болуына байланысты шойынды одан әрі өндіру үшін қажетті темір концентратын алу мүмкін емес. Осыған байланысты инвестициялық міндеттемелерді ауыс­тыру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, кеңес «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның қазақстандық-германдық жұмыс тобының жобаларын іске асыру барысы туралы баяндамасымен танысты.

Қазақстан мен Германия арасын­дағы екіжақты тауар айналымында оң динамика байқалады: 2022 жылы 24,7%-ға және 2023 жылы 41,3%-ға өскен. Айта кетейік, Қазақстан – ГФР-дың топ-50 сауда серіктестерінің қатарында және Орталық Азиядағы негізгі серіктесі.

Бүгінде Қазақстандағы герман жобаларының жалпы пулы 63 жобаны құрайды, жалпы құны – шамамен 54,4 млрд доллар. Нәтижесінде, 14,7 мың жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 32 жоба іске асырылды, бұл өз кезегінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.