• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2024

Батыс Қазақстан облысында жалғызбасты әке баласын белдікпен ұрған

274 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны кішкентай баласына дене жарақатын келтіргені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бәйтерек ауданының №2 сотында Батыс Қазақстан облысының тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігімен қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

«Құқық бұзушы 2019 жылы туған кішкентай ұлына белбеуімен қасақана дене жарақатын келтіріп, сол арқылы оның денсаулығына зиян келтірген. Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, кешкі уақытта кішкентай ұлының ойнап жүргенін, өзіне бағынбағанын, сондықтан оны белбеумен жазалағанын түсіндірді. Ол екі кішкентай баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Анасы ата-ана құқығынан айырылған және олармен бірге тұрмайды. Жәбірленушінің заңды өкілі – Бәйтерек аудандық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілі сот отырысында істің мән-жайын растап, баланың сөзінен әкесінің ұрып-соққаны белгілі болғанын түсіндірді», делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысымен баланың әкесі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.