• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 30 Сәуір, 2024

Зейнолла Сәнік атындағы баспагерлік орталық

139 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­тық университетінің ­жур­­­налистика факультетін­де ­«Қа­зақ­стандағы баспа ісі және ­Зей­нолла Сәніктің баспа­герлік, ре­дак­­торлық қыры» та­қы­рыбында республикалық конференция өтті.

Конференция аясында «Зей­нол­ла Сәнік атындағы мәдениет қорының» демеушілігімен З.Сәнік атын­дағы баспагерлік-редак­тор­лық орталық ашылды.

Жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы тұлғаның шығармашылық мұрасын зерттеу мен насихаттауға арналған алқалы жиынды факультет деканы Темірғали Көпбаев жүргізді.

Ұшан-теңіз мұрасы оқырманға жол тапқан қаламгердің өмірі мен шығар­машылығы хақында ой толғаған рек­тордың ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры­ Жәмила Айтжа­нова «Зейнолла Сәнік – қазақты сүюдің жарқын үлгісін көрсеткен тұлға. Бүгінде жазушы еңбектерінің ғылыми айналымға енуі студенттер мен зерттеушілер үшін көптеген деректерді ашуға мүмкіндік береді.  Қара шаңырақта жазушы атындағы қордың демеушілігімен орталықтың ашылуы студенттердің заманауи технологияларды, баспа ісіндегі жаңа әдістерді игеруіне  ықпал ететін болады» деп атап өтті.

Жиын барысында заманауи жабдық­талған орталықтың ашылуына қолдау көрсеткен отбасына – жазушының жұ­байы Шәмшібану Хамзақызына, ұлы Қанат Зейнолаұлына университет бас­шылығы алғыс айтып,  құрмет көрсетті.

«Ғұлама жазушы Зейнолла Сәніктің Қытай елінен әкелген этнографиялық дүниелері, әпсаналары, ойлары, аудар­ған шығармалары, төл еңбектері қазақ руханиятының байлығына айналды. Қазақтың маңдайалды Қабдеш Жұ­ма­ділов, Жағда Бабалықұлы, Дәнеш Рақышевтай тұлғалары алпауыт ел­дің жетегінде кетпей, жинақтап елге алып келген бай мұрасын қазақтың иглігіне пайдалануға табыс етті. Мұ­ра­ға қалдырды. Қаламгердің шығар­машылық қорындағы құнды еңбек­тері өскелең ұрпақтың ұлттық мұра­лары­мызға қанығып өсуіне ықпал етіп, өр­кениетімізге әлі де талай жылдар азық болатыны анық», деді Қазақстан Жазу­шы­лар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Алқалы жиын әрі қарай ақын Ұлық­бек Есдәулет, «Атамұра» корпо­ра­циясының президенті Рақымғали Абрарұлы, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, тағы да басқа зиялы қауым өкілдерінің өзекжарды пікірлерімен жалғасын тауып, жазушының  шығармаларындағы көр­кемдік ізденістер туралы филология ғылымдарының докторы, профес­сор Гүлжаһан Орда, филология ғы­лым­дарының кандидаты Дүйсенгүл Жахан баяндама жасады.  Жазушының шығармашылық  мұрасы, баспагерлік қыры, редакторлық шеберлігі туралы ой бөлісе келіп,  жиынға қатысушылар ұлттық баспа ісінің дамуы, электрондық кітап нарығындағы өзекті мәселелерді де ортаға салды.

Осы орайда еліміздегі баспа ісі, редакторлықты шебер меңгерген қаламгердің рухани мұрасын насихаттауда атқарылып жатқан игі істермен бөліскен «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының»  төрағасы, ақын Серік Қалиев: «Жазушы, баспагер Зейнолла Сәнік қырық жылдан астам уақытын ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ел ішіндегі фольклорды жинап, оны баспадан кітап етіп шығаруға арнады. Шетелдегі қандастырымыз арасында ақын-жазушылар көп болғанымен, редактор-баспагер болған тұлғалар некен-саяқ. Сондықтан да қаламгердің қашанда баспагерлік, редакторлық қыры айшықталып, тұлғасын биіктетіп тұратын. Шетелдегі қазақ баспа ісінің дамуына, дер кезінде құнды дүниелердің кітап болып жарыққа шығуына ұшан-теңіз сіңірген еңбегі соның айғағы» деп атап өтті.

Тарихи отанына 2000 жылдары орал­ған жазушы Зейнолла Сәнік өмірінің соңына дейін қаламгерлікті қару етіп, зерттеулермен, баспагерлік іспен айналысты.

1935 жылы  Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында дүние­ге келген қаламгер орта мектепті бітір­геннен кейін 1953-1958 жылдары Бейжің­де Коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мектебінде тәлім алып, жас­тар одағында еңбек етті. Өмірінің сегіз жылын  «халық жауы» қамытын арқалай жүріп өткізген жазушы Үрімжідегі «Жастар баспасында», «Халық баспасында», «Шыңжаң жастар өрендер» баспаларында редакторлық, аға редакторлық қызметтерін руха­ният­қа, жастар бойында­ құндылықтарды дәріптеуге бағытта­­ды. Қазақтар көп қоныстанған аудандарға шығып, дас­тандар, шежірелер, батырлар туралы аңыздарды, жыраулардың шығармаларын жинап, жазып алып,  аударған еңбектері Қытайдағы талай қазақ баласының рухани азығына айналды.  1978 жылы ақталғаннан кейін баспа ісін қатар ала жүріп, екі томдық «Қазақ балалар» ертегісін жазды. Бүгінде қаламгер қаламынан шыққан «Тау жұлдызы», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ этнографиясы», «Қа­зақтың тұрмыс-салт білімдері», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Табиғат тәлімі», «Хан батыр Қабанбай», «Қайрақбай», «Басбай», «Сергелдең», «Із», «Тұғырыл хан – Демежан батыр», «Сү­леймен би», сондай-ақ 15 томдық шы­ғармалар жинағы ұлттық әдебиет қо­ры­ның мазмұнын байытып тұрғаны анық.

Іс-шара аясында студенттер арасында ұйымдастырылған байқау қорытын­дысы жарияланып, «Үздік баспасөз жария­ланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша 20-дан астам студент Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақының иегері атанды.

Жиын соңында жазушының шығар­ма­шы­лығына арналған  «Өмірінен үзік сыр­л­ар» кітап және фотосурет көрмесі өтті.

 

АЛМАТЫ