Еліміздің қорғаныс істері құрылымдары қатарында әскери-теңіз күштерінің де өзіндік орны бар. Бұл бірегей әскери бөлім 1993 жылғы сәуірде Президенттің Жарлығымен құрылды.
Қарулы Күштердің бұл әскер түрі батыс стратегиялық бағытында қол сұғылмаушылықты, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғауға арналған. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мемлекеттің аумақтық тұтастығын көздің қарашығындай қорғау, ел егемендігі мен экономикалық мүдделерін сақтау сынды ауқымды міндеттерді орындайды. Теңізде жүзудің навигациялық-гидрографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметтерімен бірге іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді, мемлекеттік органдарға табиғатты қорғау және бақылау функцияларын жүзеге асыру кезінде көмек көрсетеді.
Қазіргі кезеңде Әскери-теңіз күштеріне жағалаудағы байланыс, теңіз жаяу әскерлері, арнайы мақсаттағы және қамтамасыз ету бөлімшелері кіреді. Әскери кемелер заманауи қару-жарақпен жасақталған.
Биыл «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Жаттығу барысында теңіздегі көріністер, десант түсіру, бірлескен артиллериялық атыстар мен жауынгерлік жаттығулар пысықталады. Әскери-теңіз күштерінің құрамында отандық және шетелдік соңғы үлгідегі кемелер бар. Елдің қорғаныс-өнеркәсіптік кешені бұл әскерді заманауи техникамен қамтамасыз етеді.
Былтырдан бері Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында әскери теңізшілерді «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялар» мамандығы бойынша даярлау жүзеге асырылып келеді. Теңіз мамандығының негіздерін болашақ штурмандар мен механиктер Ақтөбе әскери оқу орнындағы әскери-теңіз пәндері кафедрасында, ал бейіндік пәндерді үшінші-бесінші курстарда – Ақтау қаласының Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің базасында меңгереді. Әскери теңізшілерді Ақтау қаласы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығу орталығында да оқытады, онда жас буын кеме қызметінің ұйымдастырылуымен және олардың құрылысымен танысады.
Әскери-теңіз күштері офицерлерінің біліктілігін арттыру және оқыту Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Кореяның жетекші әскери оқу орындарында ұйымдастырылады.
Кәсіби шеберлік, жанқиярлық қызмет және рухтың беріктігі – әскери теңізшілерді ерекшелейтін қасиеттер. Оларға елдің бірлігін, аумақтың тұтастығын және экономикалық мүдделерді қорғау жөнінде аса жауапты міндеттер жүктелген. Әскери теңізшілер құрылған уақыттан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде қарт Каспийдің атырабында ұйымдастырылған барлық кешенді жаттығуда өздерін білікті маман ретінде танытты, жүктелген оқу-жаттығу, жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындады. Әскери-теңіз күштері алдағы уақытта да Каспий теңізі секторында егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін, тәуелсіздігі мен ел тұтастығын сақтау жолында қапысыз қызмет ете беретін болады.